Облыс әкімдігінде Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасының аймақта жүзеге асырылу жайы талқыланды деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі облыс әкімдігінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеңеске Қостанай, Рудный қалалары мен Қостанай ауданының әкімдері және ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалы мен екінші деңгейлі банктердің басшылары қатысты.
«Биылғы жылдың 31 мамырында «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасы бекітілді. Аталған бағдарламаның арқасында 2018-2021 жылдар аралығында Қостанай облысында 1 млн 300 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, облыс бойынша жылына 3500-ден астам пәтер тапсырылып, 20 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтылатын болады», — деп атап өтті өңір басшысы.
ҚР Ұлттық банкінің Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Ж.Қажрахимовтың айтуынша, жаңа бағдарлама арқылы пәтер алушы 20 пайыз алғашқы жарнаны құйып, 25 жылға дейін несие рәсімдей алады. Еліміздің төрт өңірінде тұрғын үй сатып алу бағасының ең жоғары шегі 25 млн теңге болса, қалған өңірлер үшін 15 млн теңгеден асырылмауы керек. Бүгінде «Баспана» ұйымы екінші деңгейлі 7 банкпен келісімшартқа отырған. Олар — «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», Центркредит, Евразия банкі, АТФ банк, Халық банкі, Цесна банкі және РБК банкі. Алдағы уақытта Сбербанк пен Форте банктер де осы бағдарламамен жұмыс істейтін болады. Биылғы жылдың 23 шілдесіне дейінгі көрсеткішке сүйенсек, облыста 25 өтініш қаралып, оның 15-і мақұлданған, 5 адамға ипотекалық несие берілген. Мәселен, «Центркредит» банкіне 22 өтініш, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» небәрі 3 өтініш түскен. Сондай-ақ «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» бағдарлама туралы мағлұмат алу үшін 1100 адам жүгінген, ал 230 адам қалған банктердің үлесінде. Осы орайда Жомарт Қажрахимов атқарушы органдармен, Ұлттық банк, серіктес банктермен және құрылыс компанияларының қатысуымен аймақтық медиа-жоспарды қабылдау қажеттігін ұсынды. Бұл ұсынысты облыс әкімі А.Мұхамбетов те қолдады. Сондай-ақ әкім тұрғындарды жаңа бағдарлама бойынша ақпараттандыру жұмыстарының сылбыр жүргізіліп жатқандығын сынға алды.
«Бағдарламаның тиімділігі туралы халыққа кеңінен насихатталуы қажет. Ал бұл бағыттағы жұмыстар әлсіз жүргізілуде. Ауқымды бағдарлама бойынша Ұлттық банктің өзінде 4-ақ адам жұмыс істеуде, оның өзінде біреуі директордың орынбасары, бұл өте аз, сондықтан бағдарламамен жұмыс жасайтын мамандар санын көбейту керек. Ал Центркредит банкінде 9 адам айналысады екен, бұл — жақсы көрсеткіш. Сондай-ақ жаңа бағдарламаны жүзеге асыруға барлық мекемелер де атсалысуы тиіс. Әсіресе, Білім, Денсаулық сақтау басқармалары дәрігерлер мен ұстаздарға бағдарламаның тиімділігін түсіндіріп, олардың бағдарламаға қатысуын жұмылдыру керек. Сол себепті, қанша мұғалімнің, қанша қызметкердің осы бағдарлама бойынша баспана алғандығы туралы әр мекемеден есеп алынып отыратын болады. Ал медиа-жоспар бойынша ұсынысты мен де қолдаймын. Сондықтан, облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысына медиа-жоспармен толық танысып шығуды тапсырамын. Бұл бағдарлама бәріміз үшін басты орында болуы тиіс. Әр атқарушы орган басшылары өз салалары бойынша баяндама жасаса, соның отыз пайызында осы бағдарламаға көңіл аудару қажет. Бағдарлама бойынша үй алғандарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, насихаттау ләзім», — деп атап өтті облыс әкімі А.Мұхамбетов.
Тобыл-Торғай-ақпарат