Кенжебектің күнделігі-5

К5

29 қазан

Біздің үйдегі теледидар кабелдік жүйеге қосылған. Бірақ мақтанғандай болмайын, бұл жүйе қазір кез келген үйде бар ғой. Айтайын дегенім, Әлімнен кейінгі нағашымның 4 жасар кіші ұлы Әмір үйде тіптен теледидар көрсетпейді. Қазақ тіліндегі бағдарламаларды көрейін десем, «Nikelodeon» деген шетелдің күндіз-түні мультфильм беретін арнасына қосып қойып, соған телміріп отырғаны.

– Әмір, сен далаға ойнап келе қойшы, кәмпит беремін. Мен кино көрейінші, – деп жалынсам:

– Жоқ! Далаға шықпаймын! Мамам айтқан, ауырып қаласың, үйде отыр деген. Мен қазір Спандж Бобты көремін, – деп томсырая қалады. Енді алдарқату деген – қиынның қиыны. Өзі де бала болып айтқанға бір көнбейді-ау, көнбейді. Сөйтіп, Спандж Бобты Әмірмен бірге отырып тамашалауға тура келеді. Бірақ ол мультфильмде еш қызық жоқ! Мән-мағынасы жоқ бірдеңе! Ал інім соған мәз-мейрам. Спэндж Бобтың істеген істерін, сөйлеген сөздерін қайталап әлек болады.

9 қараша

Соңғы жылдарда жастардың «сүйікті» сөзіне айналған «мәмбет» деген атауды жиі құлағымыз шалады. Әсіресе, қала жастары ауылдан келген құрбыларына осы сұмпайы сөзді жиі қолданады. Тіпті, ауылдардағы жастар жағы да бір-бірлеріне «мамбет» деп айтып жатады.

Шыны керек, әуелде «бұл қайдан шыққан сөз?» деп ойланғаным рас. Әйтпесе, бізде, қазақта Мәмбет деген адам аттары бар емес пе?! Сонда атам қазақ осындай жағымсыз есімді балаларына қалай қойған? Әрине, балалық ой мені осылайша мазалаған еді. Жоқ! Олай емес екен! Біле білген адам «мәмбет» деген атауға намыстанбай, қайта қуанулары, мақтаныш көрулері керек сияқты. Неге? Өйткені, Мәмбет – киелі сөз, атау, есім!

Жақында көктен іздегенім жерден табылғандай болды. Жерден жеті қоян тапқандай қуандым. Енді ше, көптен мазалаған сауалыма жауап таптым!

Күнделікті газет-журнал оқу әдетім екенін жоғарыда айттым ғой. Сөйтіп, қашанғы дағдым бойынша бір газетті оқып отырып, мынаған ұшырастым: «Мәмбет – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың құрметіне қойылған есім. Сөз түбірі арабтың «хәмд» мақтау сөзімен төркіндес. «Мұхәммәд», «әхмәд» сөздері мақтаулы, мадақтаулы деген мағынаны білдіреді. Қазақ арасында «Мұхамбет», Мұхамет», «Мәмбет» түрінде ұшырасып жатады» делініпті. Ал керек болса! Сонда біздің пайғамбарға «тіл тигізіп» жүргеніміз бе?!

14 қараша

Бүгін аулада кішкентай орыс баласы мен сонымен шамалас қазақ ұлының екеуара әңгімесін құлағым шалып қалды.

– Сенің атың кім? – деді қазақ баласы.

– Что?

– Ей, атыңды айтсайшы! – дейді бұл да түкке түсінбей.

– У нас дома есть машина, – дейді орыс баласы үйін қолымен нұсқап.

– Өй, машинадан біздің ауылдағы ақбоз ат жүйрік. Өткенде көрші Берік ағаның «Жигулиінен» біздің ат озып кеткен, – дейді. Ал орыс баласы аң-таң. Бұған аузын ашып қарап қалыпты.

– Сен атпен шаба аласың ба? – дейді қарадомалақ. Ол иығын қиқаң еткізді. Содан соң:

– Я тебя не понимаю, – деп бұртиды.

– Панимай, не панимайды түсінбедім. Жүр, асық ойнаймыз, – деп әлгі қарадомалақ қалтасынан бір уыс асық шығарды. Ол мұның соңынан ерді. Екеуі анадай жерге барып өзара тіл табысып кетті. Бір-бірлерін әйтеуір ыммен болса да ұғынысып, алаңсыз ойнап кетті. Қазақ баласы шамасы Астанаға ауылдан қыдырып келгенге ұқсайды. Бұл оқиға, әрине, сыртынан қарап тұрған адамға қызық көрінеді екен.

Орыс баласының жаңағы қазақ ұлымен ойнап жүріп, қазақша сөздерді үйреніп алуы ғажап емес қой?! Немесе, керісінше…

21 қараша

Бұл күн – менің өмірімдегі ең қуанышты күн. Жақында Әлім екеуміз «Ұлан» газетіне өлең, әңгіме жазып жолдағанбыз. Енді, міне, сол «Ұлан» редакциясынан біздің атымызға хат келді. Онда былай деп жазылыпты: «Қадірлі Кенжебек! Бізге жолдаған хатыңды алдық. Көп-көп рақмет! Бірақ жазған өлеңің газет бетіне жариялауға келмей қалды. Ұйқастары тым әлсіз құрылған. Әрі буын сандары да асып кеткен. Бірақ сен қапалаңба! Ақындардың өлеңдерін көп оқы, ізден! Сеннен әлде де хаттар күтеміз».

Әрине, қапаланбаймын. Редакциядағы аға-апайлардың ескеріп, елеп, хат жазғанының өзі неге тұрады?! Қайта бұған шабыттанып, дұрыстап жазуға тырысамын. Ақын болу оңай емес қой. Ақын болу үшін де көп оқу керек. Жалықпай ізденіп,ақындардың кітаптарын оқу қажет.

Егер менен ақындық шықпаса, онда қарасөзге бет бұрармын, бәлкім. Бұрынырақта, 5-6-сыныпта оқып жүргенде шағын әңгімелер жазып, аудандық газетке жолдағаным есімде. Олар жарыққа шықты да. Сонда қалай, қарасөзді, яғни проза жанрын жақсы меңгеріп келемін бе?

Жә, толық меңгердім деп асыра сілтемейін. Дегенмен, өлеңнен гөрі, шағын әңгіме жазу қолымнан келетін сияқты. Күнделік жазуды қолға алғаным да сол себептен шығар, бәлкім…

Демек, ендігі жолы «Ұланға» өлең емес, әңгіме жазып, жолдайын. Бәлкім, айым оңынан туып кетер…

28 қараша

Қазақ – батыр халық. Жаугершілік заманда қазақ батырлары елін, жерін қорғауда көзсіз ерліктерге барған. Ерлік жасаудың түрлі жолдары болады. Жоғарыда жазғанымыздай, істеген ісіңді мойныңмен көтергеніңнің өзі ерлік емей, немене?

Бүгінгі күнде бейбіт өмірдің де батырлары бар. Тоқтар Әубәкіров, Ермахан Ыбырайымов, Талғат Мұсабаев, Бекзат Саттарханов (марқұм), Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, тағы басқалары ел намысын қорғауда қаншама тер төкті десеңші.

Мен мұны неге айтып отырмын? Кеше сыныптасым Қайыржанның мына бір әңгімесі түрткі болған еді. Қайыржан жазғы каникулда ата-әжесінің үйіне ауылға барыпты. Күн ми қайнатардай ыстық дейді. Тамыз айы болса керек. Әдетте күн ыстықта балалар көлге, өзенге шомылады ғой! Қайыржан да өзенге түсуге барыпты. Қасында Думан деген сол ауылдың баласы бар екен. Екеуі биік дөңге шыға бергенде, «Ойбай, құтқарыңдар! Өлдім!» деген ащы айғайдан әуелгіде екеуі де селк ете қалыпты.

– Думан, не де болса суға батып бара жатқан адам, тез барып құтқарайық! – дейді Қайыржан.

– Әй, мынау тіпті таныс дауыс! Асан болып жүрмесін! – деген Думан екеуі биік дөңнен төмен қарай құлдилай жүгіреді. Шынында да Думан қателеспепті. Асан суға бір батып, бір шығып, содан көрінбей кетіпті. Әшейінде тау құлап келе жатса да (бұл – Қайыржанның сөзі) міз бақпайтын Думан бұдан бұрын суға қойып кетіпті. Сөйтіпті де, көзді ашып-жұмғанша Асанды судан жағаға алып шығыпты. Ауылдағы балалар өзара суға жүзіп жарысқанда Думан алдына жан салмайды екен. Содан да болар, оны балалар «Балық» деп атап кеткен екен.

Думан Асанның аузына дем беріп, қол-аяғын уқалап, кеудесін басып жатады. Ал бұған таңғалған Қайыржан:

– Мұның бәрін қайдан үйреніп жүрсің? – депті таңданғанын жасыра алмай.

– Ә-ә, бұл деген – жедел-жәрдем келгенге дейін алғашқы көмек. Мұны атам үйреткен. Керек десең, сен де үйреніп ал! – депті. Осы сәтте қақалып-шашалып Асан да көзін ашыпты да:

– Туһ! Өліп қалған шығармын десем, әйтеуір тірі екенмін. Рахмет, саған Думан! Мені өлімнен құтқарып қалдың! Бәсе, біз сені бекерден бекер «Балық» деп жүрген жоқ екенбіз ғой, – деп қуаныпты. Сөйтіпті де, болған оқиғаны ауылға айтуға асығыпты. Міне, бала болса да Думан (ол кезде 6-сыныпта оқиды) бір адамның өмірін ажалдан құтқарып қалды. Міне, нағыз ерлік!

6 желтоқсан

Мен өзімнің күнделігімді әрі қарай жалғастырмауды ұйғардым. Бұған сыныбымда болған жағдай себеп болды. Бұлай болады деп кім ойлаған?! Бәріне себепші сол баяғы Самат. Оқиға былай болған еді: Кеше кешкісін сабағымды оқып болған соң, күнделік дәптерімді де сөмкеме сала салғанмын. Үшінші сабақ біткен соң, қоңырау соғылып, барлық бала сыртқа шыққанбыз. Алайда әлгі сотқар Самат сыныпта қалып қойыпты. Сөйтіпті де, менің сөмкемді ақтарыпты. Сірә, қалам ба, сызғыш па, дәптер ме, әйтеуір өзінің қызығып кететін әдетімен бірдеңе іздеген болуы керек.

Сыныпқа кіріп келсем, бір топ сыныптасым Саматты жапа-тармағай алқа-қотан қоршап алыпты. Ал ол құдды оқушыларға диктант жазғызған мұғалімдей тамағын кенеп қойып, кітап па, қағаз ба, әйтеуір бірдеңені мәнерлеп оқып отыр. Балалар ұйып тыңдап қалыпты. Тек оқта-текте ду күліп, жамырасып қояды. Ал мен аң-таң. «Самат қалай оқымысты бола қалған? Аяқ астынан балаларды өзіне қалайша үйіріп алды? Бірдеңе бүлдірмесе нетті?!» Осыны ойлауым мұң екен, сөмкемдегі күнделік дәптерім есіме сарт ете қалды. Жалма-жан сөмкемді ашып, күнделігімді іздедім. Жоқ! Осы сәтте:

– Әй, шошқа! – дедім түтіккен бойы Саматқа ұмсына түсіп.

Балалар маған жалт қарады. Самат орнынан жылан шағып алғандай атып тұрды. Сөйтті де, күнделігімді артына жасыра қойды. Өзгелері орын-орындарына жайғасып жатыр.

– Қане, бер! Қайтар!

– Нені?! Нені айтып тұрсың?! – деді ол түкке түсінбеген адамша.

– Күнделігімді айтамын! Неге рұқсатсыз сөмкемді ашасың?! Неге ақтарасың?! – дедім де, оны аяғынан шалып қалып, шалқасынан түсірдім. Ол да оңай беріліп қойсын ба, жатқан бойы жағама жармасып, кейін қарай серпи лақтырып жіберді. Мен дереу атып тұрып, оны бүйірден ыңқ еткіздім. Осы сәтте, иә, иә, осы сәтте…

– Апай келе жатыр! Апай келе жатыр! – деген дауыстар естілді. Мен дереу орныма зып етіп отыра қалдым. Бірақ балалардың бірі төбелесті тоқтату үшін әдейі айтқан екен. Самат үсті-басын қаққылап, қаймығып қалды-ау деймін, күнделігімді партаның үстіне тастай салды.

Ол менің түтігіп кеткен түрімнен қорқып кетті, білем, дір-дір етіп, қолыма жалтақтап қарап қояды.

Сөйтсем, ашуланғанымнан екі жұдырығым тастай болып түйіліп кетіпті.

– Кешір, Кенжебек, мен жай әшейін… Оқыған жоқпын, оллаһи-биллаһи! Рас айтамын, кешірші… Енді… енді қайталамаймын, нан ұрсын!

Оның жыламсырап кешірім сұраған түріне қарап аяп кеттім. Әйтпесе бар ғой, тағы бір мәрте тура құлақ шекесінен қонжитуға болар еді.

– Кенжебек, дегенмен, сенен ертең үлкен жазушы шығады, – деді ол қулана күлімдеп. – Рас айтамын, әсіресе, пойызбен осында, Астанаға келе жатқандағы ауылыңды, сондағы достарыңды сағынғаныңды әдемі жазыпсың.

Осы сөз көңілімді өсірді ме, әлде күнделігімнің тек бас жағын ған оқығанына шүкіршілік еттім бе, әйтеуір манағы ашуым сап тыйылды.

– Әй, саған дауа жоқ-ау, Самат! Біреудің сөмкесін рұқсатсыз ашып, ондағы күнделікті рұқсатсыз оқуға қалай ғана дәтің барды?!

– Жә, Кенжебек, оны өзім де байқамай қалам. Рас айтамын, бұлай істегім-ақ келмейді, бірақ солай болып қала береді…

– Онда сен «Менің атым Қожадағы» Қожа болдың ғой!

– Мүмкін… – Самат та ер екен, келіп қолымды алып, төс түйістірдік. – Кенжебек, шын айтамын, сенің сөздерің сүйегімнен өтті. Енді Қожа болсам да, әлгі Жантас болсам да, бұлай бұзақы болуды қойдым. Өтірік айтсам, мына сыныптастарымның төрт көздері түгел тұр ғой, мына мұрнымды кесіп берейін!

Ол өзінің пұшық мұрнын ұстап көрсетті де, екінші қолымен бейне пышақ ұстап кескендей ишара жасады. Балалар ду күлді.

– Жарайды, енді саған сенейік! Бірақ соңғы рет болсын осының! Солай емес пе, балалар?!

– Солай!

– Солай!

– Енді қайталамайсың!

Міне, енді күнделік жазуды доғарып, әңгіме жазуға шындап ден қойдым. Бәлкім, бұлай етуіме Саматтың: «…сенен ертең үлкен жазушы шығады. …Пойызбен осында, Астанаға келе жатқандағы ауылыңды, достарыңды сағынғаныңды әдемі жазыпсың», – деген сөзі қамшы болды-ау деймін…

Соңы

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. Парасат майданының суреткері

    (Эссе)      Алтыншы сыныпқа көшетін жылы «Жүздесу» атты жинақтан халыққа танымал болып қалған бір топ ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *