«Ашынғаннан шығады ащы даусым» немесе Қостанай облысында кадр тапшылығы бар ма?!
Жақында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов мырза Айман Ибраеваны облыстық білім басқармасының басшысы лауазымына тағайындаған еді. Әрине, өңір басшысының кадрларға қатысты өз саясаты бар. Оған айтар уәжіміз жоқ. Дегенмен, білім саласындағы жайттан, әсіресе ана тіліміздегі мектеп жайынан хабардар болғандықтан Ибраева ханымды тағайындау сәтті таңдау деп айта алмаймын.
Осыған дейін облыстың білім саласын басқарған Батима Даумова деген ханым болған, Кеңес кезеңінен келе жатқан «апаны» көріп, қатты таң қалған едім. Қазақша ежіктеп оқығанды да көрді мына көзіміз.
Кейін, ұзақ уақыт ішкі саясат саласында жұмыс істеген Зәуре Байменова ханым келіп, өзгеріс байқалғандай болған. Бастысы Зәуре Әнуарбекқызы ашық болатын, сынды қабылдай білетін және әлеуметтік желіде жауап беретін. Қазіргі қызметі білуімше, министрлік жағында, сәттілік тілейміз. Айтқандай, Байменованың мамандығы қазақ тілінің оқытушысы еді.
Ал, Қостанай облысының Білім басқармасын басқарған Цымбалюк, Каткенов сияқты басшылар онша есте қалмапты.
Цымбалюктің кезінде сыбайлас жемқорлық орын алған фактілер тіркелген еді, соңы не болғанын білмеймін. Дегенмен, өңірде резонансты оқиғалар орын алғаны мәлім. Мәселен, Меңдіғара аудандық білім бөлімінің бастығы Қалыбек Жүгінісов өз-өзіне қол жұмсаған болатын. Бір (әлде бірнеше) техникум басшысына қатысты сыбайлас жемқорлық оқиғасы да тіркелген еді. Істі болғанын білемін.
Жалпы, сын да көп, мәселе де жиі орын алатын сала — әрине білім саласы.
Мәселен, биылғы оқу жылы басталғанда мектептердің дайын болмай оқушылардың әкімдік ғимараттарында сабақ оқығаны да бар еді. Кешегі Шульманды шақырғыш Нәрікбаев университеті Қостанайда мектеп ашқанда тіпті аралас та емес, тек орыс тіліндегі мектеп ашқан еді. Соларға білім басқармасындағылар, оның басшылығы бірауыз сөз айтса болар еді ғой: «айналайындар, Сіздер Ресейде емес Қазақстанда мектеп ашып жатырсыздар, ең болмаса бір сыныбы мемлекеттік тілде болсын» деп.
Бірақ, қазақ тіліне келгенде «қисайып қалатын» жаңа басшы оны қайтсын, ана тілінен мақұрым басшыдан не сұрауға болады?
Жалпы, жоғары лауазымға тағайындау кезінде мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік тілді білуі-білмеуі есепке алынуы керек емес пе еді?
Ал, білім жайын алсақ, облыстағы қазақ мектептерінің көбі шағын комплектілі, оның өзінде аталған мектептер негізінен Торғай жерінде, тіпті, Қостанай облысының кей аудандарында мемлекеттік тілде білім беретін бірлі-жарымды мектептер ғана бар. Оны айтасыз-ау, Қостанай қаласының іргесіндегі Мичурин ауылындағы аралас мектепте қазақ тіліне қарсы арандатушылар шықты. Олар бір топ адам болып, оқу орнын бірнеше жыл басқарып, білім ордасын үлкен жетістікке жетелеген Айнаш Даданованың үстінен арыз жазып, жала жауып, оның директорлық қызметінен кетуіне себепші болып отыр.
Орта білім жайы тіпті адам жыларлық жағдайда, кейбір колледждерде қазақ топтары атымен жоқ. Облыстағы 25 колледждің 14 коллежді тіпті қазақша оқытпайды. Облыс бойынша колледждердің 17 проценті ғана қазақша білім береді. Жасөспірімдер Қазақстанда қазақ тілінде оқымағанда қайда барып оқиды?
Айтса берсе, Қостанай облысының білім саласында осындай түйіткүлді мәселелер жетеді, соның бәрін Ибраева ханым еңсере алар ма екен?! Айтқандай, Байменованың орнына келген Ибраева ханымның мамандығы орыс тілінің оқытушысы екен!
Бір жолы оған хабарласып (ол кезде Қостанай қалалық білім басқармасын басқарып тұрған) Ибраева ханыммен амалсыз өзге тілде «гәпірлескен» жайымыз бар еді!
Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ