КӨКЕ

немесе Ұлы Жеңіске үлес қосқан ардагер атам туралы

Биыл 9 мамырда Ұлы Жеңіске 80 жыл, ал менің атам – Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Омар Кенжалыұлының туғанына 100 жыл толады.

Иә, біз үшін қан майданда жанын беріп, жаумен соғысқан аталарымыздың жеңісі – Ұлы Жеңіс!

Бұл соғысқа миллиондаған отандасымыз секілді қазақ жерінен менің бабам Кенжалы Жалмағанбетұлы мен оның ұлы, атам Омар Кенжалыұлы, бабамның інілері Сералы, Ералы, Оспан, Қали, Кенжебай Жалмағанбетұлы аталарым да қатысқан.

Сол кезде тағдыр ағайындарды батыр бабалары, Кенесары ханның сенімді серіктерінің бірі болған Төлек Жәуке Назарғұлұлы сияқты майданның төрт бұрышына шашыратып жіберді.

Арғы атам Кенжалының анасы Бəтима әжем осының бәрін уайымдап өткен екен. Ол соғысқа барлығын шығарып салған соң, енді кезек өзінің немересі, менің атама келгенін естігенде сол уайымнан қара жолда құлап, содан төсек тартып, тұра алмай қалыпты. Менің әкем мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Омарұлы Кенжалин соның бәрін білетін. Ол маған аталарымыз туралы жиі айтатын. Олардың бәрі хат таныған, оқыған, сауатты болған дейтін. Ал соғыстан осылардың ішінде Ералы, Кенжебай Жалмағанбетұлы мен Омар Кенжалыұлы аталарым оралған. Ал Кенжалы, Сералы, Оспан мен Қали аталарым соғыстан қайтпады. Арғы атам Кенжалының бір ұлы мен қызы Ханшайым апам болған. Оның ұлынан біз тараймыз. Сералы атамнан Олжабай деген ұл туған. Оспан атам майданға жас кетіп, отбасын құрмады. Ол құралайды көзге атқан мергендігімен танылған екен.

Қали атамыз 1935 жылы Торғай даласында комсомол ұйымдарын құрып, елдің сауат ашуына, ашаршылықтан кейінгі кезде малды сақтап қалуға, емдеуге көп еңбек еткен азамат болатын.

Егер осы аталарым соғыстан аман-есен келгенде олардан талай ұрпақ тарайтын еді. Бір кем дүние деген осы.

Кенжалы атамыздың Әйнек деген қызы болған. Көзкөрген адамдардың айтуынша, олар өз істеріне шебер, сауатты, білімді, мінезді, шаруаға мығым, қайратты кісілер болған екен.

Жалмағанбет Елдесұлы бабамыздың балалары да зерек болып, әріпті ерте танып, еңбекке де ерте араласқан. Жалмағанбет атамыз елге қамқор, жанашыр, қолы ашық кісі болған дейді. Атамыздың емшілік қасиеті болып, төңіректегі елді емдеумен де айналысқан. Ол Бәтима әжеміз екеуі балаларының оқуына, білім алуына, тәрбиесіне көп көңіл бөлген екен. Сол себепті алты ұл мен қызы Әйнек апамыз жақсы тәрбие алып, еңбек еткен.

Атам 1925 жылы 18 мамырда дүниеге келіп, 1993 жылы 12 ақпанда мәңгілік сапарға аттанған. Оқушы кезімде әкем: «Біздің көкем соғысқа жасын үлкейтіп барған», — деген еді. Сол есте қалыпты.

Мен бала кезімде атамның қолында өскендіктен оны «Көке» деп айтатынмын. Ол 1943 жылы әскер қатарына шақырылып, ІІ Беларусь майданындағы №1213 әскери бөлімшесі құрамында неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғыс қимылдарына қатысты. Майданда ауыр жарақаттанып, 1944 жылы 30 наурызда  әскер қатарынан босатылды. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандағы ерліктеріне орай орден-медальдармен марапатталған. Майданнан елге оралған ол Аманкелді ауданының шаруашылықтарында еңбек етті. 1946 жылы Қостанайдағы облыстық ветеринарлық фельдшерлер дайындайтын мектепке түсіп, оны ойдағыдай бітірген. Ал, 1950 жылы Қостанай ауыл шаруашылық техникумында оқып, мал дәрігері-зоотехник мамандығын алып шықты. Осы жылдардан бастап оның еңбек жолы Аманкелді, Арқалық аудандарындағы мал шаруашылығын өркендету мәселелерімен тікелей байланысты болды. Көкем қайда еңбек етсе де, өз ісіне деген адалдықтың үлгісін көрсетіп жүрді. Кішіпейілділік пен қарапайымдылық оның өмірлік өлшемінің басты қағидасы еді. Үлгілі әулет иесі атанып, ұрпақ өсірді. Жан жары, «Ардақты Ана» алтын медалінің иегері Ұлмекен Төленқызы екеуі бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөлді. Отаншыл, елжанды ұл-қыз өсіруге күш салды. Өмірінің соңғы жылдарында Қайыңды ауылдық байланыс бөлімшесінде еңбек етіп, зейнетке шықты.

Көкем мен апам 14 баланы тәрбиелеген. Әкем Жұмабек Кенжалиннен кейін Бейсенбек, Дүйсенбек, Қалияш, Мәрияш, Жұмағазы, Зәлияш, Сәнияш, Фараби, Еркебұлан, Айнаш, Гүлбаһрам, Гүлбаршын аға-тәтелерім мен Дәурен деген інім туған. Осылардың ішінде Бейсенбек пен Дүйсенбек ағаларым, Мәрияш, Қалияш пен Айнаш тәтем, Дәурен інім өмірден ерте кетті. Ал әкем 2017 жылы 62 жасында қайтты. Ол елімізге белгілі журналист, жазушы, публицист, қоғам қайраткері болды. Еліміздегі бірнеше газет-журналды басқарып, бірнеше басылымның басын біріктірген «Қазақ газеттері» АҚ президенті болып қызмет етті.

Жатқан жерлері жұмақта, имандары саламат болсын! Ата-бабаларымызға, марқұм болған басқа да туған-туыстарымызға иман байлығын берсін!

Дастан КЕНЖАЛИН

Фото: автордың жеке мұрағатынан

Мынаны да қараңыз

Ауыл тұрғындарымен кездесу

«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының Қостанай облыстық өкілдігі белсенділері Қарабалық ауданы, Тоғызақ ауылына барды. Қарабалық ...