Қайран, Қарабалық

Байтұрсын Ілиясовтың «Көкеңнің көзі еді» мақаласын оқыған соң.
Бұл мақала менің ми түкпірімде қашаннан бері қалып жатқан ойларымды оятып жіберді де, қолыма түтқиылдан қалам алдырды. Бетінді астанаға бұрып тұрып, қайрылып Қазақстан картасына көз жіберсең, ту сыртыңда, иық тұсыңда басын Ресейге тіреп, бар денесі солтүстіктен оңтүстікке ендеп, бойлап кіріп жатқан Қостанай өлкесін көресің. Революцияға дейінгі дәуірде сол өлкенің оң жақ жарты денесін қақ жарып алып жатқан, басы қазіргі Комсомол ауданынан басталып, төменіректе — Федоров, Пешков, одан біраз төменде Қостанай аудандық батыс жағын қамти, осы күнгі Соколов-Сарыбай, Лисаков, Қашар өңірін түгел қаусырып, әрі қарай Таран, Тобыл, Орджоникидзе арқылы Жетіқараға жетіп барып, тоқтайтын алып дала, байтақ ел — тұтасымен Қарабалық атырабы деп аталған.
Біздің жас кезімізде әлі көзі тірі отырған қариялар — жөн сұрасаң — «Қарабалық еліміз» деуші еді. Негізгі кіндік орталығы — атақты Троицк мекендері. Осы ұлан- ғайыр өлкені негізінен бұрын бес таңбалы қыпшақ атанған — «Ұзын», «Көлденең» дейтін екі ұлы тармақтан тарайтын сандаған ұсақ рулар мекендеген. Бәрі жабылып «Біз Қара Қыпшақ Қобыланды ұрпақтарымыз» — дейді.
Тарихты айтпасаң — әңгіменің сәні келмейді. Байтұрсын берісін айтады, мен әрісін айтамын. Ал енді осы Қарабалық — қазақ деген халықтың соңғы бір жарым ғасырдағы тарихи орталықтарының бірі болған. Орталық деу үшін онда ұлттың әлеуметтік, қоғамдық оқиғалары, ал оқиғаларды басқарған қазақтан шыққан оқыған зиялылардың, интеллигенцияның бесіктерінің бірі. Мақалада сөз болып отырған Серәлі әулеті, Мұхамеджан Сералиннен бұрын да, кейін де нелер оқымысты, ақындар, жазушылар, адам дәрігерлері мен мал дәрігерлері, ұстаздар болған. Бұлардың әсіресе революция алдында қаулап шығуының ең басты себебі — ар жақ қанатында жалпақ Россияның ірі-ірі мәдени, оқу-ағарту орталықтарының таяу тұруы, соларға қазақтардың ерте араласуы, ерте білімге, жарыққа ұмтылуы, яғни орыс, татар қалаларының іргелес, қоян-қолтық орналасуы. Троицк, Уфа, Селебе (Челябинск), ар жағында Қазан қалаларында қазақ баласы оқып, тәрбие алды.1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының қаулаған өрті де алғаш рет осы арадан, Қарабалықтан басталған. Жалбыр бастаған көтеріліс, Тасболат-Жүсіп, Жантуаров Есет батырлардың атақты Сайым болысты өлтіру оқиғасы да дәл осы жерде болған. Бұл оқиға кейін Сәбит Мұқановтың «Жұмбақ жалау» (Ботакөз) романына негіз болған. Ондағы Бүркітбай, Балғабай, Амантайларға жоғарыда айтқан батырлар прототип болған. Оны Сәбеңнің өз жазбаларынан көруге болады. М. Итбай болыс — Сайым болыс еді. Біз архивтегі материалды енді қопарып, енді ашып жатырмыз. Біздің тарихымыз, оны жазған ескі құжаттарымыз Орынбор, Омбы, Қазанда жатқаны рас. Алайда бізге олардан да көп қызмет істеген, жартылай қазаққаласы секілденіп кеткен, негізінен кезінде татардың екінші қаласы, екінші астанасы есептелген Троицк қаласының тарихи тұлғасын мүлде ұмыт қалдырып жүрміз, Мұхамеджан Сералин қазақтың тұңғыш журналы — «Айқапты» осы Троицк қаласыңда шығарған ғой. Бұл қаланы біз тек Сералин мен Торайғыровты айтқанда ғана еске аламыз. Троицк қаласын (шаһарын) жақсы сипаттап, тарихи орнын бағалау тарих ғылымының міндеті, борышы.

Осы Троицкіде қазақ баспасы болғандықтан да, Ахаң, Жақаң және басқа қазақ зиялылары өз еңбектерін бастыру үшін де немесе ұйымдастыру үшін де талай келген, жүрген ғой. Ал қазақ даласының солтүстігіне мұсылман дінін енгізген де татардың екі қаласы — Қазан, Троицк. Троицкідегі мешіт саны Қазаннан кем болмаған. Оны тіпті мешіттің қаласы деп атаған. Қазір білмеймін. Мен студент кезімде, 1947 жылы, оны алғаш көргенімде, алтын басты, күміс айлы мешіттерден көз сүрінетін. Осы Троцкінің діни мектептеріңде оқыған қазақтар көп болған. Кәдімгі Би-ағаң (Бейімбет Майлин), өзіміздің театр, сахна саңлақтары — Серағаң (Қожамқұлов), Елағаң (Елубай Өмірзақов) және көзі тірі Қапан Бадыров — бәрі де осы Қарабалық перзенттері, Троицк шәкірттері. Қазақтың бірінші медицина қайраткерлері — директорлар Қаратаев, Байгурин, осы күнгі Кәмила апай Өтегенова, ол — ол ма, қазақтың миллионері Смағұл Жаманшалов осы өлкенің адамдары, осы жердікі. Сонда қараңызшы — елдің тарихында, оның сан саласында Қарабалықтан арғы, бергі де қаншама қайраткерлер өсіп шыққан.
Мен ат үсті еске алып отырғанның өзінде Қостанай өлкесінің Қарабалық өңірі қаншама тарихқа ие болып отыр. Енді осы Қарабалықтың, оның негізгі мәдени ошақтары «Өрнек», «Бөрлі» жұртының адам сенгісіз халінен, өшіп, біткен жағдайынан хабардар болып отырып, қалай жаның шыңғырмас. Еш жасырудың керегі жоқ, 40-50 жылдардың ішінде Қостанай қазақтарын әбден сарқып, өшіріп, бітіру жөнінде көп жұмыстар істелінді. Бірыңғай қазақтарды қудалау науқаны басталған еді. Әдетте, ондай науқан, ең алдымен, сол халықтың аяулы тарихи мекенін талқандаудан, сосын оның бетке шығар қаймақтарын, азаматтарын қудалаудан басталады. Орысша методически, қазақша жоспарлы, жүйелі түрде түбегейлеп, өкшелеп тауысу. Оны тарихтан жақсы білеміз.Бүл мүлде басыну, басып-жаншу, отарлау — әсіресе тыңның басталар кезіне келіп соқты. Қостанай — тыңның орталығы, басты облысы болумен қатар, жергілікті халықтың быт-шыт болып кетуіне де себебін тигізбей қойған жоқ. Қазіргі бүкіл Қостанайдың жер аттарын, совхоз аттарын қарап шықсаң да — ата-бабаң атап кеткен жерлердің «сайда санын, құмда ізін» көрмейсің. Түгел өзгертілді немесе аттары бұзылып айтылады.Кайбагор (Қойбағар), Қараси (Қарасу) т.б. Мұндағы мақсат не? Мақсат — бұл дала атсыз, жөнсіз, иесіз еді дегізу.
Кім қайдан келіп, қандай совхоз құрды, солардың алыста қалған мекендерінің аттары берілді. Біз оған сол жерлер арқылы «достығымызды» білдіріп, мақтан еттік, сөйледік, жырладық. Қарабалық — тың көпірі Қостанайға нақ қара жолдың үстінде, яғни поездың алдында тұр еді. Баршаға мәлім, әуелі тың көтеруге түрмеден шыққандар — баскесерлер мен тонаушылар келді. Міне, Қарабалық алдымен соларға толды, үйлерінің үстіне сауылдап кіріп келіп, мезгілімен астарын ішкізбей, қорасындағы малын тартып жеп, ит әлегін шығарды.
Е, сосын алдында соғыстан қырылып, өзі де тарыдай шашылып, тозғалы тұрған жұртқа не жорық, қашты, пысты, босты… Мұның үстіне Қостанайдың сол кездегі басшылары, алдымен «жер хабар берсе» қайтейін, Андрей Бородин тұсында Қостанайдығы қазақтардың көрген күнін айтпаңыз. Қостанайды РСФСР-ға қосуға әбден дайындалып тұрған кездің соңы Хрущев дәуірі екені бәрімізге белгілі. Бородин қазақ деген халық бар екенін ұмыта бастаған, тіпті қазақ үкіметін тындамайтын халге көшкен еді.
Алматыдан барған жазушылар немесе мәдениет екілдері дегенді қабылдамайтын. Еш орыс адамы жоқ Торғайдан барып, совхоз ашып, оларды «Речной», «Южный» деп ат қойып жүрген одан не сұрауға болады? Шал-кемпір түгіл, жастардың тілі келмей, әбден шаршаған түрін көргемін. «Речной» совхозы — менің туған ауылым еді. Аттарын өзгерту туралы сан рет газеттерге мақала жазып едім, түк шықпай қойды. Міне, соған ширек ғасыр өтті.

Әлі сол атымен келеді. Осыларды еске алсаң — қай қайдағың қозғалып, намысың өртенеді. Б.Ілиясовтың мақаласын оқып отырып, «әлгі ескі ауру, дертке айналған ащы ойлар оянды» дегенім — сол еді.Қазір Қостанай жағдайы жақсы, күші де, қаруы да мол. Енді мына жариялылық, демократия, шындық, еркін ойға, пікірге жол ашылған уақытқа рақмет. Халық ұлт басына төнген қасіретті еске алуға мүмкіндік туды.Қостанайда, Қызылжарда, Ақмолада т.б. қазақтар жоқтың қасы — дегенді айтады. Ау, оны кім, не жоқ қылды? — сұрақты ойламайды. Тіпті өзіміз көппіз — дегендеріңнің өзінде
не болғанын еске алу керек қой. Солай, өзге республикадан біздің жағдайымыз, халіміз мүлде басқа болды, болып келеді. Терістік мұзындай тұтасқан сеңді біз бір жағынан ғана от жағып жібіту қиын.
Сөйтсе де үзбей тамған тамшы да тасты теседі ғой. Сондықтан үзілмес еңбек керек. Бұл мәселеде тез басылып қалатын ұран, шолақ науқан зиянын тигізеді.
Әңгіме үнемі сабырмен үздіксіз қызмет етуде. Ал Қарабалық жағдайына келсек, ол мекенді гүлдендіруге Қостанайдың күші толық жетеді. Ол жерге қайткен күнде де ел толтыру керек. Қазір қайтқан қаздай шет өлкеде, алыс жерде, қиырда замана толқындары айдап тастаған бауырластар туған жерге оралып жатыр. Соларды құшақ жайып қарсы алып, орналастыру керек. Қостанай, Қарабалық жерлері тамаша нулы орманды, сулы, қүнарлы жерлер, келгендерге тіпті қайырлы болар еді. Біз басқа ұлттың босқындары келсе, құрақ ұшып қарсы аламыз, қазақ көрсек әлдеқандай болып, жол көрсетіп шыға келеміз. Бұл — баяғы «өзіміз» ғой, тұра тұрсынның кебі. Өзгелер алдымен өзін жарылқайды. Бір намысың емес-ау, ұятыңа тиеті нәрсе — шет мемлекетте тұратын бауырлардың қазақтығы, қасиеті бізден әлдеқайда басым болып жүр. Олардың «ой, көптігің болмаса, қазақтық септігің аз екен ғой» демесіне кім кепіл? Амалын іздеп Қарабалық қалпын орнына келтіру керек, яғни түп тарихына көңіл бөлу керек.Қарабалықтан шыққан Сералин бастаған қайраткерлердің есімдерін есте сақтау үшін мәдени орын — музей керек. Тіпті әрі-беріден соң, сол Қарабалық ауданының атын бұрынғыша атау керек. Комсомол атты аудан кай облыста жоқ, мынау тарихи жер ғой, аты өшпесін десек, дереу өз атын өзіне беру керек те, тарихи орын жасау дұрыс. Мұхамеджан Сералин туған ауылда мен сексенінші жылдардың бірінде, егін науқаны кезінде болып, «Орақтың отты күндері» деген очерк жазғанмын.
«Өрнек» — бергі совет тұсындағы аты болуы керек, ол ауыл «Ақсор» деп аталатын секілді еді. Сералин кезінде сол жерге қала салдырмақ болған. Мектеп салдырған. Қазір «Ақсор» көлі де кеуіп кеткен. Тек орны жатыр. Мұхамеджанның өз үйі, қыстауы бұзылып, жерге шөгіп, ішіне алабота қаптап кеткен. Бұрын көл жағасында қалың қамыс құрақ болғаны — селдіреп шиге айналған қамыстардан сезіледі. Енді осы жерден батысқа қарасаң — Троицк қаласы батар күннің алауында кереметтей жарқырап, қалған-құтқан мешіттердің көлеңкесі
бері қарай созылып, аруақтанып көрінеді екен. Өйтетін жөні бар, ол осы арадан он-ақ шақырым жерде тұр. Оның көшелеріне де Сұлтанмахмұт, Сералин аттарын беруге болады ғой. Иә, Троицк тарихы да оңып тұрмаған болуы керек. Қазаннан алыс қалып, РСФСР-дың Челябі облысына қарайтын оның да жағдайы мәз емес болар. Сайып келгенде, мен Б.Ілиясовтың «Көненің көзі еді» деген очеркін оқығанда осындай ойлар құшағында болғанымды айтқым келді. Бұдан былай оған үн қосатын адамдар аз қалды ғой. Бізде бір өкініші әлі басылмай тұрған нәрсе — жазылған мәселелерге дереу үн қатып, шаруасы соған байланысты мекемелер қозғалысқа түсіп, шаралар белгілеу дәстүрі, яғни баспасөз дабылына барынша мәдениеттілікпен, іскерлікпен жауап беру — болыңқырамай-ақ жатыр. Менің ойымша, Байтұрсын дабылы, менің қосымша сөзім Қостанай басшыларының құлағына жетуге тиіс. Газеттегі мақала-очерк қозғау салар деп ойлаймын, яғни қолдау табар деген үміттемін.

Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ

Мынаны да қараңыз

Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *