Дастан Кенжалин: Қазақ спорт журналистикасын дамыту үшін өз арамызда бірлік керек

БАҚ саласында кенже дамып келе жатқан өріс спорт журналистикасы еді. Салалық журналистиканың шоқтығы саналатын осы бағытты дамыту соңғы жылдары қарқын алып келеді.

Сан қатпарлы спорт тақырыбын қаузайтын қарымды журналистерді даярлау кәсіби түрде қолға алынды. Бірнеше жылдан бері елімізде спорт журналистикасы жоғары оқу орындарында арнайы пән ретінде оқытылады.

Орта буын өкілі саналатын белгілі спорт журналисі, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты Дастан Кенжалинмен әңгімеміз де осы саланың сан қатпары турасында өрбіді.

— Спорт журналистикасын таңдауыңызға кім себепкер болды?

— Спорт журалистикасын таңдауымның себебі спорт болды. Мен бала кезімнен спортты жақсы көріп келемін. 1978 жылы Алматы қаласында туып, 10 жасыма дейін атам мен әжемнің қолында өстім.

Бал дәурен балалық шақта бәріміз де асық ойнап, доп теуіп өстік қой. Мен де ауылда (бұрынғы Торғай облысы Арқалық ауданына қарасты «Қайыңды» совхозы) таңның атысынан кештің батысына дейін ойын жасындағы бала болып, Дәурен ініммен және Еркін жиен ініммен ойынның түр-түрін ойнап өстім.

Ауылда 1985-1988 жылдары бастауыш класта оқып жүргенде біздің үйге газет-журналдар көп келетін. Менің атам – Омар Кенжалыұлы сол кезде ауылдың почтальоны болатын. Ол кісінің негізгі мамандығы зооветеринар еді.

Атамның өзі де аудандық газетке материал жазып тұратын. Ал әкем Жұмабек Омарұлы Кенжалин де журналист, публицист, қазіргі тілмен айтсақ, медиаменеджер болды.

1980 жылдардың ортасында біз ойын баласы болғаннан кейін газет-журналдарды оқымасақ та суреттеріне қызыға қараушы едік. Сол кезде мен бірінші рет Марадонаның суретін көрдім. Одан басқа АҚШ-тан Совет Одағына келген Саманта Смит пен құқық қорғаушы Анжела Дэвис туралы материалдар мен солардың суреттері көп берілетін. Ауылдағы үйде спорт туралы кітаптар да болды.

1988 жылы Алматыға барғанда үйдегі «Мексикадағы футбол тойы» деген кітапты көрдім. Бұл кітап қазір де біздің үйде тұр. Өзім кішкентай кезімнен футболды жақсы көріп, доп теуіп өскендіктен бе осы кітапты өзіме жақын тарттым. Кітапты ашып, парақтап қарасам, 1986 жылы Мексикада өткен әлем чемпионаты туралы жазылған екен. Ал кітаптың авторы – сол кезде «Лениншіл жас» газетінің журналисі Несіп Жүнісбаев екенін білдім. Несағаңды мен сол кезден бері біледі екенмін.

Басында Несағаңның кітабын көрген бетте оқып шықтым деп айта алмаймын. Оны кейінірек, есейгенде оқып, кітаппен толығымен танысып шықтым. Сондағы суреттерге, ішіндегі фактілерге қызықтым. Өзімнің бала кезімнен кумирім болған Марадона, сол кездері Совет Одағы мен Киевтің «Динамосының» жаттықтырушысы қызметін бірге атқарған Валерий Лобановский мен оның ойыншылары туралы материалдарды қызыға да құныға оқып шыққаным рас.

1988 жылы Германия Федеративтік Республикасында (Батыс Германияда) футболдан Еуропа чемпионаты болды. Оны теледидардан үзбей қарап шықтым. Әкем, Жандос інім үшеуміз екі топқа бөлінген 8 команданың ойынын қарадық. Бұл сында КСРО құрамасы екінші орын алып қалды. Бірақ чемпион болмаса да чемпионға бергісіз ойын өрнегін көрсетті. Сол кезде біз ауладағы бірнеше бала болып футболшылардың атын жейдемізге тігіп, номерлерін жабыстырып ойнағанымыз бар. Маған Аргентина мен Голландия құрамасы қатты ұнайтын. Оңтүстік Америка мемлекеті құрамасындағы кумирім Диего Армандо Марадона, Қызғалдақтар елі командасындағы кумирім Рууд Гуллит, ал КСРО жасағындағы кумирім Олег Протасов болды. Жандостың кумирі – Голландия құрамасының қорғаушысы Рональд Куман. Асқар нағашы інімнің кумирі — КСРО құрамасының жартылай қорғаушысы Александр Заваров. Бауыржан деген көршіміз Марко ван Бастеннің ойынын ұнататын.

Алматының «Қайрат» клубының ойындарына да барып жүрдік. Ұмыстасам, 1988 жылы 14 мамырда әкем, Жандос үшеуміз «Қайраттың» Вильнюстің «Жалгирись» командасымен ойынына барған едік. Бұл ойында жерлестеріміз 1:2 есебімен жеңілсе де жақсы ойнады. Трибунада жанкүйерлердің Евстафий Пехлеванидиді «Пеха, Пеха!», деп ойынға қайрағаны есімде қалыпты. Бұл командада Асқар Қожабергенов, Сергей Волгин, Вахид Масудов, Фанас Салимов пен басқа да тамаша футболшылар өнер көрсетті.

Одан кейін Оңтүстік Кореяда жазғы Олимпиялық ойындар жалауын көтерді. Олимпиадада КСРО құрамасы финалда Ромарио бастаған Бразилия командасын жеңіп, чемпион атанды.

1988 жылы Алматыға келгенде ауладағы балалармен танысып, күн сайын футбол ойнайтынбыз. Содан кейін дәптерге КСРО, әлем, Еуропа чемпионаттарының кестесін жасайтынбыз. Асқар нағашы інім екеуміз басқа елдердің де ұлттық чемпионаттарындағы болмаған ойындардың барлық турдағы есебін жазып, өзімізше командалардан чемпион жасайтын едік. Ал менің спорт журналист болуыма әкем мен Несіп Жүнісбаев түрткі болды.

Мен мектепте, университетте оқып жүргенде Несағаңды сырттай білуші едім. Бірақ, жақын араласып көргенім жоқ. Сол кезде Несағаңның «Лениншіл жастан» кейін «Спорт» газетінде істегенде қазақ спорт журналистикасының дамуына көп еңбек сіңіргенін білемін. 1990 жылдардан бері «Спорт» газетін басқарған кезде Несағаңның қарамағында істеген журналистердің бәрі жаман болған жоқ. Бәрі де жақсы журналист болып кетті. Қазір олардың бәрі өз орындарын тауып, әр салада еңбек етіп жүр.

Несағаңмен алғаш рет 2000 жылдардың басында көзбе-көз жүздесіп, сөйлестім. Әкем мен Несағаң бір поезда Астанаға келген еді. Сол кезде әкемнің жақын досы белгілі журналист Болатбек Орманов екеуміз ол кісілерді күтіп алып, көлікте кетіп бара жатқанда менің «Астана ақшамы» газетінде істеп, әр түрлі тақырыпта жазып жүргенімді білетін Несаға: «Дастан, сен әр тақырыпқа бара бермей, өзіңе жақын тақырыпты жазсайшы. Мәселен, спорт деген жақсы тақырып қой. Осыдан бастамайсың ба?» деп өзінің жанашырлық ойын айтып еді. Әкем де оның сөзін қолдай кетті.

-Несаға дұрыс айтады, — деді әкем.

Содан кейін Несағаңның сөзін ескеріп, «Астана ақшамы» газетіне бас редактордың бірінші орынбасары Талғат Батырхан мен бас редактордың орынбасары Ғалым Қожабековтің спорт тақырыбына берген тапсырмаларын орындап, ай сайын газетте «Сайыпқыран» спорт бетін жүргізе бастадым. Ал 2004 жылы «Астана ақшамында» спортты жазып жүргенімізді ескерген «Егемен Қазақстанның» басшылығы газетке спорт журналисі етіп шақыртты. Шынын айту керек, Несағаңның 2002 жылы Астана теміржол вокзалының жанында жазуды спорттан бастамайсың ба деген сол сөзі менің журналист болып қалыптасуыма көп әсер етті.

«Егеменге» келіп, спортты жаза бастадым. Содан кейін 2011 жылы Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты атанып, Астана мен Алматыда өткен VII Қысқы Азия ойындарының алауын Қостанай қаласының көшелерінде ұстап жүру мүмкіндігіне ие болдым. Сол кезде Несағаңның: «Сен өзіңді кіші санай берме. Сен Сейдахмет Бердіқұловтың сыйлығын алуға әбден лайықсың» деген сөзі 10 жылдан бері спорт тақырыбында қалам тартып жүрген жұмысыма үлкен баға болды.

— Сейдахмет Бердіқұлов, Жүсіп Хисымов, Несіп Жүнісбаев, Қыдырбек Рысбекұлы сынды қазақ спорт журналистикасының майталмандарының ізін жалғап, сүбелі, сүйекті туынды жазуға кейінгі толқынның әлеуеті жете алып жүр ме?

— Негізі, спорт тақырыбына қызығатын, онымен айналысатын жастар көп. Спорт журналистерінің арасында ұйымдастырушылық қабілеті зор әріптестеріміз де бар. Мысалы, белгілі журналист, ақын Мұсағали Тасқалиев, Ақын Ордабайұлы, Ардақ Тоғымов, Еркін Бақтияров, Болатбек Сағымбаев, Әзиз Жұмаділ мен басқа да қаламдастарымыз спорттың түр-түрінен жарыстар өткізіп жүр. Еркін мен Болатбек — Мұсекеңнің сенімді серігі. Ал Ғалым Сүлеймен YouTube-тегі Beren live, тележурналист Нұрсұлтан Құрман Nursultan Qurman арнасында, Ермұхаммед Мәулен, Ербол Қайыров, Асхат Ағатаев, Аслан Қаженов, Айбек Қабылша, Бек Төлеу, Данияр Кәрімжан, Аян Төлеген, басқа да жігіттер You Tube пен Telegram әлеуметтік желісінде белсенділік танытып, спортты жақсы насихаттап келеді. Егер басқа да жігіттердің аты аталмай қалса, маған ренжімес. Олар да өздерін осы қатарда деп есептесін. Ал жазуға келгенде Сейдағаңның замандастары арасында өмірден өткен Сұлтанғали Қаратаев, Диас Омаров, Сайын Тұрсынов, Рабат Жәнібеков, Дүрәлі Дүйсебай секілді ағаларымыз болды. Дидар Төлеуіш, Амангелді Сейітхан, Евгений Гайдамакин мен Максим Карташов та өмірден ерте кетті.

Қазір Өмірзақ Сұлтанов, Жүсіп Хисымов, Несіп Жүнісбайұлы, Юрий Лифинцев, Серік Пірназар, Оңдасын Елубай, Сәдібек Түгел, Көсемәлі Сәттібайұлы, Қыдырбек Рысбек, Ғалым Қожабеков, Бақтияр Тайжан, Валерий Ильин, Гений Төлегенов, Лаура Барлыбаева, Анатолий Гаврилов, Әлім Анапиянов, Галина Полевая секілді ардагер спорт журналистері арамызда жүр. Оларға әрине, амандық-саулық тілейміз! Айтпақшы, «Спорт» газетінде Анатолий Пятибратов та жұмыс істеген. Бұл кісі Ресейге көшіп кеткен.

Одан басқа Нұрғазы Сасаев, Ақын Ордабайұлы, Қайрат Әбділдин, Мұсағали Тасқалиев, Ержан Мұқаш, Ардақ Тоғымов, Сәкен Сыбанбай, Арсен Саттар, Ілияс Жолдас, Әзиз Тастаев, Ғалым Сүлеймен, Ілияс Омаров, Аспандияр Есенжолов, Самат Қанағатов, Асқар Бейсенбаев, Телжан Күдеров, Диас Ахметшәріп, Есей Жеңісұлы, Ришад Тұрғанбаев, Александр Стрельников, Шалқар Естен, Жандос Айтбай, Айдын Қожахмет, Павел Цыбулин, Тимур Камашев, Асхат Жақаев, Фархад Изизов, Төлеубек Ниязбек (Қадырмолла), марафоншы, спорт тақырыбындағы оқулық кітаптың, шахмат әліппесінің авторы, барлық ұғымды қазақшаға келтіріп жазған Нұрлан Құмар, Гүлстан Қанат, Күнсұлтан Отарбай, Бек Төлеу, Айбек Қабылша, Алмас Манап, Аян Күшбаев, Қуаныш Бажақ, Леонид Юрьев, Қанат Базылхан, Назерке Сұлтанбек, Мәдина Асылбек, Әлия Тілеужанова, Жігер Азберген, Асқар Ағатаев, Жандос Аянбек, Ермек Төрениязов, Данияр Кәрімжан, Талғат Исенов, Ерзат Серғазин, Нұрсұлтан Құрман, Ермұхаммед Мәулен, Ерсін Ерікұлы, Жандос Байділда, спорт менеджері Болат Маханалин, Әнуар Абдрахманов, Әзиз Жұмаділ, Ғабит Сапарбек, Ербол Қайыров, Аслан Қаженов, Әли Битөре, Шамкен Байырбек, Анық Көкенайұлы, Думан Арғынгелді, Абылайхан Жұмашев сияқты әріптестеріміз бар. Мен спорт журналистерінің бәрін атын атаған жоқпын. Оларды айтсам материалдың тағы бір-екі қызыл жолын алып кетеді. Сондықтан аты аталмай қалған әріптестеріміз ренжи қоймас.

Жалпы, жаңағы сұрағыңызға қайта келсем, Сейдағаң бастаған, Жүсіп ағамыз, Несағамыз қостаған спорт журналистерінің сүбелі еңбек жазатындары бар. Мысалы, биыл Қыдырбек Рысбекұлының халқымыздың ардақты ұлы, әйгілі балуан, Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов туралы «Нартәуекел» атты кітабы жарық көрді. Бұған дейін ол «Дәулет», «Сұрмерген», «Бекзат», «Құзға біткен қарағай», «Тұлпардың тұяғы», «Манап мектебі», «Берікқазы», «Тұрлықан Қасенұлы» кітаптарын жазып, «Қазақтың 72 бапкері», «Саңлақ», «Қазақтың 90 бапкері» деген кітаптарды шығарып, оқырман қауымды қуантқан болатын. Сонымен бірге ол «Қазақ балуандары», «Қазақ боксшылары», «Қазақ олимпиадашылары» деректі жинақтарының идея авторы әрі құрастырушысы.

Әріптесіміз Ақын Ордабайұлының да «Ізгілікпен өрілген өмір», «Рәпия», «Ер елінде қадірлі» «Жақсылыққа жарасады жақсылық» пен «Қазақ күресінің қара нарлары» кітаптары оқырманға олжа болды. Сол сияқты ол «Ер Райымбек», «Жас қыран» мен Kazah kures журналдарын шығарды. Kazakh kures журналы қазақ және ағылшын тілдерінде шықты.

Тағы бір әріптесіміз Ғалым Сүлейменнің кітаптары да қызықты және тартымды оқылады. Ол өзі екі тілде жазады.

Мен 2004 жылы «Астана ақшамы» газетінен «Егемен Қазақстан» басылымына жұмысқа орналасқанымда Ғалекеңнің шкафынан орыс тілінде жазған материалдарын көріп, бәрін оқып шыққан едім. Одан басқа спорт майталмандарының ізін жалғап келе жатқан журналистер бар. Мысалы, Астанада Оңдасын Елубай, Алматыда Мейрамбек Төлепберген, Таразда Көсемәлі Сәттібайұлы, Қызылордада Серік Пірназар, Шымкентте Бақтияр Тайжан тұрады. Осы кісілермен «Егемен Қазақстан» газетінде бірге жұмыс істедім. Олардың бәрі де спортты мөлдіретіп, адамның қыр-сырын ашып жазатын. Адам материалды оқығанда жарыста жүргендей сезінетін.

«Жас қазақ» газетінде Сәкен Сыбанбай мен Есей Жеңісұлының, «Жас Алаш» газетінде Төлеубек Ниязбек (Қадырмолла) пен Қуаныш Бажақтың, «Айқын» мен «Алаш айнасы» басылымдарында Нұрғазы Сасаевтың сараптамасы жақсы оқылатын. Жоғарыда аталған азаматтардың бәрі классикалық журналистиканың өкілдері.

Енді, қазір шыны керек, сараптама жазатындар аз. Қазір интернетте бәрі бар. Біздің қазіргі өміріміз жанталас болып кетті. Әлеуметтік желі мен сайттардың дәурені жүріп тұр. Ақпаратты жылдам беру жағынан олар алдына жан салмайды. Ал сараптамаға келгенде ақсап жатады. Қазір статистер де аз. Мен білетін статистер санаулы ғана.

Олар – Серік Пірназар, Қыдырбек Рысбекұлы, Сәкен Сыбанбай, Ардақ Тоғымов, Есей Жеңісұлы, сосын Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясында істейтін Қанат Байұзақов деген жігіт. Қыдырбек Рысбекұлы әуелі спорт тарихшысы, сосын статист. Сондықтан мен, бір сөзбен айтқанда, спорт журналистикасының майталмандарының ізін жалғап, сүбелі, сүйекті туынды жазып жүрген кейінгі толқынның өкілдерін көріп жүрген жоқпын. Мүмкін, байқамай жүрген шығармын. Мүмкін, бар шығар. Егер «Мен жазып жүрмін. Материалдарым, міне, көріңдер» деп арамыздан шықса, оған, әрине, қуанамын.

— Жазғы және қысқы Олимпиада, Азия ойындары сынды айтулы додаларды арнайы барып жазудың әсері бөлек қой жалпы. Өзіңіз де бірнеше ірі сайыстарды көріп, жазып жүрдіңіз…

— Жақсы сұрай қойып отырсыз. Шетелге шығып, сол жақтан материал берген жақсы. Жазудың әсері де басқаша болады. Бәрін үтір, нүктесіне дейін жазғың-ақ келеді. Бірақ кейде газеттің номеріне баратын жол есептелген соң, материалдың көлемін азайтамыз. Мұндайда көрген-білгеніңді қойын дәптерге түртіп, кейін кітап етіп шығаруға болады. Жолсапардан эссе, әңгіме жазсаң, тіпті жақсы. Бір өкініштісі, іссапардан көлемді дүние жазып көрмеппін. Соңғы рет 2020 жылы қаңтар айында Азия спорт журналистерінің шақыруымен Сауд Арабиясына футболдан Испанияның Суперкубогы үшін Мадрид қаласының «Реал» мен «Атлетко» клубтарының арасында өткен финалды тамашалауға барғанда «Мен көрген Мекке», «Сауд Арабиясына сапар» деген жолсапар жазып едім, оның өзінің көлемі аз болып шықты. Асығыстау жазылған соң, солай болады. Ал елге келгенде жұмысқа кірісіп, уақыт өткен сайын ұмытыла береді екен.

Мен Олимпиадаға көп барған жоқпын. 2004-2017 жылдары «Егемен Қазақстанда» істеп жүргенде көбіне редакция басшылығының қалауымен Оңдасын Елубай мен Бақтияр Тайжан баратын. Оңқаң демеушілер тауып, өзі барып жүретін. Ал мен солардың дүниелерінің үстінен қарап, бас редакторға немесе оның орынбасарына дайындап беретінмін. Олимпиада басталар алдында жарты жыл бұрын «Олимпиада алауы», «Дүбір», тағы басқа да айдарлармен көлемді мақалалар жариялайтынбыз.

Олимпиада, Азиада, әлем, Азия чемпионаттарына барғанда газетке жазатын, жазылмайтын оқиғалар болған. Мысалы, 2011 жылы Әзербайжан астанасы Баку қаласында бокстан ересектер арасында әлем чемпионаты жалауын көтерді. Сол кезде әлем чемпионы атағы 1 млн АҚШ долларына сатылатынын естігенмін. Оның өтірік-рас екенін білмеймін, бірақ «естіген құлақта жазық жоқ» дейді ғой. Солай деп естіген едім. Осы чемпионатта Украина бокшысы Василий Ломаченко 60 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға шығып, ширек финалда төрешілердің шешімімен жеңіліп қалған болатын. Содан кейін не болды дейсіз ғой. Іске Украина Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Сергей Бубка араласып, боксшылардың құрамасы протест жазғаннан кейін Ломаченконың жекпе-жегі қайта қаралып, ол жартылай финалға шықты. ½ финалдан кейін финалда жеңіп, чемпион атанды. Ал біздің елдің құрама командасындағы Серік Сәпиев пен Әділбек Ниязымбетов күміс жүлдені қанағат тұтты. Біздің ҰОК басшысына да сын сағатта былғары қолғап шеберлерімізді қолдауға болатын еді. Бірақ олай болмады.

2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында жалауы көтерілген жазғы Азия ойындарында 94 келі салмақта сынға түскен Алмас Өтешов жұлқа көтеруде 175 кг салмақ көтеріп, сайыстың бұл түрінен бірінші орын алған еді. Ал серпе көтеруде 218 келіні көтеріп, Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Оның Азиада чемпионы болуға тамаша мүмкіндігі болған еді. Бірақ помостқа дайындалып жатқанда бір спорт шенеунігі қайта-қайта қасына барып, мазасын ала берген екен. Оны маған өзі айтты. Ойын сан-саққа жүгіртіп, бұзып жіберген. Сол жылы ақпан айында Ресейдің Сочи қаласында Қысқы олимпиялық ойындар болды. Онда екі жеті жарыстарды тамашаладық. Бұл жер негізі черкес халқының жері. Сочиде «Красная поляна» деген жер бар. Ол неге олай аталады деп сұрасақ, кезінде Ресей империясы черкестерді қырғанда алаңда көп қан төгіліп, «Красная поляна» деп аталған екен. Қазір Краснодар өлкесінде негізінен армян мен орыс ұлтының өкілдері тұрады. Енді шетелге шыққанда жергілікті халықпен сөйлесіп, әңгімеге тартасың ғой. Біреу болмаса, екінші адам Қазақстаннан көшіп келген болып шығады. Сол кезде Сочиге Қазақстаннан көшіп барған орыстар бізге жылы қабақ танытып, бізді айналшықтап, өздері әңгімеге тартып отырды.

2014 жылы Беларусьтің Минск қаласында қазақ күресінен әлем чемпионаты болғанда Моңғолияның ауыр салмақтағы балуанының жарысқа 15 сағаттай адасып жүріп келгенін көрдік. Ол Мәскеу арқылы ұшқанда Беларусь пен Моңғолия жағы чемпионаттың қайда және қай кезде болатынын ескертпеген екен.

2016 жылы Қытайдың Моңғолкүре ауданында төл күресімізден тағы бір әлем чемпионатының жалауы желбірегенде жергілікті қандастарымыздың елге деген сағынышын, Қазақстанға деген үлкен құрметін көрдік. Көшеде тұрған екі бозбаланың «Қазақстан біздің жүрегімізде» деген сөзі әлі есімнен кетпейді. Айта берсек әңгіме көп. Қысқасы, ел көру деген жақсы. Ал одан жақсысы, көрген-білгеніңді көкейге тоқып жүру, газетке, сайтқа жазу, кітап шығару.

— Спорт журналистикасына қызығушы жастардың шоғыры қалың ба?

— Бұл сұраққа жаңа жауап бердім ғой деймін. Тағы да қайталап айтсам, қазір жастар болсын, жасы келген журналистер болсын бәрінің ғаламторға байланып отырғаны рас. Дегенмен спорт журналистикасына қызығатын жастар көп. Мысалы, Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Журналистика факультетінің жанынан Спорт журналистикасы кафедрасы ашылған. Оның ашылуына белгілі журналист ағамыз Дүрәлі Дүйсебай мұрындық болған. Қазір осы оқу орнындағы студент-жастардың спортқа қызығушылығына қарап, сүйсінесің. Студенттерге Ермұхаммед Мәулен мен Ербол Қайыров сабақ беріп жүр.

Шынымды айтсам, спорт журналистикасында 30 жасқа дейінгі жастардың арасынан саусақпен санауға болатын қыз-жігіттерді ғана білемін. Олардың бәрі отызында орда бұзып, қамал алуға жақын қалған жігіттер. Мысалы, Айнат Қабидуллаев деген жігіт талпынып, менің 2017 жылы ашқан SportPress.kz ақпараттық-сараптамалық спорт сайтыма қалам тартып жүр.

Әрине, облыстық, аудандық БАҚ-та спортқа жақын әріптестеріміз бар. Олардың арасында талантты, дарынды жастар да кездеседі. Бірақ қазіргі күйбең тірлікпен жастарымыздың да, жасамысымыздың да көптің арасынан шыға алмай жүрген жайы бар. Қазір тіршіліктің қамы жақсы сараптама жазуға уақытыңды алады. Бірақ ізденіп жүріп, аптасына бір-екі, айына үш-төрт жақсы материал дайындауға болады.

— Сан қатпарлы қазақ спорт журналистикасын дамыту үшін қайтпек керек?

— Әуелі қазақ спорт журналистикасын дамыту үшін өзіміздің арамызда бірлік керек. «Бірлік болмай тірлік болмайды» дейді ғой. Журналистерде мемлекетшіл сезім болуы керек. Спорт журналисі жарысқа барып, содан мақала жазып, сұхбат алмай, өзіңіз айтқандай, сан қатпарлы қазақ спортының проблемасына үңіліп, проблема болса, соны шешуге атсалысуы керек. Қарапайым адамның қолы жетпейтін жоғары жаққа елдің проблемасын жеткізіп, үн қосып отыру керек деп ойлаймын. Осы мақсатта біз бір топ бастамашыл жігіт болып Қазақстан спорт журналистерінің федерациясын қайта аштық. Дәлірек айтсам, Спорт журналистері қауымдастығы қайтадан федерация болып құрылды. Бұл қауымдастықты 1992 жылы Несіп Жүнісбайұлы ашқан болатын. Қауымдастықты Халықаралық спорт баспасөзі ассоциациясы (AIPS) мойындаған. Қазір біздің әріптестер аталған ассоциациямен хат алысып, жұмыс істеп жатыр.

Біздің биылға жоспарымыз көп. Оны, Құдай қаласа, уақыты келгенде көре жатарсыздар. Жаңа мемлекетшіл сезім туралы айттым ғой, соны тарқатып айтсам деймін. Ең алдымен, елдің саламатты өмір салтын ұстануы, денсаулығы, адамның жинақы да жігерлі, шымыр да шыдамды болып жүруі, керек десеңіз, мемлекеттің болашағы спортқа тікелей байланысты.

Спорт – денсаулық кепілі, дені саудың жаны сау деп жатамыз ғой. Қазір қазаққа ең керек спорттың түрі, бұл – жеңіл атлетика, суда жүзу, ескек есу. Басқа да жарақат аз алатын командалық спортпен айналысу керек.

Бүгінде бүкіл әлемде спорт үлкен бизнеске айналған. Кеше балабақшадағы бір топ балдырғанның қатарласын тепкілегені, бүлдіршіндердің бірін-бірі аяусыз соғатыны бұл ата-анасының ғана тәрбиесі немесе тәрбиешінің ғана кәнісі емес, ол жалпы қоғамның проблемасы. Оған қоғам, мына сіз бен біз кінәліміз. Бокс, кикбоксинг, ережесіз жекпе-жек деген жауыздыққа тәрбиелейді. Беттен ұрып, жақты сындыру, іштен теуіп, мұрын бұзу деген спорт емес. Оны ұлықтап, насихаттаудың қажеті жоқ. Ол ұлтыңа жасалған қастандық. Сондықтан спорттың төресі, жаңа айтқанымдай, жеңіл атлетика.

Мен спортпен барлық Қазақстан азаматы 100% айналысу керек дегенге қосыламын. Жер-жерде спорт алаңдары салынуы керек. Біздің елде 30 жылда екі стадион ғана салынды. Оның бірі — 30 мың адамға арналған «Астана Арена», екіншісі – 7 мың жанкүйер сыятын «Түркістан Арена» стадионы. Басқа стадион салынған жоқ. Ақтөбедегі стадион сияқты қайта жөндеуден өткен спорт ордалары бар. Мұны айтудың өзі ұят. Ал шетелде қалай, бірнеше елдегі спорт жарыстарына барғанда адамға кәдімгі қарапайым спорт алаңдары көп салынғанын көрдім. Олар халыққа қолжетімді етіп салынған. Өйткені, шетелде үлкен спорт бизнес екенін баяғыда түсінген. Менің айтайын дегенім, спорт журналистері көпшіліктің арасында жүргеннен кейін, ақшалы, қалталы азаматтарды халыққа қолжетімді спорт заттарын сатуға, спорт алаңдарын салуға, спорт үйірмелерін ашуға ынтыландыруы керек.

Кәсіпорны, цехы бар бизнесмендер қарапайым халыққа сапалы аяқ-киім тігіп, тегін үйірмелер ашып берсе, жарыстар өткізіп, ақшалай сыйлық беріп жатса, спорт журналистері осының басы-қасында болса деймін. Ал спорт журналистерінің шығармашылығына келсем, еліміздің әр жерінен бір-бір қазақ спорт журналистерінің көшбасшысы атанған Сейдахмет Бердіқұлов, «Бір атаның балалары футбол ойнайды» деген мини-футболдан отбасылық турнирді өткізіп, басқа да көптеген бастаманы көтеріп, іскер азамат екенін көрсетіп жүрген Несіп Жүнісбайұлы мен қазақ спортының тарихын зерттеп, өнімді еңбек ететін Қыдырбек Рысбек шықса, осының өзі жетіп жатыр. Үлкен олжа болар еді.

— Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қуаныш РАХМЕТ,

Астана

Мынаны да қараңыз

Торғайдың Толағайы дүниеден өтті

  Пауэрлифтингтен бірнеше мәрте республика чемпионы, ардагер ұстаз Мәлік Баймағанбетов жетпістен асқан шағында ауыр науқастан ...