Тур идеясы жөнінде
Осыдан 4 жыл бұрын, одан кейін 3 жыл көлемінде туризм саласын зерттеген, мемлекеттің қатысуымен құрылған акционерлік қоғамда жұмыс істеген едім. Жұмыс барысында туризмнің, оның ішінде Қазақстанда ішкі туризмнің дамуын зерттеген болатынбыз. Сонда байқағаным, жалпы елімізде туристерді шетелге апару жолға қойылған екен, ал өз еліміздің ішкі туристеріне жағдай жасау, оларға қызмет көрсету әлі де ақсап жатқанын білдім. Оның үстіне Қостанай облысының Торғай өңіріне қатысты туризм туралы тақырып тіптен қозғалмаған екен. Біріншіден, елден ерте кеткеніммен, мен сол Торғай өңірінің тумасымын ғой. Екіншіден, бейнелеп айтатын болсақ, өз тамырыма қайта оралғаныма бір-ақ жылдан асты. Әрине, оны біреу бастау керек қой, не де болса оны біз бастап кеткен түріміз бар.
Бұрынырақта, яғни 4-5 жыл бұрын Талғат деген туған інім Торғай өңірінің Көкалат ауылында өз шаруашылығын ашқан болатын. Оған қолымнан келгенше көмегімді көрсетіп, бизнес-жоспарын жазып бердім, қысқаша айтқанда, өз білгеніммен бөлістім. Алайда, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу, сату мәселесі қиын екен, оның үстіне жолдың шалғайлығы бар дегендей. Мұндай жағдай өз күнкөрісін малмен көріп отырған ауыл тұрғындарының бәріне қатысты. Сырттан келетін сатып алушылар олардың қолдарындағы өнімдерін арзан бағаға сатып алады. Яғни, бұл жерде басты мәселе ел экономикасына диверсификация жасау, яғни әртараптандыру жолы тұр. Сондықтан бұл жобаны әлеуметтік жоба ретінде қарастыруға болады. Мәселен, сырттан келген туристерге ауыл тұрғындары өз құртын, сүтін, қымызын, етін жақсы бағаға өткізер еді әрі бұл жергілікті бюджеттің бүйрегін де толтырады ғой. Оның үстіне қосымша жұмыс орындары құрылады дегендей. Сонымен, бұл жобаны әбден елеп-екшеп, тәуекелге барған түріміз бар. Біздің бір артықшылығымыз – ол жаңағы шаруашылық негізіндегі базамыздың болуы.
Енді нақты «Тылсым Торғайға тур» атты жобамызды тарқататын болсам.
Біз бес бағыт бойынша жұмыс істейміз:
- «Бабалар ізімен» деген шартты атаумен Торғай өңірінің батыр-бектерін, жырауларын, әулие-әмбиелерін, ақын-жазушыларын өзге жұртқа таныту. Торғай жері — Шақшақ Жәнібек батыр, Амангелді Үдербайұлы, Кейкі Көкембайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ыбырай Алтынсарин сияқты ұлы тұлғалардың мекені. Өз кезегінде олардың аталған өңірдегі 10 музейін көру мүмкіндігіміз бар. Мәселен, Арқалық қ. Дала өлкесі тарихы музейі, Амангелді кентіндегі Амангелді Иманов музейі, Торғай қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы, Ыбырай Алтынсарин, «Торғайдың топжарғаны» Нұрхан Ахметбековтің, Шақшақ Жәнібек батыр музейлері сияқты музейлерге барамыз, бұл музейлерде өте сирек кездесетін жәдігерлер бар екенін естеріңізге саламын. Жалпы, Торғай елі, аты Торғай болғанмен, қырандар мекені ғой, мәселен, бір ғана Қызбел ауылынан исі қазаққа танымал 25 академик пен алаштың ұл-қыздары туған екен, бұны біреу білсе, біреу білмес. Ал енді менің өз ауылым мен көрші ауылдар — Көкалат, Аралбай мен Көлқамыстан жалпы саны 60 ақын-жазушы шыққан екен. Бұл мақтаныш па, мақтаныш, әрине, оларды өскелең ұрпаққа осылай насихаттай аламыз. Одан өзге Құтан әулие, Оспанқожа сияқты әулие-әмбиелеріміз қаншама.
Одан басқа менің өз ауылым Ыбырай Алтынсариннің кітабына арқау болған Қыпшақ Сейітқұл атамыздың ауылы, Айса Нұрманов сияқты техника жоқ заманда 20 шақырымдық бөгет тұрғызған атамыз да осы ауылдан шыққан.
Қысқаша айтқанда, осындай қаншама аталарымызды, жерімізді танытамыз, жалпы барша қазақ даласы сияқты Торғай даласы да тұнып тұрған тарих қой.
- Қазір әлемнің сегізінші кереметі — Торғай геоглифтері нақ осы өлкеде орналасқан, аталған геоглифтер дүние жүзінде тек Қазақстанда және Оңтүстік Американың Перу мемлекетінде кездеседі екен. Біз сапар барысында міндетті түрде Торғай геоглифтерінің ішіндегі белгілісі Үштоғай төртбұрышына өтеміз. Негізі, менің ойымша, геоглифтер Қазақстанның басқа да жерлерінде, әсіресе, солтүстік өңірлерде болуы мүмкін, бірақ тың игеру жылдары геоглифтер тегістеліп кетті ме деген ойға қаламын. Бір жағынан жеріміздің шалғай болғаны сондай мұрамыздың сақталып қалуына да әсер еткен сияқты.
- Міне, осы шалғайлығымыз Торғай қазақтары тұрмысының бұзылмай қазақы қалпына сақталуына да септігін тигізді. Егер ол қонақжайлығымызды, нағыз ауыл тұрмысын неге туристер үшін ұсынбасқа, әрине, оны қызмет көрсетуді жақсарта отырып ұсына аламыз ғой. Туристерге зәулім ғимараттар емес, шынайы қазақ салты, өмірі қызық емес пе? Айтқандай, бұрындары, яғни 1990 жылдары ауылымызда 700-750 үй болатын болса, қазір содан қалғаны 70-75 үй және олар қиыншылыққа әбден төзе білген, елден көшпейтін, ертеңіне сенімді отбасылар. Ауылға, елге әр барған сайын риза болып келемін. Неше десеңіз, әр үйге таза суы кіріп тұр, жарығы бар, Отау ТВ қосулы, мектеп, аурухана, дәмхана, дүкендері жұмыс істеп тұр. Әрбір үйдің ішінде туалет-ваннасы, ауласында бақшасы тағы бар, әрине әр үйдегі қолдағы малды қоспағанда.
Сіз елге келген кезде бірден баяғы балғын балалық шағыңызға күмп ете қаласыз, қанша жолдан шаршап келсеңіз де біз қызықты әрі қонақжай қазақ ауылының көрінісін, салт-дәстүрі мен тұрмысын көрсетеміз. Мәселен, туристер киіз үй құрып, қырға шығып балық аулап, атқа мініп, таң-тамаша болады, өзіміздің дүкеніміз бен дәмханамыздан қосымша қызмет те көрсетеміз. Құмкөшу атты құмымызға аунаймыз.
- Торғай жерінде «Алтын дала» мемлекеттік резерватының мынадай үш учаскесі орналасқан: ол «Тосынқұм» және «Сарықопа», сондай-ақ «Ұлы жыланшық» болып бөлінеді, әзірге біздің базамызға ең жақыны «Ұлы Жыланшық» учаскесі және «Сарықопа» учаскесінің шетінен өтеміз. Мәселен, «Ұлы Жыланшық» учаскесі дала еркесі – киіктердің Батпақдала атты популяциясының төлдейтін және жайылатын жері. Сондай-ақ, аталған жерлерде құстар мен аңдардың және өсімдіктердің сирек кездесетін түрлері бар. Атқандай Торғай қолаты Сібірден оңтүстікке, яғни құстардың жылы жаққа өтуінің нағыз ортасы, осы жерден құстардың 90 пайызы өтеді. Аталған жерлердің флорасы мен фаунасы ғана емес, жер бедерінің өзі әр 20 шақырым сайын өзгеріп отырады. Мәселен, Көкалат ауылынан «Ұлы Жыланшық» учаскесіне дейінгі 80 шақырым біресе құмды, біресе сазды, енді бірде шөлейтті, тағы бірде ақселеулі болып тұрады. Сонымен бірге, Торғай және Қабырға өзендері бойынан естен кетпес балық аулау сәті де туристердің жадында қалуы тиіс.
Егер, мысалы Еворпадағы бірнеше мемлекеттен тұратын Бенилюкс құрамасының аумағында 30 млн. адам тұратын болса, біздің Торғай жерінде бар болғаны 80 мың адам тұрады. Шын мәнінде жеріміздің құпиясын өзіміз де біле бермейміз. Мысалы қазақ даласында кездесетін сағымның түнгі сағым деп аталатын түрі тек Торғай жерінде кездеседі.
- Қазақ асханасының тағамдарынан дәм тату, яғни, қонақтарға бұқпа, қазақша ет, қымыз, қымыран, бауырсақ, жент, қуырдақ сияқты ұлттық тағамдарын жеп, қажет болса олардың дайындалуын көрсету және өздерін де қатыстыру. Әрине, әлі де айтуға болар еді, бірақ ең басты деген 5 бағытын қамтуға тырыстым деп ойлаймын.
Өңірдегі тарихи ескерткіштер мен құнды жәдігерлерді дәріптеу, тарихын түсіндіруге қатысты
Ең алдымен бұрын айтып кеткенімдей 10 музей жұмыс істейтіні белгілі (бұған әрине өз ауылымнан басқа ауылдық музейлерді қосқан жоқпын, негізінде әр ауылда бір бір музейден бар), біз сол музейлердің басшыларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Мәселен, Амангелді музейінің директоры Нұрлыбек Игіліков, кезінде Өзбекәлі Жәнібеков негізін осыдан 40 жыл бұрын қалап кеткен Арқалық қ. Дала өлкесі музейінің директоры Гүлбану Елтебаевамен, Торғай қаласындағы Музейлер кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекемен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Обалы нешік, жету қиын болғандықтан аталған музейлерге кейде кеш баратынымыз бар, сонда әдейі алыстан келгендігімізді ескеріп, кеш болса да музей есігін ашып, қызметтерін көрсетеді. Әрине, материалдық-техникалық жаңғыртылуы ол облыстың Мәдениет басқармасының қарауында, бірақ оларды шашау шығармай әрі бірегей жәдігерлермен толықтырып отыру жанқиярлық деп бағалаймын. Арнайы маман демекші осы салада Астана қ. шамалы уақыт жұмыс та істегенмін, оның сыртында алғашқы мамандығым тарих және саяси-әлеуметтік пәндер оқытушысы ғой. Оның үстіне туристерді апаруда өзім де гид боламын, сондай-ақ, компанияның акционерлерінің бірі тағы бірі — інім Жәнібектің мамандығы туризм саласының кәсіби маманы. Ал, болашақта қызмет аясы кеңейіп жатса әрине сала мамандарын қосымша тартатын боламыз.
Жобаның қаржыландырылуы жөнінде
Әзір өз қалтамыздан қаржыландырып отырмыз, бұл әлеуметтік жоба. Жақында Қостанай облысының Кәсіпкерлік басқармасы Астана қаласында орналасқан біздерді аталған облыстың туристік компаниялары үшін өткізілген шараға шақырған болатын.Ол жолы олармен жақынырақ таныстық әрі «Тылсым Торғайға тур» жобасының тұсаукесерін де өткіздік. Әрине, біздің өңірден (Торғай өңірінен) мұндай жобаның пайда болғанына және қызу іске кірісіп кеткеніне олар да таң қалды. Сол жолы «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы өкілдерімен де кездесіп, олар тарапынан қызығушылық та болды. Әзір біз келіссөздер жүргізудеміз.
Сапарлаушыларға қатысты айтатын болсақ, олар жолға төзе алатын, экстемалды туристер болуы керек. Өйткені біз кем дегенде 4 күндік тур болғандықтан мәселен бірінші және соңғы күні көлікпен 300-350 шақырым қашықтықты жүреміз. Сәйкесінше ұзақ жолға және нағыз қазақ қонақжайлығына дайын болуы керек. Нағыз қазақ қонақжайлығы деп отырғанымыз, таң атқаннан кешке дейін ет жеу мен қымыз ішуден шаршап қалмаңыз дегім келгені ғой, әзіл әрине! Жоспарымызға қатысты айтатын болсақ, әлі де кеңейіп, киіз үйлер қалашығын құрып, кемпинг салып, аң-балық аулайтын база салып не сатып алып қызмет сапасын арттыру.
Сапар барысындағы қауіпсіздік мәселесі, ас-су қауіпсіздігі, жергілікті қонақүйлер, өзге де жайттар туралы
Әрине, турист өте кірпияз жан ғой, сәйкесінше оның асы, демалатын орны, жол көлігі және тағы басқа да жайттардың бәрі қатаң ескерілетін болады. Себебі қауіпсіздік мәселесі жалпы бірінші жолда тұрады. Әр турист біздің көз алдымызда болады, міне сондықтан да біз қаптаған туристер емес, шағын 8-10 адамнан тұратын топтарды ғана апарамыз. Кейде қызмет көрсетушілеріміз саны олардан да көп болады. Ал ауылда оларға киіз үйде не қонақ үйде тұру еркіндігі беріледі. Қалаларда сәйкесінше қонақ үйлер екені тағы түсінікті ғой, ал жол бойы тоқтайтын жерлеріміздегі дәмханалармен жұмысымыз жолға қойылған. Мәселен, таңғы алты жарымда Арқалық поезынан түсетін туристерімзді таңғы жетіде таңертеңгі асы күтіп тұрады.
Жергілікті әкімдікпен келісімдер жөнінде
Әзірге Қостанай облысы Жанкелдин ауданының әкімдігімен байланыс жасадық, олар өз кезегінде көмектерін де ұсынып отыр. Болашақта одан өзге Қостанай облысының Амангелді ауданы мен Арқалық қаласының әкімдіктерімен кездесіп, біраз мәселелерді талқылау жоспарламызда бар. Облыс әкімдігі қызығушылық білдіріп жатса, қандай да бір меморандум жасауға дайынбыз. Қазіргі облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюкпен кезінде министрлікте бір уақыт бірге қызмет те атқарған едік, ол біздің жобамыз туралы хабардар деп ойлаймын, оның үстіне облыс әкімі Архимед Мұхамбетов облыстың оңтүстік аудандарының дамуына жіті көңіл бөлуі тиіс қой. Мысалы, Торғай геоглифтерінің бірегейі Үштоғай төртбұрышы орналасқан жерде қандай да бір белгілер болса, жазылып, бағыты көрсетіліп тұрса, әрине ол жергілікті жердің не орталық мемлекеттік органдардың құзыретіне байланысты шығар, бірақ ондай мәселелерді жедел шешу керек.
Қазақстанның өзге де өңірлеріне сапарлар туралы
Әзірге қызмет ауқымын Астана мен Бурабайға да кеңейту жоспарымызда бар, ал қалғаны болашақтың ісі.
Шетелдік туристерді тартуға қатысты
Жалпы ішкі турист пе сыртқы турист пе олардың бәрі ел экономикасына қаржы құяды ғой, сондықтан өз басым оларды бөлмеймін, әрине белгілі бір уақыттан кейін шетелдік туристер де келе бастайды. Қазірдің өзінде Венгрия, Ресей туристері қызығушылық көрсетіп жатыр. Айтқандай сайтымыздың ағылшынша нұсқасын да іске қостық. Әрине, қазақша және орысша нұсқалары да жұмыс істеп тұр. Бұл ретте, тағы айта кететін жай, біз әлеуметтік желілерді өте тиімді және жиі пайдаланамыз.
Ішкі туризмді дамытудың тетіктері туралы
Біздің екі проблемамыз бар, ол жол және инфрақұрылым. Ал енді баға саясатына қатысты айтатын болсақ жалпы Қазақстанның ішкі туризмінің дамуына аталған факторлардан басқа тағы кедергі ол қызмет көрсетуші ұйымдардың тек жазғы мезгілде қызмет көрсетіп, қысқа уақыттағы шығындарын жазғы демалыс есебінен өтеуге тырысуы. Бұл әрине қате бағыт. Оның есесіне қысқы қызмет түрлерін ұсыну қажет, мысалы, Азия елдерінде өмірінде қарды көрмеген ондаған-жүздеген миллион адамдар бар, міне соларды алып келіп, чартерлік рейстер ұйымдастырып, қызмет жасау қажет. Бұл да бір қызығы мен шыжығы көп сала, егер өзіңіздің ісіңізді ұнататын болсаңыз, одан ләззат алатын болсаңыз, әрине ішкі туризмен, жалпы туризммен айналысу керек. Елімізде қаншама құпиясын ашпаған жерлер бар. Міне оларға баруымыз және оларды көруіміз қажет.
ЖОО-мен бірлесіп жұмыс жасау, тарихшы мамандықтарындағы студенттерді тарту жөнінде
Әрине, мамандарсыз жұмыс істеу мүмкін емес, өйткені бізге дайын мамандар керек қой, әзірге өз күштерімізбен туындаған қандай-да бір мәселелерді шешіп жатырмыз. Жалпы менің байқағаным бірнеше тілді білетін гидтердің жетіспеушілігі бар екен.
Сөз соңында айтарым – ішкі туризмді бірге дамытайық.
Байланыс телефондарымыз: +77016273081, +77018707193, +77758247679
Сайттарымыз:
https://kazakhtravel.wordpress.com/about/
http://astanasayakhat.plp7.ru/
Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ
Фотолар автордың жеке мұрағатынан алынды