Сөнбес сәуле

         Ермурат

           ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын, сазгер, әнші, «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы Ермұрат Зейіпханұлы жайында

1975 жылдың күзінде мектепті тамамдағаннан кейін, ҚХР ШҰАР Күнес ауданы Телғара ауылындағы мектепте жылға жуық жұмыс істедім. 4-сыныпқа сабақ беріп жүргенімде сыныптағы сүйкімді келген, ақсары бала ерекше көзге түсетін. Ол тек сабак үлгерімімен ғана емес,  талантымен, өнерімен өзге балалардан оқ бойы озық тұратын. Міне, өмірде бәрі тектен-тек болмайды ғой. Кешегі сол жас өрен бүгінде тек қана Қытайдағы емес, ата-жұртында да әйгілі өнерпаз, елеулі азамат болары тегін емес екен. Бір жағынан менімен тағдырлас, бауырлас, аяулы інім деп айта аламын. Ол, әрине, Ермұрат Зейіпханұлы.

Ермұрат бауырымның талантын мен сол мектептегі кезінен-ақ байқағанмын. Мектеп бітіргеннен кейін де ауылында қалып қоймай, ШҰАР-да мейлінше биіктерден көріне білді. 1985 жылы Күйтін қаласындағы өнер институтына оқуға түсіп, таланты мен тынымсыз ізденісінің арқасында елдің алды болды. Үлкен сахналардан көрініп, байқауларға қатысып жүрді. Оны тек әншілігі ғана емес, ақындығы, жазушылығы, композиторлығы жан-жақты етті. Ермұраттың Қытай Халық Республикасында жүріп-ақ жас шағында жазған «Жайлауым әнім», «Сәбилер», «Ерен тауым» әндері халық жүрегіне жол тауып, жас таланттың жан-дүниесінің табиғатқа, лирикаға жақындығын байқатып, әуеніндегі өзгеше ұлттық сарынды, айрықша кең диапозонын аңғарта бастаған еді.

1990 жылдың басында Қазақ елінен Қытайға оқушы қабылдауға барған Кәукен Кенжетаев, Есім Сегізбаев ағаларының көзіне бірден іліккен Ермұрат 1991 жылы Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы театр институтына оқуға түседі. 1993-1994 жылдары республикалық «Үкілі үміт»  жас композиторлар байқауының және К.Байсейітова атындағы кәсіптік әншілер байқауының жүлделерін жеңіп алады.

Оқу бітіргеннен кейін Қазақстандығы алғашқы өнер жолын Абай атындағы опера және балет театрынан  бастаған Ермұрат 2000 жылдан бері Қорғаныс министрлігінің орталық ансамблінде фольклор-этнография тобының көркемдік жетекшісі болып қызмет атқарды. Оған қоса Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жанындағы өнер орталығына да жетекші бола жүріп, атажұрттағы және елге оралған ағайындардың ортасында, көптеген мәдени, қайрымдылық шаралардың басы-қасында болды. Елі үшін өнерін де, ынтасын да аяған жоқ. Артта қалған қалың қазақты елге жеткізуі және орналастыруы, бейімдеу бағытындағы көптеген қоғамдық жиналыс, кеңес, шаралардан қалған емес.

«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, Ермұрат бауырым нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді. Оның Абай атындағы опера және балет театрындағы «Қыз Жібек» спектаклінде Бекежанның, «Абай» операсындағы Көкбайдың рөлдерін, М.Әуезов атындағы драма театрында сомдаған «Қаракөз» спектакліндегі Асан шалдың, «Әли мен Қырық қарақшыдағы» Хасанның, «Қилы замандағы» хабаршының рөлдері оның актерлік қабілетінің де бар екенін аңғартады. Ермұрат тек сазгер ғана емес, өлеңдерімен қатар прозалық шығармалары да бар ақын, жазушы. Оның алғаш жарық көрген «Сыбызғы сарыны» кітабы өзіндік орны бар, талайға ой салған шығармалар жинағы деп айтуға болады. Ермұраттың артына қалдырған ең ауқымды туындысы барша қазақтың жүрегіне жылылық ұялатып, патриоттық сезімін өршіткен тамаша әндері – «Көк тудың желбірегені», «Күнес-ай». Бұл әндері туған топырағын жырақта қалдырып, атажұртқа аңтарыла көшкен қайран қазақтың мұңы мен зарын, қуанышы мен сағынышын, ұлттық рухы мен патриоттық сезімдерін әйгілейтін еді. «Көк тудың желбірегені» өлеңіне ән жазған кезде Ермұрат алғаш Қорғас шекарасынан елге өтіп келе жатқанда желбіреп тұрған көк туды көреді. Самал жел соғып тұрғанда көк ту әуелеп, желбіреп тұрыпты. Сол кезде ақын бауырымның жүрегі елжіреп, бойын ерекше бір сезім билеп, «Көк тудың желбірегені» деген өлең жолдары ойына келеді. Кейіннен өлең сөздерін менің ЖОО-ында бірген оқыған курстас досым Алмас Ахметбек жазады. Ермұрат әуенін тұрақтандырып жазады. Осылайша, алғаш рет сахнаға «Көк тудың желбірегені» әнін опера жұлдызы Майра Мұхамедқызы орындады. Бұдан кейін бұл ән бірнеше дауыста опералық бағытта жазылып, радиодан берілді. Жас әнші Ибрагим Ескендір әнді домбырамен айта бастады. Кейіннен «Қазақстан» ұлттық арнасының қолдауымен бейнебаян түсіріліп, ән халық арасында аса танымалдыққа ие болды.

«Ерім дейтін елі болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын». Ермұраттың елім деп шырылдап жүріп сіңірген еңбектері де жемісін берді. Елі ескерусіз қалдырмады. Әрдайым алақандарында ұстады. «ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері» атағын да алды. Алайда, ол бұдан да зор ықыласқа лайық деп ойлаймыз. Ермұраттың артында ұрпағы мен өнері, еліне тарту еткен шоқтығы биік туындылары, сіңірген зор еңбегі қалды. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген осы, сірә. Аяулы інім көзі тірісінде ағалап алдымнан қия өткен емес, әрдайым бауырлық ықыласымен жүрді. Ол ешқашан ұмытылмайды. Ермұратты жер қойнауына тапсырар сәтте оның тек ағайын-бауырларының ғана емес, шекараның арғы-бергі жағындағы бүкіл ел-жұртының қабырғасы қайысты. Ол тым жас кетті, күннің сәулесіндей жарқ етті. Алайда, ол халқының  жүрегінде мәңгілік жарқырай беретін сөнбес сәуле еді.

 Мұқан МАМЫТХАН

 

 

 

 

Мынаны да қараңыз

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. Парасат майданының суреткері

    (Эссе)      Алтыншы сыныпқа көшетін жылы «Жүздесу» атты жинақтан халыққа танымал болып қалған бір топ ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *