Әлеуметтік желіде Арқалықтағы ауруханалардың бірінде келуші мен дәрігердің төбелескені түсірілген видео пайда болды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz.
Видеоны Telegram-дағы Egov.press арнасы жариялады.
Бейнежазбадан жанжалдан кейін медициналық мекемеге келген адам дәрігерге жұдырық ала жүгіргенін көруге болады. Дәрігер де төбелесе жөнелген. Оларды кабинеттегі адамдар ажыратқан.
Жазбада видеода түсірілген жағдай Арқалық ауруханасында болғаны айтылған. Бұл жағдайға Қостанай облыстық Полиция департаменті өкілдері түсініктеме берді.
Полицейлердің мәлімдеуінше, жанжал былтыр наурызда болған.
Дәрігер мен келушінің арасында жанжал туындап, екеуі бір-біріне дене жарақатын келтірген. Қалалық соттың шешімімен дәрігерге қатысты материал құқықбұзушылық белгілерінің жоқтығынан тоқтатылды, — деді департамент өкілдері.
Полицейлердің мәліметінше, емдеу мекемесіне келген адамға 36 225 теңге айыппұл салынған.
Фото: видеодан скрин