
Қазіргі таңда журналистика – қоғам өміріндегі маңызды мамандықтардың бірі. Ақпараттың жылдам таралып, әлеуметтік желілердің күнделікті өмірімізге енуі журналист жұмысына жаңа талаптар қойып отыр. Болашақ журналист ретінде бұл мамандықтың тек мақала жазумен шектелмейтінін түсінемін.
Бүгінде ақпаратты бірнеше секунд ішінде бүкіл әлемге таратуға болады. Бұрын адамдар жаңалықты газет пен теледидардан күтсе, қазір әлеуметтік желі арқылы кез келген оқиғадан хабардар болады. Алайда әлеуметтік желіде ақпараттың жылдам таралуы оның әрдайым шынайы екенін білдірмейді. Сондықтан қазіргі журналистің басты міндеті – оқиғаны бірінші болып жеткізу емес, оны дұрыс зерттеп, тексеріп, халыққа нақты ақпарат ұсыну.
Қазақстандағы журналистика саласы да уақыт талабына сай өзгеріп келеді. 2025 жылғы мәлімет бойынша, елімізде 4 871 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның ішінде газет-журналдар, телеарналар, радиостанциялар және интернет-басылымдар бар. Бұл көрсеткіш ақпарат саласының кеңейіп, түрлі бағытта дамып келе жатқанын аңғартады.
Журналистикадағы тағы бір маңызды мәселе – жалған ақпараттың таралуы. Әлеуметтік желілерде тексерілмеген мәліметтер жиі кездеседі. Кейде адамдар ақпараттың қайдан шыққанын анықтамай-ақ, оны өзгелерге таратып жатады. Мұндай жағдайда журналистің жауапкершілігі арта түседі. Себебі бір ғана қате ақпарат адамның беделіне, қоғамдағы көзқарасқа және қоғамдық пікірге әсер етуі мүмкін.
2024 жылы Қазақстанда «Масс-медиа туралы» жаңа заң қабылданды. Бұл құжат бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттеуге және журналистердің кәсіби қызметіне қатысты құқықтық мәселелерді айқындауға бағытталған.
Менің ойымша, журналистика мамандығын таңдаған адам ең алдымен ізденімпаз, сауатты, батыл және жауапты болуы керек. Журналист әртүрлі адамдармен тіл табыса білуі, сұрақты дұрыс қоя алуы және кез келген жағдайға бейімделуі қажет. Сонымен қатар өз пікірін ақпаратпен шатастырмай, оқиғаны мүмкіндігінше объективті жеткізуі маңызды.
Студенттік кезең – осы қасиеттерді қалыптастыратын уақыт. Болашақ журналист ретінде теориялық біліммен қатар, тәжірибенің де маңызы зор екенін түсінемін. Сұхбат алу, мақала жазу, ақпарат жинау және оны өңдеу – кәсіби маман болып қалыптасудың негізгі қадамдары.
Қазір жас журналистер үшін мүмкіндіктер көп. Интернет-басылымдарда жұмыс істеуге, жеке жобалар ашуға, подкаст жүргізуге және бейнематериалдар дайындауға болады. Бірақ қандай формат таңдалса да, журналистің басты құндылығы өзгермеуі керек. Ол – шындыққа адалдық.
Журналист болу – жай ғана мамандық таңдау емес, қоғам алдындағы үлкен жауапкершілікті қабылдау. Себебі журналистің әрбір сөзі мен жариялаған ақпаратының артында адам тағдыры мен қоғамдық пікір тұруы мүмкін. Сондықтан нағыз журналистің мақсаты – танымал болу емес, халықтың сеніміне ие болу.
Сабина ҚАЛҚАМАН,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
Қостанай өңірлік университетінің
журналистика мамандығы 1-курс студенті
Фото: ku.edu.kz
Тобыл-Торғай tobyl-torgai.kz