(Ахмет Бірімжан туралы)
Тобыл-Торғай өңірін мекен еткен Шақшақ Жәнібек зәузатынан, оның ішінде Бірімжан әулетінен шыққан тұлғалардың осалы жоқ. Алды Ресей елінің жоғары оқу орындарында оқыған, білім алған азаматтар. Әсіресе, Қорғанбек Бірімжанұлының ұрпақтарын ерекше айтуға болады. Қорғанбектің біз білетін балалары: Әбдікәрім, Ахмет, Шарифа, Зухра, Рахима, Ғазымбек, Батырхан, Мұхтар, Кәрім, Нұрхан, Жұмахан, Қазима, Шәкен. Олардың көбі дерлік, жоғары оқу орнын тәмамдаған, саяси жұмыстарға белсене атсалысқан. Орынбор гимназиясын күміс медальге, Император атындағы Қазан университетін алтын медальге бітірген Ахмет Бірімжанның бір өзін айтса жеткілікті.
Біз Ғазымбек Бірімжан туралы зерттеу еңбегін жазғалы бері көптеген дерекке ұшырастық. Осы кезде Ахмет Бірімжанұлының тұлғалық келбетіне де үңіліп, тың деректерге кезіктік. Көптеген ғылыми мақалада «Ғазымбек жастайынан ағасы Ахмет Бірімжанның қолында өсіп, қамқорлығын көрген» дейді. Алайда ары қарай тарқатып, нақты бір деректерді келтіре қоймайды. Осы бір сөйлемнің қуатын күшейтіп, растай түсу мақсатында заманында «Ахаң-юст» атанған қайраткердің інісі Ғазымбекке жасаған қамқорлығын жазғалы отырмыз.
(Ахмет Бірімжанның Торғай губернаторына өз қолымен жазған өтініші. ҚРОМА (25-қор, 1-тізім, 1545-іс, 5-6-бет)
Ғазымбек Бірімжан ауылдағы мектептен әріп танығаннан кейін, Орынбор реальды училищесіне оқуға түскен. Орынбордағы оқу орнына түсуіне жәрдемдескен – ағасы Ахмет. 1909 жылдың 7 тамызында Торғай губернаторына Ахмет Бірімжан өтініш жазады. Өтініште 1907-1908 оқу жылында Ғазымбекке реальды училищеден немесе гимназиядан стипендия беруін әкесі Қорғанбек сұрағанын жеткізеді. Өтініште Торғай уезі Орынбор қаласынан шалғай орналасқанын, уезден тек 4 оқушы ғана стипендияға іліккенін баяндайды. Бұзылық қаласынан жазылған өтініш оң нәтиже беріп, 1909 жылдың 26 Тамызындағы №796 бұйрық бойынша Ғазымбек стипендия иеленеді. Бір қызығы, Ғазымбекпен бірге стипендияға Ахметтің балдызы Сүйінгерей Сейдалин таласады. Сүйінгерейдің өтініші қағаз түрінде емес, директормен сөзбе-сөз болған. Директормен сөйлесуші Ахметтің жұбайы Гүлжауһар Сейдалина екені анық. Кейін 1912 жылы Сүйінгерей де стипендия иемденген (Қараңыз: Д. Ихсан Беймәлім болған Орынбор кезеңі. – Qalamger.kz).
Іңкәр Ахметқызы өз естелігінде Ғазымбек Орынборда оқып жүрген кезінде әр демалыс сайын Бұзылық қаласына келіп тұратынын жазады. ІІ Мемлекеттік Дума күштеп таратылғаннан кейін Ахмет Бірімжанның Самара губерниясындағы Бұзылық қаласында тұрғаны баршамызға аян. Патша үкіметі құлағаннан кейін ғана елге оралады. Ахмет Бірімжан 1920 жылы Семей қаласында тұрған кезде Ғазымбек ағасына барады. Ағасы Ахметке көмектесу үшін Семей губревкомындағы Шетелдік бөлімнің іс жүргізушісі болып қызмет істейді. Шетелдік бөлімде көбіне өзге ұлт өкілдері жұмыс істеген. Ғазымбекпен бірге сол кезде бұл бөлімде басқа да белгілі Алаш қайраткерлері қызмет етіп, өзге ұлт өкілдерін ысырған. 1920 жылдың жазында А. Бірімжан Семейден Орынборға жұмыс бабымен ауысады. Ғазымбек ағасымен бірге Орынборға барғанымен көп тұрақтамай, бірден Ташкенге жол тартады. Одан соң Берлинге оқуға аттанып, 1928 жылы ғана елге оралады. Ал, ағасы Ахмет 1927 жылы ауыр сырқаттан көз жұмған болатын. Іңкәр Ахметқызының естелігіне сүйенсек, 1928 жылы Ғазымбек Қызылордаға келіп, келесі келгенде пианинода ойнауды үйрететінін айтқан екен. Алайда шырмауы көп, бұралаңы мол өмір жолы басқа арнаға бұрылып, Ғазымбек Вологдадағы іс-сапарынан оралмай, айдауға ұшырайды.
Ахмет – Ғазымбектің үлгі тұтар, арқа сүйер ағасы. Ғазымбектің саяси көзқарасы қалыптасуына, танымының артуына ағасының ықпалы зор. Ахмет Бірімжанның замандастары Әлихан, Ахмет, Міржақып сынды қайраткерлер де Ғазымбектің болашағына сеніммен қарап, үміт күтті. Алайда Ғазымбек өз потенциалын толық аша алмады, анығын айтсақ, ашуына мүмкіндік бермеді. Берлин төрінен білім алып келген мықты маманның білімін туған елінің мүддесіне жаратуына жол бермей, қуғын-сүргінге ұшыратты.
P.S. Одан бөлек, Ахмет пен жұбайы Гүлжауһар Торғайдағы бауырларын, туыстарының балаларын қалаға әкеліп, оқу оқытқызып, ел қатарына қосқан. Ахметтің тікелей қамқорлығын Сұлтан Шәйкемелұлы, Рашида Шәйкемелқызы, Хамида Әбдікәрімқызы, Кәрім Қорғанбекұлы, Мұхтар Бірімжан, Нұрхан Қорғанбекұлы т.б. көрген. Интернат-мектепке орналастырып, жағдайларын жасаған. Бұл арада Гүлжауһар анамыздың да еңбегі ерен екенін айтуымыз қажет (Қараңыз:«Память сердца» М.:МЭСХ, 2015. – 168 с. ).
Данияр ИХСАН,
«Qyr balasy» ҚҚ ғылыми қызметкері, жас зерттеуші
Ескерту: суреттер Рүстем Бірімжанов пен Лейла Айтхожинаның жеке архивтерінен алынды