Кездесу барысында Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы, сондай-ақ Жолдауда берілген тапсырмалардың орындалу нәтижелері туралы баяндалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Елбасы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды уақтылы әрі сапалы іске асырудың, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыру үшін шаралар қабылдаудың маңызды екенін атап өтті.
– Қостанай облысының макроэкономикалық көрсеткіштерінің өсу қарқыны сақталып отыр. 2017 жылмен
салыстырғанда өнеркәсіп өндірісі 8,3 пайызға, құрылыс саласы 22,3 пайызға өсіп, 300 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді, – деді А.Мұхамбетов.
Сонымен қатар, Қостанай облысының әкімі Қазақстан Президентіне автомобиль өндірісін дамыту, инвестиция тарту және индустриялық жобаларды іске асыру жұмыстарының нәтижелері туралы мәлімдеді.
– Облыста индустриялық аймақ құрылуда. Соның аясында 11 жоба әзірленіп жатыр. Соның ішіндегі ең ірісі – ауыл шаруашылығы хабын құру. Оның құрамына 600 мың тонналық қуаты бар арнайы мақсаттағы ұн өндіретін, жылына 1 миллион тонна жем дайындайтын, глютен өндіретін және майлы дақылдарды қайта өңдейтін цехтар кіреді. Бұл жоба ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыруға бағытталған, – деді А.Мұхамбетов.
Қостанай облысының әкімі ауыл шаруашылығы техникасын өндіру, құрылыс материалдарын шығару, Арқалық қаласындағы ет өңдеу кешенін дамыту салаларына қатысты жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шаралары жөнінде айтты.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырма берді.
Тобыл-Торғай-ақпарат