Қостанай қаласының №2 сотында әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы Майдашаш Жұмағалиға, оның қызы Камила Бимендинаға және Пешков психоневрологиялық интернат-үйінің директоры Дамира Әбелдиноваға үкім оқылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, әйелдер ҚР ҚК-нің үш бабы бойынша кінәлі деп танылды: 128-бап «Адамды өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып жалдау, тасымалдау, өткізу», 126-бап «Бас бостандығынан заңсыз айыру», 362-бап «Билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану».
Сот үкімі бойынша Майдашаш Жұмағали 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Дамира Әбелдинова 6 жылға сотталды. Екеуі де жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Ал Камила Бимендина 6 жылға шартты түрде сотталды.
Сотталғандар Пешков интернатындағы әрекетке қабілетсіз Гүлбаршын М. есімді қызды елордадағы «Забота» жеке пансионатына заңсыз әкеткен. Пансионат Камила Бимендинаға тиесілі болды. Науқас Астанада лас жұмыс үшін пайдаланылды. Тергеу мәліметтері бойынша, пансионатқа қызды Майдашаш Жұмағали жіберген, оған интернат директоры Дамира Әбелдинова көмектескен.
Науқасты 2021 жылдың желтоқсанында интернаттан алып кеткен. Әбелдинова барлық қызметкерлерге Гүлбаршын М.-ді туыстарына демалысқа жіберетінін алдын ала айтқан. Алайда, әріптестері оның сөзіне сене қоймайды. Өйткені ол интернатта тұрған жылдары оған ешкім келіп, жағдайын білмеген.
Айта кетейік, жылына бір рет интернаттағыларды туыстары үш айға демалысқа алып кетуге құқықы. Алайда, осы мерзім өткеннен кейін науқас қыз орталыққа қайта оралмаған. Сондықтан интернат қызметкерлері дабыл қағып, оны іздей бастаған.
Кейін Гүлбаршын М. елордалық пансионаттан қашып кеткені белгілі болды. Оны еріктілер тапқан. Денесі көгеріп, қатты арықтаған қыз орталыққа жеткізілді. Ауруханада медициналық тексеру кезінде одан гинекологиялық дерт анықталды.
Фото: ашық дереккөз