Әріптесіміз Гүлім Ысмағұл өңірдегі ең жас депутат атанды

Талай біртуар дарындар берген Торғай өңірінің халқы белгілі журналист Мылтықбай Ысмағұлды жақсы білетін. Өйткені, ол өзінің жарқын дарынымен, ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасымен артына өшпес рухани мұрасын қалдырған ұлтжанды азамат еді. Ол бұл күндері арамызда жоқ болса да оның бастаған ісін, жан-тәнімен сүйіп атқарған кәсібін өзі алақанына салып өсірген аяулы қызы Гүлім ойдағыдай жалғастырып келеді.

Дарынды да инабатты әріптесіміз 23 жасында Жангелдин аудандық «Біздің Торғай» деп аталатын аудандық газеттің бас редакторы болып тағайындалды.

Жақында ол тағы да үлкен қуанышқа кенелді. Халықтың үлкен сенімімен №1 Токин сайлау округі бойынша аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды.

Бұл небәрі 28 жастағы қазақ қызы үшін үлкен жетістік дер едік.  Әрине, мұның бәрі де оның таудай талабы, жұртшылық алдындағы беделі, адамгершілік қасиеті мен кәсіби шеберлігінің нақты нәтижесі.

Гүлім бір айрандай ұйыған тату-тәтті отбасының алтын діңгегі. Отағасы Рүстем Оңғарұлы аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция инспекторы.

Бұл қасиетті шаңырақта Айша есімді алтын асықтай бүлдіршін өсіп келеді. Ол ата-анасының көз қуанышы. Болашағынан үлкен үміт күтетін перзенттері.

Біз жас та болса бір ұжымға бас болып отырған әріптесімізді халық қалаулысы атануымен шын жүректен құттықтап, оған алдағы уақытта да мықты денсаулық, жауапты қызметінде шығармашылық табыс тілейміз.

top-news.kz

Мынаны да қараңыз

Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *