ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВТІҢ ТОРҒАЙ ӨҢІРІНДЕГІ ҚЫЗМЕТІ

Өзбекәлі Жәнібеков – қазақтың қоғамдық-әлеуметтік өмірінде, мәдениет майданында ешкім алмастыра алмайтын орыны бар, тірісінде өз ұлтын сүйіп өткен, өмірден өткен соң ұлты да оны ардақтап айтатын нағыз қайраткер азамат еді. Бір ұлттың тағдырына мейлі қысқа болсын, мейлі ұзақ уақыт болсын белгілі тұлғалардың ғажайып ықпал жасайтыны болады. Өткен ғасырдың екінші жартысында Өзбекәлінің қазақтың рухани өміріне жасаған ықпал, әсерін міне осылай суреттеуге болады. Ол кешегі Темірбек Жүргеновтің, өзі көзін көре қалған Ілияс Омаровтың, одан арғысы 30-шы жылдары қуғын-сүргінге түсіп кеткен қазақтың айтулы қайраткерлерінің ізін жоқтатпайтындай лайықты мирасқоры болды.
Өзбекәлінің бар еңбегін, бар асыл қасиетін айтып беру менің қолымнан келмейтін іс, дегенмен Өз-ағаң қызмет атқарып, түлетіп, жаңғыртып, жаңа серпін беріп кеткен Торғай топырағында жасаған еңбектерін шет жағалап болса да айтып беруге болады ғой деп ойлаймын. Бұл біріншіден, Өз-ағаң айрықша еңбек сіңірген Торғай өңіріндегі жұртшылықтың қайраткер тұлғаның алдындағы бір парызы болса, екінші жағынан өзім туып-өскен өлкенің жылнама тарихы болып саналмай ма?!
Өзбекәлі Жәнібеков 1970-75 жылдары Торғай облысының идеология жөніндегі хатшысы болып қызмет атқарды. Осы жылдары ол өңіріміздің дамуына, ұлттық мәдениетіміздің өркендеуіне көп үлес қосты. Оған басқа да толып жатқан еңбектерін айтпай-ақ С.Қожамқұлов атындағы қазақ театрының, Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институттың, дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының, облыстық филармонияның ашылуын, «Шертер», «Ғасырлар пернесі» секілді этнографиялық ансамбльдердің құрылуын, облыстық радио алғаш хабар таратып, «Торғай таңы» газетінің шығуын айтсақта жеткілікті. Әлбетте, театр, музей, кітапхана секілді мәдениет ошақтарының ашылу жаңа құрылған облыстың қажеттілігі екендігі анық, бірақ оның қалыптасып, дамуына айрықша үлес қосып, бағыт-бағдар беріп қана қоймай, бастан-аяғына дейін бар шаруасын реттеп отырған тұлғаның еңбегін айтпай кетуге болмайды. Бұл мекеме, ұжымдар Өзбекәлісіз де құрылып, жұмыс істер еді, бірақ ондағы деңгей, ондағы мәдениет тынысы басқаша болатыны да айқын.
1971 жылы 21-22 маусымда Арқалықта Торғай облысы мәдениет қызметкерлерінің алғашқы съезі болып, оны С.Құсайынов ашып, Ө.Жәнібеков баяндама жасайды. Съезде негізінен мәдениеттің заттық-техникалық және кадрлық базасын жасау, мәдени-ағарту мекемелерінің жұмысын жақсарту мәселелері көтерілді («Тағдыр тағлымы». 1 кітап. 89 б.). Ол өз баяндамасында 1971 жылдың өзінде 48 клуб пен кітапхананы толық жөндеуден өткізумен, 22 клубтың құрылысын аяқтауды, кітапханалар санын көбейтуді, сонымен қатар оқу-ағарту саласы мен медицина саласына қатысты мәселелерді шешу қажет екендігін жеткізген.
Өзағаңның «Тағдыр тағлымы» кітабында «Жергілікті бір басшы қызметкердің облыс құрылғанға дейінгі Арқалықтағы өмір Қазақстаннан көрі Ресейдегідей еді дегені есімде бар-тын. Бақсақ, мұнда қазақша ұран да жазылмайды екен. Қазақ мектебі атымен болмапты» [Ө.Жәнібеков. «Тағдыр тағлымы». – Алматы: «Рауан», 83 б] деп жазатыны бар. 1916 жылы ақ патшаның әскерінен жеңілмеген Әбдіғапар, Амангелдінің елі деп, Ахаң мен Жақаң сынды алаш арыстарының жері деп, онан қалды 1929 жылы Кеңес үкіметінің озбырлығына қарсы жасалған Батпаққара мен Сарбаздар көтерілісінің ордасы деп Торғай өңірінің Кеңестік кезеңде көп ескерілмей келгені рас (кейде осы үрдіс бүгінде жалғасып жатыр ма деп ойлаймын). Қазақты түп тамырынан ажыратып, ұлтсыздандыру саясаты бүкіл Қазақстан бойынша жүргізілгенмен қаймағы бұзылмаған қалың қазақтың ортасы Торғай өңірінде орыс тілді мектептер молынан салынуы, осы өңірдегі бірден бір қала саналатын Арқалықта қазақ мектебінің болмауы сорақылық емей немене?! Облыстағы ахуалдың мұндай күрделі болуына мемлекеттің саясаты, ішкі Ресейден келген тың игерушілер (олардың арасында Сталин өмірден өткеннен кейін тұтқыннан босап шыққан бұзақыларда аз болмады), Торғайдың Ресеймен көршілес отырған Қостанай облысының құрамында болуы әсер еткен еді. Өзбекәлінің алдында Торғай өңірінде жауапты қызметтер атқарған мемлекет қайраткері, Социалистік еңбек ері Оразалы Қозыбаев 1995 жылы жарық көрген «Тыңдағы күндер» атты естелік кітабында сол уақыттағы ахуал жайлы былай деп жазыпты:
«Бұрын бастауыш, сегіз жылдық, он жылдық қазақ мектептері бар колхоздар жаңа совхоздардың бөлімшелеріне айналды. Жаңа мектептер сол жаңа совхоз орталығына салынды да, олардың бәрі орыс тіліне көшті. Осындай солақайлықтың нәтижесінде қазақ балалары кейін не орыс тілін, не қазақ тілін жетік білмей, шалағай білім алып шықты. Бұл жағдайды облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Храмовқа айтқан адам «ұлтшыл» деген атаққа ілініп, қудалауға ұшырады. Қарсылық білдірген Қарасу аудандық атқару комитетінің төрағасы Өтей Қалиев деген кісі жұмыстан шығып қалып, жарты жыл бос отырды. Қатты күйзелістен кешікпей ол жан тапсырды… Қазақша жердің атын айтқан жергілікті адамдарға сырттан келген басшылардың көзқарасы өзгерді. Бұлар түгілі, облыс, республика басшыларының өзі шовинистік пиғылда болғаны сол арада қызмет істеген біздердің әлі күнге дейін есімізде [О.Қозыбаев. «Тыңдағы күндер», – Алматы: «Атамұра», 49 б.]. Атақты Нұрхан ақын
…Сужарғанның қамысын,
Сүйкеніп сиыр жықпаған.., – деп тамаша суреттеген сулы да, нулы мекеніннің Речной атануы, Алаштың ай маңдайлы арысы Ахаң туған Ақкөлдегі Збан ауылының облыстың түстік беткейінде жатқандығы үшін ғана Южный атануы, міне осы кезеңде орын алған оқиғалар еді (бір қызығы, әлде қасіреті дейміз бе Арқалық, Амангелді, Жангелдин аудандары әлі күнге дейін облыстың оңтүстік аудандары деп айтылып келеді. Осы уақытқа дейін Қостанай облысының солтүстік не шығыс, батыс аудандары деген ұғымдарды естіген емеспіз. Ендеше аталған үш ауданды ғана облыстың оңтүстік аудандары деп бөліп айту не үшін керек екендігін әлі түсінбей келемін). Осындай сұм саясатқа қарсы шыққан елдің азаматы күйзелістен жан тапсырып, ата қоныс мекеннің байырғы атауы өзгеріске түсіп жатқан шақта Өзбекәлідей ұлтшыл қайраткердің келуі Торғай өңіріне хал аузында жатқан науқастың тамырына қан құйғандай дәрмен бергені анық. Оның облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Сақан Құсайыновпен болған алғашқы әңгімесі де осы мәселелердің төңірегінде болған. Осы ретте Сақан Құсайынұлының облыстағы ең жоғары лауазымды адам бола тұрып обком пленумында «жасы кіші болса да менен көп біледі, көпті көрген адам, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болуы керек» деп Өзбекәлінің ісіне еш кедергі келтірмей, керісінше барынша қолдау бергендігінда атап өту ләзім. Әйтпесе қазір осы бір абзал азаматты Өзбекәлімен салыстырып, арасында суық ызғар, сызат болды деп жүргендерде бар. Өзекеңнің «Тағдыр тағлымы» кітабында Сақанды «қатарынан озған парасатты, иманды адам» деп жазуыныңы өзі олардың арасында иықтіреспе таластардың болмағанын көрсетеді. Халқымыздың жан сыры, болмыс тіршілігін терең білетін Өз-ағаң, екінші жағынан Сақан секілді азаматтардың қолдауына ие болғандықтан Торғай өңірінде шын мәнісінде рухани ренесанс жасады деуге болады.
1971 жылы қаңтарда облыстық «Торғай таңы» газетінің алғашы номері шықты. Онымен қатар «Тургайская новь» газеті де болды. Осы «Тургайскай новть» газетіне қарағанда «Торғай таңына» жазылушылардың аз екендігін байқаған Өзекең патрия ұйымының хатшысынан бастап қазақ қызметкерлердің барлығына бір-бір басылымға қосымша жазғызуды, жергілікті партия ұйымдарына қазақ ауылдарына барып, баспасөз таратудағы қалыптасқан жағдайдмен танысуды сұрайды. Міне, осыдан кейін-ақ қазақ тіліндегі басылымдарға жазылушылардың саны күрт өсті. Әуелінде аптасына рет, кейін жетісіне 4 рет шығып тұрған «Торғай таңы» кемелденген кезінде 20 мың тиражбен басылып, өзіндік бағыт-бағдары бар басылымдардың бірі болды. Өлкенің тарихына, мәдениетіне қатысты материалдар газетте молынан жарияланды. «Қос тіл – қос қанатың» айдарымен қазақ тілінің орыс тілінің көлеңкесінде қалып бара жатқаны ашық айтыла бастады. Алматыдан Орталық комитеттің насихат бөлімінің меңгерушісі А.Плотниковтың Ө.Жәнібековке «Сіздерде қазақша басылымдарға жазылушылар неге көбейіп кетті» деп арнайы қоңырау шалатыны осы уақыттарда еді. (Облыс жабылған 1988 жылға дейін газеттің 4369 номері шыққан).
Осы тұста облыстық радио да өз жұмысын бастап, «Арқалықтан сөйлеп тұрмыз» деп тіл қатқан алғашқы эфир ел көңіліне қуаныш ұялатты. Бұл радио тек хабар таратып қана қоймай, ел қазынасын сақтауға да үлес қосты. Облыс құрылған жылдары қартайса да естінің сөзін сақтаған ескінің көздерін жинап, 17 өнерпазды таспаға түсіріп алады. Онан кейінгі жылдары басып алынған әнші-жыршылардың мұрасы да жеткілікті. Өкініштісі облыс жабылғаннан кейін, осынау мол қазынаның ұстағанның қолында, тістеген аузында кетіп талан-таражға түсіп кетті.
Өзбекәлі Жәнібеков идеология жөніндегі хатшы болғанға дейін ел ортасындағы мәдени ошақтардың бірі болатын кітапхана ісінде де кемшіліктер жеткілікті еді. Өзағаңның өзі бұл турасында «Облыстағы кітап қорының басым көпшілігі орыс тілінде, ал жекелеген кітапханалардан қазақ кітабы табыла бермейтіні белгілі болды» деп атап көрсеткен. Амангелді, Жангелдин секілід қалың қазақ тұратын аудандарға жіберілген кітаптардың 80 пайыздан астамы орыс тіліндегі кітаптар болды. 1971 жылы ашылған облыстық кітапхананың өзі екі бөлмелі ғана пәтерде орналасып, әлі оқырмандарын қабылдамаған болатын. Өзекеңнің осы салада атқарған жұмыстардың нәтижесінде кітапхана кітап қоры едәуір ұлғайып, облыстық аудандық, ауылдық кітапханаларға әдістемелік көмектер көрсетіле бастады. Құрылған жылы кітап қоры 3,5 мың дана болса, арада екі жыл өткенде-ақ, 1973 жылы 17 313 дана кітап болды. Үш жылда 79 кітап дүкені ашылды. Облыстағы барлық кітапханалар қорындағы кітаптар тізімге алынды. Кітап базасы толығымен қадағаланды. Қазір бастапқыда 400 ғана оқырманы бар облыстық кітапхана, қазір 15 мыңнан астам оқырманы бар, 280 мыңнан астам кітап қоры іргелі мәдениет ошағына айналған.
1972 жылы Арқалықта мемлекеттік педагогикалық институт құрылды. 1977 жылдан бастап Ы.Алтынсарин атын алған бұл институт қазіргі күнге дейін Торғай өңіріндегі бірден-бір жоғары оқу орыны болып отыр. Ыбекең мектеп ашқан жердегі жоғары оқу орнының ұлы ағартушының есімін алуы да заңдылық секілді. Институт қабырғасында 1976 жылы еліміздегі ең алғашқы ғылыми-педагогикалық музей ашылды. Ол уақытта КСРО бойынша да педагогикалық музейлердің саны саусақпен санап аларлықтай еді.
Өзбекәлі қызмет атқарған уақытта Торғай өңіріндегі мәдениеттің тағы бір қуантар жаңалығы – 1972 жылы Серке Қожамқұлов атындағы театрдың ашылуы болды. Мәскеудегі М.Шепкин атындағы театр-көркем өнер училищесінде арнайы қазақ студиясында дайындалған труппа Талдықорған облысына деп дайындалған. Тек Талдықорған облысының бірінші хатшысы Б.Садуақасов еңбек демалысында жүргенде, оның қол астындағылар труппаны қабылдай алмайтындығын білдірген. Мәдениет министрі Ж.Еркімбековпен сөйлескен Өзекең оқы бітіріп келген жас әртістерді бірден Торғай облысына алдырып, үй-жаймен т.б. керек-жарақтарымен толық қамтамасыз етіп, шығармашылықпен айналысуларына барынша мүмкіншілік береді. Өзекеңнің өзі кітабында «Жасыратыны жоқ, обком хатшысы ретінде мені сол кездің өзінде-ақ Торғай театрының ұлттық қасиеттерге, тарихи-этноргафиялық бағыттағы әуезді драматургияға, бірте-бірте оперетта жанрына ден қоятын өзіндік бет пішіні болса деген идея билеп алған болатын» деп жазыпты. 1972 жылы 24 желтоқсанда М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» пьесасы бойынша жасалған әуезді комедиямен шымылдығын ашқан Торғай театры шын мәнісінде саф өнердің қандай болатын көрсетіп берген, Өзекең ойлағанындай өзіндік бет-пішіні бар өнер ұйымына айналды. Театрдың 1974 жылы Алматыдағы гастролдік сапары сәтті өтіп, «Торғайдағы театр шалғайдағы емес, маңдайдағы театр» деп мәртебесі көтерілді. Сақан Құсайынов пен Өзбекәлі Жәнібеков өздері бас болып қойылымдарға барып, театр мәдениетінің қалыптасуына ықпал етті. Патша заманында Ы.Алтынсарин мектебіндегі ұстаздар құрған театр үйірмесін, 1930 жылдары Нұрхан Ахметбеков құрған халық театрының қойылымдарын көрген Торғай жұртшылығының жаңа құрылған театрға деген ықыласы да бөлек еді. Жамбылбек Есенбеков, Мұхтар Манапов, Рәшида Әліқұлова, Досжан Жанботаев секілді майталман өнерпаздар елдің осы ықылас-пейілне лайық бола білді. Мәселен, Торғай театрының «Қыз Жібекті» қойғандағы ерекшелігі әлі күнге дейін елдің есінде. Онда Төлегенді өлтіргені үшін мұқым елдің жадында қарақшы ретінде қалған Бекежан алдыңғы ролге шығып, Жібек пен Төлеген шапқыншылық болып жатқанда ғашық-машұқ болып жүрген жастар ретінде көрсетілген. Біз білетін жырдың желісі екі жастың махаббатына құрылғанымен, Бекежанның ел қорғап, батырлық танытқаны ақиқат қой. Осындай ел қорғаған батырдың бір қыз үшін қорлануы, оның намысына тимей ме? Жібек пен Төлеген ел аңырап жау шауып жатқанда қыз-жігіттің сүйіспеншілігін ойлағаннан басқа не тындырды? Міне, осындай тосын шешім, ел күтпеген ойлар айтқан театрдың басқалардан айрықша болатын жөні де бар еді. облыс тарқағанда соңғы өткізілген спектакльде театр әртістері мен Торғай жұртшылығы жылап қоштасты. Олардың театрға деген ыстық ықыласы Мәскеуде шығатын «Театр» журналында атап көрсетілген.
1972 жылдың 4 ақпанында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №88-р Жарлығымен Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайы құрылды. 1973 жылы халық батыры Амангелді Имановтың туғанына 100 жылдық толуына орай мұражай алғашқы көрермендерін қабылдады. Музейдің тақырыптық–экспозициялық жоспарын жасауға т.ғ.д. Алан Медоев шақырылды. Музей экспозициясы «Қазақ мәдениеті: уақыт және өмір», «Тас (неолит) дәуірінде қазақ жерін мекендеген тайпалардың тастағы бейнелеу өнері», «Сақтан қазаққа дейін», «Қазақ халқының этнографиясы мен тұрмыстық мәдениеті» секілді бірнеше бөлімдерден тұрды. Облыстың құрылуы мен тың игеру кезеңіне, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске де арналған экспозициялар болды. Өзбекәлі Жәнібеков мұражай экспозициясында мемлекеттік идеологиямен қатар жергілікті жадты жаңғыртып, Торғай өңіріндегі сәулет өнеріне, тоқымашылық, зергерлік, ұсталық секілді қолөнеріне жіті назар аударды. Торғай кілемшілерінің қолынан шыққан «Торғай түрі», «Алтыауыл кілем», «Арабы» кілемдер музей экспозициясынан орын алды. Мұражай қорына алғашқы жәдігерлерді тапсырғанда осы Өзбекәлі ағамыз.. Өз-ағаңның итаяқ болып жатқан астауды, Амангелді батырдың қолбаласы болған Бейсенбай Смағұловтың үйіне тиесілі асадал мен төсекағашты, ағаш табақ пен саптыаяқты мұражай қорына қалай алып келгені турасында өзінің кітаптарында да жазылған. Өзағаңа бұл тұрғыда Қайырбек Алматов атты азаматтың тигізген көмегін айта кеткен жөн. Өзекеңмен Алматыдағы партия мектебінде оқып жүрген шағынан таныс болған Қайырбек Жангелдин аудандық партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарған. Торғай өңіріне қызметке келген Ө.Жәнібеков ел ішін жақсы білетін Қайырбек арқылы мұражай қорына көп жәдігерлер алдырған. Өзекеңнің мұражайға деген жәдігер бұйымдарды қалай жинағаны туралы ел ішінде әлі күнге дейін аңыздай болып айтылып келе жатыр (ол әңгімелердің шет жағасын сол оқиғалардың куәгері болған Жұмағали Өмірбеков секілді ағаларымыздан естіп білген едік). Түптеп іздеп, тереңірек қарағанда сол аңыздай деп отырған әңгімелер ақиқатқа айналып жатады. Шын мәнісінде ұлттық мәдениетіміздің қорғаушысы, қолдаушысы, жан берген жаңғыртушысы болған Өзбекәлі Жәнібековтің халқымыздың көне тарихына деген қызығушылығына әсерін тигізген мұражай жұмысы болды. Бұған Өзекеңнің өзінің «Шынымды айтсам, осы музейден басталған қазақтың көне тарихы, этнографиясы мен дәстүрлі өнерін зерттеуге құштарлық менің кейінгі шығармашылық ізденістеріме арқау болды» деген сөзі анық айғақ, ақиқат куәлік болады. Осы ретте тағы бір айта кететін жайт – Өзбекәлі ағамыз 1975 жылы қызмет жөнімен Алматыға ауысып кеткенімен, оның қазақ этнографиясына, дәстүрлі өнеріне арналған зерттеу еңбектерінде Арқалықтағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының қорындағы жәдігерлер турасында, Торғай өңіріндегі сәулет өнерінің ескерткіштері жайында, дәстүрлі музыкасына байланысты деректер барынша молынан қамтылған. Біз мұны Өзағаңның қызмет жөнімен ғана емес, ғылым жолыменде берісі Торғай жұртшылығына, әрісі қазақ баласына тигізген шапағат-мейірі, шарапат-жақсылығы деп білеміз.
1993 жылы Шақшақ Жәнібек батырдың 300 жылдық мерейтойы атап өтілетін кезде, түрлі кедергілер кездесіп, Торғай топырағында дүбірлетіп атап өтетіндей оның атында не бар деген сұрақ туған кезінде, халықтың қаржысымен аз ғана уақыттың ішінде жаңа мұражай салынды. Бар болғаны үш айдың ішінде салынып шыққан мұражай тоқырауға ұшырай бастаған кезеңде елдің айбынын көтеріп, рухын шыңдаған, халықтың ажарын, елдің көркін келтірген құтты орда болды. Жангелдин ауданының орталығында орналасқан Шақшақ Жәнібек мұражайы Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың бағыт беріп, жобасын жасаған соңғы мұражай еді. Сол тұста мұражай жұмыстарының турасында аза да болса істес болып, Өзекеңнің көзін көріп, тәлімін алған Гүлбану Құлетқызы батыр атамыздың мұражайына бара қалсаңыз Жәнібек батырдың ғана емес, Өзбекәлі ағамыздың тағылымында сағаттап айтып беруге бар. Өзағаңның алғашқы және соңғы ашқан мұражайының Торғай топырағында болуы бізге мақтаныш сезімін ұялатып, Ғафекеңнің:
Көшелер-құрғақ өзен арнасындай,
Қала едің кәрі шуда нар басындай,
Ішіне оқиғаны тиеп-сықап
Тарихтың қойып кеткен арбасындай, – деген шумақтарын қайталап алатынымыз бар.
Өзекеңнің тағы бір қасиеті артта қалған ескі күннің мұрасын түгендеп қана қоймай, сол көненің көзі болып отырған ұрпақтың да көңіліне үңіліп, көркін кіргізуі еді. Ол облыс ашылғаннан кейін «Торғай әуендері» атты халық өнерінің фестивалін өткізіп, оның төңірегінде қыруар қызмет атқарылды. Жаңа ғана ашылған облыста жеті мыңнан астам көркемөнерпаздар үйірмесі қүрылды. Алғаш 1971 жылы маусымда өткен фестивальде Аменгелді, Әліби, Ыбырай Алтынсарин секілді өлке тарихына қатысы бар тарихи тұлғалармен бірге, Алдар көсе, Жиренше, Қожанасыр сынды фольклор кейіпкерлері тіріліп, ел ортасында жүрді. Ұлттық ойындар ойнатылып, ән мен жырдың жәрмеңкесі орнады. Келесі жылы өткізілген фестивальде айтыс, алтыбақан қызықтары қосылды. Облыстық филармония мен театр осы фестивальде көзге түскен таланттарды қызметке алып, дәстүрлі өнерді қайта жаңғырта бастады. Сол өнерлі жастардың негізінде филармония жанынан «Торғай әуендері» атты эстрадалық ансамбль құрылды. Ансамбльдің негізгі репертуары сирек орындалатын халық әндері, Б.Байқадамов, Ә.Есбаев секілді жергілікті сазгерлердің шығармалары мен КСРО халықтарының ән, билерінен құралды. «Торғай әуендері» ансамблімен қатар «Шертер» этнографиялық-фолкьлорлы ансамблін ұйымдастырудың жұмыстары жүргізіліп жатты. «Шертерді» құруда Болат Сарыбаевтің көмегі ересен болды. Халқымыздың көне муызкалық аспаптарын іздеп тауып, классификациялық жүйесін жасап, іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізген Б.Сарыбаевтың сол тұста көргени құқайы да аз емес еді. Ұлт аспаптарын ансамблін ең әуелі ел астанасы Алматыда құрмақ болған Б.Сарыбаевқа сол тұстағы белгілі музыка мамандары да қарсы болып, «мына шал қазып алған аспаптарымен не ансамбль құрмақшы» деп күстаналағандар да бар еді. Қайтпай, қажымай қажыр танытқан Б.Сарыбаев 1968 жылы «Отырар сазы» атты көне аспаптар ансамблін құрды. Өзбекәлі Жәнібеков қазақстан комсомолы ОК хатшысы қызметінде жүргенде осы бір шағын ғана ансамбльге үлкен қамқорлық көрсетіп, оны арнаулы жолдамамен Индияға да жіберіп алған. Өзі Арқалыққа қызметке келгенде «Отырар сазын» арнайы шақыртып, олар Торғай өңірінде концерттік бағдарламасын көрсетті. Өзағаңның «Отырар сазын» шақырудағы себебі жаңадан құрылып жатқан облыста да көне аспаптарды жаңғыртып, фольклорлық ансамбль құру еді. 1972 жылы Ө.жәнібековтің тікелей басшылығымен облыстық филармонияның жаныан аталған ансамбльді құру мәселесі қолға алынды. «Торғай әуендері» ансамблі этнографиялық-фольлкорлық ансамблге деген саз аспаптары дайын болғанша ел аралып өз өнерін көрсете берді. Қажетті саз аспаптарын жасатуды Болат Сарыбаев өз жауапкершілігіне алды. Б.Сарыбаевтің облыстық «Торғай таңы» газетіне шыққан «Қазақтың фолкьлорлық ансамблі» атты мақаласында «…фольклорлық ансамбль Торғай облысы басшыларының қолдауымен облыстық филармония жанынан құрылмақшы. Оның құрамына: шертер, жетіген, сыбызғы, дауылпаз, қамыс сырнай, даңғыра, дабыл, домбыраны жаңа түрлері, қылқобыз сияқты халқымыздың көне аспаптары кірмек. Бұл аспаптарды астанадағы белгілі шебер Оразғазы Бейсенбаев арнайы заказбен жасады» деп жазды [«Торғай таңы», №25, 05.02.1974 жыл]. Аталған саз аспаптары кейінгі уақытта ұмыт бола бастағанмен Торғай өңірінде ежелде қолданыста болған. «Шертердің» шаруаларымен облысқа жиі келген Болат Сарыбаев «Сазсырнай аспабы Қазақстанның кейбір аудандарында әлі де болса кездеседі. мысалы, Торғай облысы, Амангелді ауданы Крупская атындағы совхоздың тұрғыны Өмірзақ Тұрмағанбетов сыбызғы мен саз сырнай тартқан. …Ол кісі мұнымен «Шилі өзен», «Елігай» сияқты халық әнлдерін орындаған екен. Кейде құстың дауысына салып ойнағанда жан-жақтан құстар ұшып келетін болған. мұның бәрін 1975 жылы жазда ол кісінің жиені Нұрбибі Ахметова әңгімелеп берген еді», – деп жазыпты «Қазақтың музыкалы аспаптары» еңбегінде. Онан бөлек «Шертер» құрылған уақытта 1930 жылдары өнердің ұйытқысы болған халық театрында өнер көрсеткен дәулескер домбырашы Ахметхан Әбіқаев, жез таңдай әнші Құтжан Қанжығалин, қыл қобызды күңіренткен Қазбек Әбенов секілді өнерпаздардың көзі тірі еді. Қ.Әбеновтің қобызбен сызылтып «Сыбызғы» атты күйде шығарған. Міне, осының барлығы өңірде фольклорлық ансамбль құрудың мүмкіндігі мол екендігін көрсететін. Санасы зерделі, сезімі жүйрік Өзекең соны тап басып танып, түйсінуі және оны жүзеге асырып жаңа ансамбль құруды қолға алғаны таңдандырмай қоймайды. «Шертер» ансамблінің алғашқы көркемдік жетекшісі болған марқұм Қайыржан Мақанов ағамыз өз естелігінде былай дейді:
«1973 жылдың қыркүйек айында көп күттірген көне аспаптарда келіп жетті. Олар: Шертер, жетіген, сырнай, сазсырнай, шаңқобыз, қылқобыз, домбыраның түрлері (Адай домбырасы, Торғай домбырасы, Сыр домбырасы, Арқа домбырасы, Семей домбырасы), асатаяқтар (қоңыраулы, сақиналы, шашбаулы т.б.) дабыл, даңғыра, сыбызғы бас-аяғы жиырма шақты аспаптар. Ал ансамбль мүшелерінің әрқайсысы бірнеше жанрды меңгерген талантты жастар болды. Ансамбль құрамына 13 өнерпаз таңдалып алынды. Атап айтсақ шертер аспабында әнші Қыпшақ Қойғарин, асатаяқта әнші Қазымгүл Бозанова, мен әнші Айтжан Настаева, дабылда әнші Отаркүл Мұқатова, II-шертерде Сапарғали Қодаров, даңғырада-Жақсылық Қазықанов, шаңқобызда Шотбай Жолдасбаев, қыл қобызда Сапар Әбенов, Адай домбырасында Тұрсынбек Әлмағамбетов, Торғай домбырасында және сырнайда Молдаш Файзуллин, Семей домбырасында Жарылқасын Әбілтаев, асатаяқтың тағы бір түрінде биші Тойған Ізімова, ал Сыр бойы домбырасы мен жетігенде ансамбльдің көркемдік жетекшісі Қайыржан Мақанов ойнады. Ал аталмыш аспаптардың көпшілігінде қалай ойнау керектігін музыканттар біле бермейтінді, көмекке Болат Сарыбаевтың өзі шақырылды».
1974 жылы облыстық партия конференциясына арналған концертте «Шертер» алғаш сахнаға шығып, 5-6 номерін көрсетеді. Наурыздың 6-ы күні толық бағдарламасымен жеке концертін өткізді. Ансамбльдің репертуары Торғай өңірінің ескі ән-жырларынан, халық күйлерінен құралды. Белгілі балетмейстер О.В.Голушкевич шақырылып, «Қылышбен би» және «Жезтырнақ» сияқты фольклорлық билер қойды. Қазақ КСР-не еңбек сіңірген өнер қайраткері Дәурен Әбіровте осы бағытта жұмыс жасап, биші Тойған Ізімованың концерттік бағдарламасы жасалды. Ө.Жәнібеков «Торғай елінде халық билері де, әсіресе оның «Айда, былпым», «Қазақ биі» сияқты бір орында тұрып биленетін түрі, халыықпен бірге жасасып келгенін көнекөз қарт бишілердің өнерінен аңғардық» деп жазғанындай аталған уақытта жасы ұлғайып қалсада ұлттық билердің жетік меңгерген өнерпаздар баршылық еді. Д.Әбіров өзінің «История казахского танца» атты зерттеу еңбегінде Б.Сарыбаев, Қ.Мақанов барлығы Арқалық төңірегіндегі ауылдардың біріне барып, Жағыбек Ибраев атты қарт бишінің өнерін тамашалағанын жазып қалдырған. «Торғай әуендері» фестивалі кезінде Өзбекәлі Жәнібековтің кабинетіне барып билей жөнелген Қарсақ Қопабайұлы да буынсыз бишілердің бірі болған. Оның «би қанаттанса, ел қанаттанады» деген сөзін Өзекең өз кітабында атап өтеді. Осындай халық таланттарынан алған тағлымды Өзекең «Шертердің» концерттік бағдарламасына қосқызды. Аз ғана уақыттың ішінде ансамбльдің атағы аспандап, еліміздегі айтулы өнер ұжымдарының біріне айналды. 1974-77 жылдары еліміздің барлық аймақтарын аралап, онан бөлек Өзбекстан, Қарақалпақстан, Тыва автономиясында гастролдік сапарда болды. 1977 жылы Үнді елінде болып, концерттер берді. Онан кейінгі жылдары «Шертер» Польша, Корея, Въетнам, Филиппин, Жапон елдеріне өнер көрсетті. Өкініштісі облыс жабылғанна кейін «Шертердің» да басынан бағы тая бастады. Халық ақыны Қонысбай Әбілдің:
Найзағай түсіп сынды ма, жел керіп жүрген желкенің,
Көзіңнен бұлбұл ұшты ма ертегі сынды ертеңің.
Алақайғыдан сақта деп айтпаушы еді ел тегін,
Неге үнсіз қалды атыңды әлемге жайған «Шертерің», – деп күрсіне жырлайтын шағы еді бұл. Қонысбай ағамыздың «Болсайшы ағалардың бәрі осындай…» атты естелігінде аталған толғаудың облыс тарқағаннан кейін Арқалыққа ат басын бұрып келген Өзбекәлі Жәнібековтің алдында айтылғаны жазылған. «Шертердің» құрамында алғашқы құрылғанын күнінен соңына дейін болған Айтжан Настаева Өз-ағаңның сол сапарында біздермен кездесу өткізді, біз Қостанайға барып келіп жұмыс істеп жүргенімізді айтып едік, үш күннің ішінде Арқалықтан филармонияның филиалын ашылатын қылып, жәрдемін берді деп еске алады. «Жақсыдан шарапат» деген осы болса керек. Өкінішке қарай 1998 жылы «Шертер» ансамблі өз жұмысын тоқтатты.
Бір қуанарлық жаңалық биыл Арқалықтағы Әділ Ахан бастаған өнерпаздар «Шертер» ансамблін қайта құрмақшы болып талаптанып жатыр. Латиф Хамимди, Нұрғиса Тілендиев секілді алпауыт өнер тұлғаларынан жылы лебіз «Шертердің» қайта құрылуы Өзағаңның 95 жылдығының қарсаңына келуіде жақсы нышан болса керек.
Өзекең Торғай жерінде «Шертер» мен «Ғасырлар пернесінен» бөлек «Метелица» атты ансамбль құрды. Ол балалайка, домра, бубен, волынка секілді славян халықтарының аспаптарының негізінде құрылып, халық әуендерімен қатар скоромохтардың өнеріне тән элеметтерді енгізген еді. «Торғай әуендеріндегі» Алдар көсе, Жиренше, Қожанасыр, «Метелица» құрамындағы скоромохтар секілді халықтың өз кейіпкерлері арқылы концерттік бағдарламаларда көрерменмен біте қайнасып жұмыс істеу аталған өнер ұжымдарының бір ерекшелігі болды.
1974 жылы «Шертердің» ізін ала «Ғасырлар пернесі» ансамблі құрылды. Торғайдың өз басындағы Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің жанынан құрылған бұл ансамбльге де Б.Сарбаевтің тигізген жәрдем, көмегі мол. Ансамбльдің негізін қалаған белгілі композитор Болат Хамзин мен Жангелдин аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Сәбитбек Жөкешбаев болды. Ансамбль мүшесі Қойшы Сәрсенгелдин: «Біз ансамбльді құрғаннан кейін көп ұзамай Өзбекәлі Жәнібеков келді. Оның алдында алғашқы концерттік бағдарламамызды көрсеттік және осы өнер ұжымына ат қойып берсеңіз деген тілегімізді білдірдік. Өзағаң: – «Ойпырмай, мынау бір үлкен жұмыс қой, мен ойланайын, кейін мынау Қайырбек арқылы хабарын берермін» деп қалды. Арада аз уақыт өткен соң Қайырбек Алматовқа қоңырау шалып, «Ахмет Жұбановтың халқымыздың біртуар өнерпаздарының шығармашылығына арналған «Ғасырлар пернесі» атты зерттеу кітабы шығып жатыр. Сіздердің жаңа құрған ансамбльдеріңізге осыдан артық ат болмас» деп хабар беріпті деп еске алады. Өзағаң тұсауын кесіп, атын қойған «Ғасырлар пернесі» Қазақстаннан бөлек одақтас республикаларда, Сирия, Иордания, Мозамбик секілді шет елдерде болып қазақ өнерін күллі әлемге көрсетіп қайтты.
2024 жылы Торғай кентінде «Ғасырлар пернесінің» 50 жылдық мерейтойына арналған концертті көргенім бар. Жангелдин аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Жанар Асанханқызының мұрындық болуымен өткен айтулы іс-шараға ансмбльдің көзі тірі мүшелерінің барлығы дерлік келіп қатысты. Осынау тамаша өнер ұжымын сағынған халықтың қарасында есеп болған жоқ. «Ғасырлар пернесінің» құрамында әр жылы болған өнерпаздар сахнаға шығып бұрынғы репертуарларындағы шығармаларды орындағанда халықтың да, өнерпаздардың да арқа-жарқа, мәре-сәре болып қуанғаны, тіпті кейбіреулерінің көзіне жас алғанында көрдік. Өзағаңның қолтаңбасы қалған өнер ұжымына деген халықтың ықыласы бөлек екенін сездік.
1975 жылы Өзағаң Қазақстан компартиясы ОК-нің шет елдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі болып Алматыға ауысты. Ол Торғай топырағында бар болғаны 5 жыл ғана қызмет атқарған еді. Алайда сол бес жылдық межесінде бір адамның бүкіл ғұмырында атқарар еңбегіндей қыруар жұмыс жасалды. Өзағаңның әу бастағы түп-тумысындағы алғырлық пен ұлтқа деген махаббат, Торғай топырығында оянған халқымыздың мәдени мұрасына деген құштар-құмарлығы оны қазақ руханиятындағы алыптардың біріне айналдырды. Өмірінің соңғы жылдары құрған «Арқас» қазақ тілі мен мәдениетін өрбіту қорының кітапханасымен шыққан кітаптарда да Торғай өңірінің мәдени, тарихи, рухани мұрасына қатысты деректер молына кездеседі. Оның азаматтығы, оның парасаттылығы, оның қайраткерлігі барша қазақ баласын сүйсінткендей еді. Бірақ «Торғай өңірінде түгескен едік» деген Өзағаңның өзі «Онда өткізген жылдар есіме түссе, «Торғай» деген қасиетті сөз жүрегіме жылылық, бойыма қуат беретіндей болады да тұрады» деген сөзі біздің топырақ үшін үлкен мақтаныш. Торғай жұртшылығы үшінде «Өзбекәлі» деген есім қасиетті, жүрекке жылылық, бойға қуат беретін есім.
Біз Өзағаңды көрген жоқпыз, тек көзкөргендердің айтуымен білетін ұрпақпыз. Бірақ оның атқарған еңбектері көз алдыңда самсап тұрғаннан кейін, Өз-ағаң жайлы көрмедім, білмедім деп айтудың өзі ұят секілді. Баянсыз бақ, бағамсыз мансапқа бас ұрмай, аңдып-баққаны халқының мүддесі болған тұлға ұмыт болар ма?! Оның түпкілікті есімі Мәңгілік қой.
Мақала авторы — Сағынтаев Батырлан Жұмабайұлы

 

Мынаны да қараңыз

Гүлім ЫСМАҒҰЛ, журналист: Референдум – әр азаматқа берілген үлкен мүмкіндік

Кез келген мемлекеттің тарихында елдің ертеңін айқындайтын ерекше кезеңдер болады. Мұндай сәттерде қоғамның бірлігі, халықтың ...