Алланы жырға қосқан ақындар

Иман

Абай да, Ыбырай да, олардың ізбасарлары да Аллаға мінажат қылғанын ғалымдар болмаса, көпшілік әлі толық біле қоймайды. Абайдың «Махаббатсыз – дүние дос, хайуанға оны қосыңдар» деген сөзі барлық басылымдарда «Махаббатсыз – дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деп басылып жүр. Абайдың бұл арада айтып отырғаны әйелге деген махаббат емес, Аллаға деген махаббат екені белгілі. Өйткені, Абайдың өзі осы өлеңнің соңында: «жүрегі жұмсақ білген құл шын дос таппай тыншымас», – дейді. Құл дегені – Алланың құлы дегені де түсінікті емес пе?! Олай болса, адамға дүние дос болса, дүния бос болмай ма? Дүние мен дүнияның да мағынасы әртүрлі ғой. Ал біз оларды көбінесе синоним секілді қабылдаймыз. «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» деген Сұлтанмахмұт ақынның талғамы зор екеніне ешкім таласа қоймас. Сол Сұлтанмахмұт бір өлеңінде: «Дүние дос, махаббатсыз мал секілді деген сөзін Абайдың есіңізге ал», – дейді.

Олай болса Абайдың жыры жарияланып жүрген көптеген кітапта дос деген сөз бос болып жазылып, өрескел қате кеткен. Осы қателерден тәуелсіздік жылдарында да арыла алмай отырмыз. Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген сөзінен-ақ оның Исламға көзқарасы айқындалып тұр.

Ұлы ағартушы Ыбырайдың «Атамұра» баспасынан 2006 жылы жарық көрген «Кел, балалар, оқылық» атты кітабында әйгілі «Бір Құдайға сиынып, кел, балалар, оқылық» деп басталатын өлеңінде әуелгі шумақ дұрыс жазылғанымен, одан кейінгі қайталанып келіп отыратын шумақтарда «Бір Құдайға сиынып» деген жол түсіп қалған. Бір кездері атеист редакторлар Құдай, Алла деген сөзден ат-тонын ала қашып, ондай сөздерді қырқып тастап отырса, бұл жолғы «көзі ашық» редакторларымыз қазақ өлеңінің ешқашан да үш жолдан құралмағанын есінен шығарып алса керек. Осы өлеңдегі «Істің болар қайыры бастасаңыз алдалап» деген сөзді үш оқып, дым түсіне алмадым. Түпнұсқадағы «Оқысаңыз Аллалап» деген сөзді сауатты жазу кітап құрастырушыларға соншалықты қиын болды ма екен?!

Совет дәуірі идеологтары ұлы ағартушының «Мұсылманшылдық тұтқасын» жазып, шәкірттерге Ислам қағидаларын  ұғындырғысы келгені туралы жұмған ауыздарын ашпаған. Сондай-ақ Спандияяр Көбеевті де кешегі совет идеологиясы тұсында өмір сүргеннен кейін тек қана сол идеяны жақтаушы, насихаттаушы деудің де жөні жоқ. Мысалы, «Арыстан мен сары масалар» деген мысалында: «Бір Алла пендесіне береді бақ, құлына зияны жоқ болады жақ», – деп жазады. Осы жолдардан-ақ оның Ислам дініне көзқарасын, Жаратушыны мойындағанын айқын аңғарамыз.

Алланы жырға қосқан, оған мінажат қылған ақындар Қостанай өңірінде де көп болған. Мәселен, діндар ақын Нұржан Наушабайұлы:

«Хаққа құлсың тисе де төбең көкке,

Қалаусыз іс болад деп жүрме текке.

Ажал уақыты жетпесе сақтар Алла,

Төсіңді ашып шапсаң да зеңбірекке», – деп пәтуаға келеді.

«Раббымсың, ырыздықты өзің беруші,

Не халімде екенімді білуші,

Бір өзіңе зар илеген мен ғаріп,

Әрбір іске разы болып, көнуші!» – деп Аллаға мінәжат қылады.

Ақын «Алаш еді ұранымыз, дін-ислам құранымыз, дүния-ақирет жайынан қолда жоқ еш құралымыз, ата қоныс кетті қолдан, бұған бар ма қыларымыз?!» – деп өмірді мағыналы өткізуге шақырады. «Ескіден қалған есті сөз» кітабында басылған Серғали Досовтың жазуымен қағазға түскен Нұржанның жаңадан табылған термесі:

«Бісімілла, рахман-рахим!

Болмады төмен назарым,

Жер жүзіне жайылды

Насихат болып ғазалым», – деген жолдармен басталады. Нұржан белгілі кісілерге жиі жыр арнап отырған. Мәселен, Сатыпалды ишан қайтыс болғанда  оған арнап мынандай жыр шығарған:

«Сатыпалды ишан әулие

Фәниден өтті бақиға,

Дін мұсылман жұрты үшін

Қайғылы, ауыр оқиға.

Тізеңді бүгіп, қолың жай,

Арнап құран оқырға,

Жақсылығы көп еді

Жетім менен пақырға.

Дарақ егіп, жеміс сап

Өсіріп еді тақырға.

Тәлім берген сол еді

Біз секілді соқырға».

Сейітжан Бекшентайұлы да Нұржан секілді діндар ақындар қатарына жатады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қостанай облыстық басқармасында №02754 мұрағат (архив) материалдарында   сақталған ісінде Сейітжан ақынның араб таңбасымен өзі қол қойған өмірбаяндық деректері және берген жауабы тігулі. Онда ақын 1874 жылы (туған-туыстарының айтуына қарағанда, 1875 жылы туған) Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Қызылорда) облысының Қармақшы ауданында үшінші ауылда туғаны, партияда болмағаны, орта шаруадан шыққаны атап көрсетілген. 1937 жылдың 20 желтоқсанында толтырылған анкетада оның әйелінің есімі Айжан, тігінші болып жұмыс істейтіні, ал қызы Зибаның тоғыз жаста екені айтылған. Ақынның тұтқынға алынар алдындағы тұрған жері Жітіқара қаласы (құжатта Жітіқара приискісі деп көрсетілген), №5 учаске, 8 март көшесі, 353-ші үй деп атап жазылған. 1938 жылғы 13 ақпандағы шешім бойынша ақынды ату жазасына кеседі. Үкім 1938 жылдың 16 ақпанында орындалған. Ақынның жерленген жері туралы мәлімет жоқ.

Сейітжан ақын Алла бір, пайғамбар хақ екендігін айтып, көпшілікті Құдайдан ұялуға, харам іске бармауға, кісі ақысын жемеуге, жаманшылық қылмауға үндейді.

«Біреуден біреу өнеді,

Уыстап тұқым шашқандай,

Рақымын көрсең Алланың,

Кілтсіз жұмақ ашқандай.

Қаһарын көрсең Алланың,

Тауларды тауға қосқандай,

Не жандар өтті дүниядан

Жолбарыс жүрек арыстандай», – деп тебіреніп, ала қарға – сауысқанға ұқсап шоқақтап ғұмыр сүрмей, баянсыз өмірді мағыналы өткізуге шақырады.

Ақынның көп өлеңі «бісімілла-рахман-рахимнан» басталуының да өзіндік мәні бар. Бісімілласыз іс қылмайтын ақын кәлиманың мағынасын да, шариғаттың шарттарын да, имандылық иірімдерін де жыр арқылы түсіндіріп, насихаттайды. «Білмегенің болса, не молда, не ақыннан сұрап біл!» – деп өсиет айта отырып:

«Күнім түнмен алысып,

Қараша тумай қауышып,

Заманым азып барады,

Жазым қысқа ауысып,

Кент болып, халқым, кетерсің,

Мал тұқымын тауысып.

Көрісу жоқ, құшақ жоқ,

Бір қолды ғана алысып,

Знаком, здрасти!

Сәлемге тілің шалысып,

Шариғаттан закония

Озбаса еді жарысып?!

Әркім өзін жөн көріп,

Бетімен жүрсе қарысып», – дейді.

Абай айтқандай: «көк тұман – алдындағы келер заманды» көріп, көңіліне секем кірген, жақсылық пен жамандықтың ара жігін білген көріпкел ақын:

«Мұхамбеттің үмбетін

Қинай ма деп қорқамын.

Біз қой болсақ, ол қасқыр,

Шайнай ма деп қорқамын», – деп термелетіп, болашаққа болжау жасайды.

Сейітжан Бекшентайұлына байланысты тағы бір айта кететін жай, ел арасында, әсіресе, Қызылорда өңірінде насихат өлеңдер шығарып,  пiр атанған, дiн басшысы, ғұлама ғалым ретiнде танылған кісілерді «ахун» деп атаған. Ахун деген сөз парсы тiлiнде дiни ұстаз дегенді білдіреді екен. Қытай және ұйғыр мұсылмандары өздерін басқарушы имамдарды осы күні де ахун деп атайды. Ел аузында: «Ахун-ишан белгiсi  Кәләм-Шәрiп қолында, өзi Хақтың жолында, дүниеге мойнын бұрмайды», – деген өлең бар.

Ғалым Ғ.Меңілбаев «Байұлы – Жаппас тайпасынан шыққан билер тарихы» деп аталған (ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы, №4 (63), 2011) мақаласында «Қаналы Қалыбайұлы Қызылорда мен Қостанай өңірлерінде би, болыс болып тұрған кезде бұл жерлерде мешіттер салуға көп жәрдем берген. 1907 жылы Қостанай қаласындағы ашылған орыс-қазақ әйелдер гимназиясына ақшалай көмек берген. Қаналы би өмірі мен қызметі туралы белгілі ақын-жыраулардың шығармаларына, жырларына арқау болған. Қаналы Қалыбайұлы қайтыс болғанда, оның қазасына арнап ақын Сейітжан Бекшентайұлы жоқтау өлең шығарған. Сонымен бірге ел аузында «Ақша керек болса Қаналыға бар, ақыл сұрасаң Жаналыға бар» деген қанатты сөздер сақталған. «Қаналы мешіті» Қызылорда-Жезқазған (Құмкөл) тас жолының 40-шақырымында жолдың сол жақ бетінде – 200 м. жерде орналасқан. Қаналы Қалыбайұлы бидің сүйегі Қостанай  облысындағы Орқаш деген жерде» деген дерек келтіреді. Амал не, бұл жоқтау бізге жетпей отыр.

Мөлдір Өксікбаеваның «Сыр сүлейлері шығармашылығындағы діни-ағартушылық бағыт (тақырыптық, көркемдік ерекшеліктер)» деп аталған педагогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясында «Сыр сүлейлері шоғырының дарынды тұлғаларының бірі Сейітжан Бекшентайұлының шығармаларының алтын арқауы да  – имандай адалдық, періштедей пәктік, ар мен жанның мөлдір тазалығы» дей келіп, оның «Түсейік жолға адамдық» атты өлеңіне талдау жасайды. Ғалымдар пікіріне ден қойсақ, Сейітжан ақын, жыршы  ғана емес, ахун деген атаққа ие болған діндар әрі ғалым болған.

Мырзаби Қауменұлының есімі де осы күнге дейін белгісіз болып келді. Оның толғаулары мен ғазалдары діни тақырыпқа құрылған. «Айналайын, Құдайым!» деп басталатын ғазалда Аллаға құлшылық қылады, өткен өмірге опынып, Жаратқаннан кешу сұрайды. «Қабыл қыл деп тәубамды, ақырын Хақтан сұрайын», – деп тәубаға келеді. «Тыңдаған жұртым, дұға қыл, Қауменұлы Мырзаби, қолымды жайып тұрайын», – деп өзінің атын да жырға қосады. Мырзабидің өмірбаяндық деректері де өз өлеңдерінде.

«Көргенді түгел айтып жазуыма,

Көңіл олақ, болмады тілде машық,

Жер таянбай тұра алмас уақыт болды,

Жетпістен де ілгері кеттік асып», – дейді ол.

Жас жетіп, қарттыққа мойын ұсынғанда жазған шығармаларында:

«Алланың бұйрығынан аса алмайсың,

Баяғы жас күніндей таса алмайсың.

Көңілің тастан жаман қатқаннан соң,

Көзіңе қауіп етіп жас алмайсың.

Неше жыл сайран еткен қадамыңды

Бір минут тура жүріп, баса алмайсың.

Сайраған сандуғаштай қызыл тілің

Аузыңды бір кәлима аша алмайсың.

Отырған қасыңдағы қатын-балаң

«Қайтейін, аман бол», – деп көз салмайсың.

Кетесің соның бәрін көңілге алмай,

Жатарсың көзіңді ашып қарай алмай.

Ойың толқып, тіліңнен қуат кетер,

Бір ауыз сөз сөйлеуге жарай алмай», – деп ақ жүрегін жаяды.

Мырзабидің Аллаға құлшылық қылып жазған мінажаттары мен бәйіттері бір төбе. Мәселен, «Бастап бәйіт жазылған,  жолың жатыр қазылған, бұл күндегі пенделер жолына шайтан азылған. Лә-иллаһа-илла Алла», – деп басталатын бәйітте кейінгі жол шумақ сайын қайталанып отырады. «Ағузу бил-ля» деп бастап, дәргейіне Алланың, қадыр Алла пенденің кәміл етсін иманын. Лә-иллаһа-илла Алла. Иман, намаз, ораза, қажы, зекет ұмыт боп, қиын болар мақшарда қара болып жүрсе бет. Лә-иллаһа-илла Алла. Ерте сайла азықты, болмағын хаққа жазықты, лаухул мен мақфұзда имам ислам жазыпты. Лә-иллаһа-илла Алла. Алла, кәміл иманың, бұл бәйітті қылғаның, махшарда жүзің ақ болар, дін исламға сиғаның. Лә-иллаһа-илла Алла. Шын жыласаң Аллам деп, Аллаң айтар пендем деп,  Лә-уқсиму деген аят бар, ойламаңыз жалған деп. Лә-иллаһа-илла Алла. Тілді тоқтат ғайбаттан, харам істен әм сақтан, ғарасат майдан күнінде құр қалмаңыз сауаптан. Лә-иллаһа-илла Алла. Ажал қабірі қиын жол, десін Алла бізді құл, ағайын тастап кеткенде иманың болсын сонда мол. Лә-иллаһа-илла Алла. Бас көтерер адам жоқ, туысқаннан хабар жоқ. Қараңғы көрдің ішінде бұдан қиын жаман жоқ. Лә-иллаһа-илла Алла», – деген шын жүректен төгілген жырлар оқырманды тебірентпей қоймайды. Мырзаби Қауменұлы туралы деректер әлі толық емес, ал қолда бар бірлі-жарым өлеңдерінен  тамаша ақын болғаны айқын көрінеді.

Жалғасы бар

Ақылбек ШАЯХМЕТ,

Ахмет Байтұрсынов атындағы

ҚМУ Медиа-орталығының директоры, профессор,

жазушы, филология  ғылымдарының кандидаты

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысы туралы қызықты 20 дерек

Қостанай облысы туралы қызықты 20 дерек. Облыс халқының саны – 864 500 адамды құрайды, бұл ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *