Мұғалімдерге арналған арзан ұялы байланыс тарифі енгізіледі. Бұл туралы бүгін тарифтерді төмендету мәселесі қаралған дөңгелек үстел отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Дарын Тұяқов айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ұялы байланыс операторларына да сараптама жүргізілді. «КаР-Тел» компаниясы тарифтік жоспарлардың жаңа желісін ұсыну туралы бастама жасады. Аталған тарифте «Әлеуметтік», «Әлеуметтік плюс» және мұғалімдерге арналған тарифтік жоспарлар бар. Бұл тарифтерге сәйкес байланыс құны 50 пайызға төмендейді. Егер де осы уақытқа дейін оның құны 1300 теңге болса, ендігі уақытта 590 теңге болады», — деді Дарын Тұяқов.
Вице-министрдің дерегінше, Kcell компаниясы да өз абоненттері үшін «Комфорт XS+» деп аталатын жаңа тарифтік жоспар ұсынбақ.
«Олар да тарифті 50 пайызға төмендететін болады. Ай сайынғы абоненттік төлем бұған дейінгі 2590 теңгенің орнына 1390 теңгені құрайды», — деді ол.
Оның айтуынша, «Altel» мен «Теле2» компаниялары тарапынан тарифтерді төмендетуге қатысты әзірше еш ақпарат жоқ. Дегенмен, министрлік олардан таяу уақытта ұсыныс түседі деп күтіп отыр. Бұған дейін қазақстандық байланыс операторлары, соның ішінде «Қазақтелеком», «Қазтранском» және «Транстелеком» компаниялары тарифтерді төмендетуді жоспарлап отырғанын жазылған болатын.
Сондай-ақ бүгінгі дөңгелек үстел отырысында мәлім болғандай, жыл соңына дейін тағы 15 монополист жылу, су, электр энергиясы және газға тарифтерді арзандатады.