Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен бірге қоғам өмірінде жаңашыл леп есіп, соны серпіліс басталғаны анық. Бұл Елбасы ойтолғамының көпшіліктің мұрат-мүддесімен астасып жатқанынын айқын дәлелі. «Рухани жаңғырудың» жалпыхалықтық қолдау тауып, кең-байтақ Қазақстанның барлық елді мекенінде көрініс тауып, оң өзгерістерге ұласқаны қуантады. Сондай бір игілікті іс Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында жүзеге асты.
Аудан орталығына қарасты Діңгек ауылындағы Молодежный көшесінің атауы өзгертіліп, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Ақмыш Қайшантаевтың есімі берілді. Ұрпақтары тұрып жатқан үйге ескерткіш тақта орнатылды. Осы орайда көшеге атын алған тұлға жайлы аз-кем айта кетелік. Қайшантаев Ақмыш 1906 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Қойтас ауылында дүниеге келген. Оның тағдыры қазақ даласынан өткен түрлі тарихи-әлеуметтік зұлматтарға тап келді. Ұлт-азаттық көтеріліс, Кеңес үкіметі құрылған уақыттағы тап тартысы талапты балғынның толық білім алуына мүмкіндік бермеді. Оқуға құштар жасөспірім 4-сыныптан бастап ауыр еңбекке араласты. Зейінді, алғыр, қазақ, орыс тілдеріне жүйрік Ақмыш Қайшантаев еңбекте де жауапкершілігімен көзге түсті. Тапсырылған міндетті абыроймен атқарып, халықтың құрметіне бөленді. Көпшіліктің қолдауына ие болған азамат 1937 жылы Қойтас ауылының негізінде құрылған «Еңбекші» колхозының басқармасы болып тағайындалды. 1931-32 жылдардың алапат аштығынан тұралаған уақытта шаруашылықты ретке келтіруге іскер азаматтар ауадай қажет еді. Колхоз жұмысын ұршыққа үйірген жас та жігерлі басшы 1939 жылы партия қатарына қабылданды. Ел басына қара бұлт үйірілген Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдары Ақмыш Қайшантаев қолына қару алып, Отан қорғауға аттанды.
1942 жылдың 13 наурызында Күршім аудандық әскери комиссаритынан майданға жіберілді. 44 Батыс атқыштар полкіне қабылданып, мергендер құрамында соғысқа кірді. 1942 жылы 25 қарашада Ленинград үшін шайқаста сол аяғынан жараланады. Емделіп шыққасын қайтадан от пен оқтың ортасына түседі. 1944 жылдың маусымынан осы жылдың қыркүйек айына дейін 245 медсанбаттың санитары болды. Одан әрі 310 Новгород қызыл тулы атқыштар дивизиясының 1082 полкі қатарында жауынгерлік борышын атқарып, бірнеше мәрте қанды ұрысқа қатысты. 1945 жылғы Воллин қаласын азат ету кезіндегі Ақмыш Қайшантаевтың батыл шешімі, өжет қимылы қызыл әскерлердің рухын көтерді. Үш фашистің көзін жойып, полкті жеңіске жетелеген жауынгер «Ерен ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл туралы майдан жылдарындағы газеттерде баяндалған.
Еуропа жерін жаяу жүріп өткен сарбаз жеңісті Германияда қарсы алды. Ержүрек жауынгер 1945 жылғы 25 қыркүйекте СССР Жоғары Кеңесінің қаулысымен әскерден босатылып, елге оралды. Тағы да жұмысқа кірісті. Туған жері Күршім ауданының Қамышын (Құйған) ауылдық кеңесінің төрағасы болып тағайындалып, шаруашылықты өркендетуге үлес қосты. Отанға қатер төнгенде кеудесін оққа тосқан азамат бейбіт күнде ауыр бейнетке жегілді. Соғыстан кейінгі тұрмысы нашарлаған халықтың әлеуметтік жағдайын түзету жолындағы өлшеусіз еңбегі ескеріліп, 1947 жылы 10 маусымда «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне тақты. Бұл, өз кезегінде, аудан, аймақ халқының рухын көтерген айтулы оқиғаға айналды. 1950 жылы ол денсаулық жағдайына байланысты ауыр жұмыстан босатылып, 1956 жылға дейін Күршім ауданындағы Ленин кен орнында жұмыс істеді. Отан игілігі жолында аянбай тер төккен соғыс ардагері, еңбектің ерені Ақмыш Қайшантаев ұзақ жылғы науқастан соң 1968 жылы 5 ақпанда көз жұмады.
Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында «Отан патриоты» медалінің иегері, тыл және еңбек ардагері Кеңесбек Құрманғалиев Ақмыш Қайшантаевтың елге қайырымды, абыройлы азамат болғанын тебірене баяндады. Алматыдан арнайы келген қарт ұстаз туған жері үшін тыным таппай еңбек еткен тұлғаға лайықты құрмет көрсеткен жерлестеріне алғысын білдірді. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің құрметті ардагері Мираш Жұмашұлы Қостанай облыстық Ардагерлер кеңесінің сәлемін жеткізіп, өр кеудесін оққа тосқан батыр бабаны есте қалдырудың ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор екеніне тоқталды. Күршім ауданы әкімінің міндетін атқарушы Мамырбек Қалелов, аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Сағанақов, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есманбек Ақтекенов, аудандық Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Б.Өлмесеков, Қоғамдық кеңес төрағасы Советхан Ысқақовтар халық алдында аржарма тілектерін жайып салды. Қостанай қаласынан арнайы келген елімізге белгілі жыршы Қыдырбек Қиысқан ардагер атаның рухына арнаған отты жырларын тарту етті.
Салтанатты шара соңында ардагердің кенже ұлы, отставкадағы полковник, ҚР Ішкі істер министрлігінің «Жол полициясының құрмет белгісі» иегері Дәуітхан Қайшантаев жиналған қауымға, көше атын беру идеясын қолдаған тұрғындар мен аудандық, облыстық мәслихаттарға шексіз алғысын айтып, осындай істердің алдағы уақытта да жалғасын табуына тілектес екенін жеткізді. Одан әрі жиын спорттық жарыстарға ұласты. Барақ батыр атындағы спорт кешенінде волейболдан өңірлік турнир өтіп, бес команда сынға түсті. Өскемен, КШТ, Көкпекті, Күршім, т.б. командалар арасындағы тартысты бәсекеде күршімдіктер басым түсіп, бас бәйге — 200 000 (екі жүз мың) теңгені қанжығасына байлады. Ерен еңбегімен есімі ел есінде қалған ардагердің ұрпақтары арнайы ас беріп, құран хатым түсірді.
Елбасы бағдарламалық мақаласында «…Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп атап айтты. Ақмыш Қайшантаев та қиын-қыстау заманда ел басқарып, халыққа қанатымен су сепкен қарлығаштай қамқорлығын аямаған тұлғалардың бірі. Ендеше, ерлігі ерек, еңбегі ерен ардагердің атына берілген көше жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелері анық. Бұл жағынан күршімдіктердің өнегелі ісі көпшілікке үлгі болғандай.
Абылай МАУДАНОВ,
журналист