…Батырға да, байға да пана болған Жыланшық – құтты мекен, киелі өңір. Талай тарлан ұлылар қатарында дәулеті асқан байлар да осы өңірден көп шыққан. Себебі, жері малға жайлы, ауасы дертке дауа, жанға шипа, шөбі шүйгін – қыратында қырық түрлі шөп өскен шұрайлы қоныс.
Осы ұлы Жыланшық бойында халқына қайырымы мол, қолы ашық, жомарт Бірәлі Бектасұлы мекен еткен. Бұл кісі Қыпшақтын Тоқпан руынан тарайды.
Адамға қайырымдылық жасау – қазақ халқының дәстүрі. Бұрын бай мырзалар еліне мал, тамақ, бұйым, ақша үлестірген. Кедейлерге жасалған жәрдем мен қамқорлықтың бір түрі. Бұл дәстүр «шүлен» деп аталған.
Шүлен таратуды адамгершілік парызын орындау үшін жасаған. Мысалы, Жетісуда – Маман, Ырғызда – Қара Мұқан, Торғайда – Бірәлі, Семейде – Құнанбай, Жуалыда (Қаратауда) Жұман сияқты байлар шүлен таратып, атағы шыққан. Олар өз малдарынан халқына беріп отырған.
Шүлен берудің бір түрі өз байлығы есебінен мектеп ашып, бала оқыту болған. Солардың бірі – Жетісуда, Қарғаш кентінде 1899 жылы Маман ашқан мектеп.
Ал Жыланшық бойында ғұмыр кешкен Бірәлі бай өтініш жасап, мал сұрап келген жанға таныса да, танымаса да жақсылық жасап отырған. Сол жасаған жақсылығына ұлы Жаратушы сүйеу болып, мал басы кемімей, жылма-жыл қалың жылқының тайына дейін құлындап өсіп отырған. Бірәлі қайырым шапағатымен қатар мырза, діндар, көпшіл адам болған. Осы өңірден шыққан жақсылармен – Әліби Жанкелдин, Әбдіғапар хан, Аманкелді Иманов, Кейкі батыр, ақын Таңат Сейдахметпен, Шашанбайдың Рахметімен және Дулығалы бойындағы ишандар әулетімен жиі араласып тұрған. Аманкелді Иманов батырдың көтерілісін қолдап, қаржылай, малдай көмек көрсеткен.
Мәтібай ақынның да, Сейдахмет ақынның да тұрмыс-тіршілігі де, шығармашылық өнері де Торғай бойының асқан байы осы Бектастың Бірәлісімен тығыз байланысты болған.
Бірәлі үш жарым мың жылқы біткен адам. Белгілі Қостанай жылқы зауыты шығарған асыл тұқым алтын ғасырдың аяқ кезінде осы Бірәліден сатып алынған 300 жылқыдан шыққан деседі. Әуелде оны «Бектасов тұқымы» (Бектасовская порода) деп те атаған. Өзі жомарт, ел-жұртқа қайырымды, Мәтібай ақынның тілімен айтқанда «жаяуға ат, ашыққанға азық болған» адам (Бұл мәліметті кезінде журналист Бөгетбай Әлмағамбетов айтып еді – автор).
Ұлы Жыланшық бойында жүргізілген экспедицияға қатысқанда Николай II атқорасындағы жылқыларды «Бектасовская порода» деп таныстырған екен. Артынша, Қостанай қаласы, Заречный кентіндегі «Қазақ тұлпары» жылқы зауытына барып, директоры Набидолла Кикебаев мырзамен сұхбаттасқан едім. Ол кісі де кезінде ақсақалдардан осы әңгімені естігенін айтып, зауыттың сонау замандардағы алғашқы директорларының тізімі мен тарихы туралы құжаттарды көрсетті. Алайда, газет бетіне шыққан мақалалар мен құжаттарда Бірәлі жылқысы туралы дерек табылмады.
Жолда аты өліп, ертоқымын арқалап келген талай бейтаныс адамдар одан тегін ат мініп кеткені айтылады.
Өнер иелерімен пікірлес дос болған, әсіресе, Торғай бойының ақындары Есенжол, Сейдахмет, Мәтібай, Ақмолдаларымен қатты сыйласқан. Бір болыстағы адал араласқан ағайын Сейдахмет пен Мәтібайға ат беріп, ас берген. Жыл сайын соғымынан үзбей отырған. Екі ақыннан да көп марапат естіген. Бірақ ретті жерінде бет-жүзіне қарамайтын турашыл ақындар өздері құрметтеп дос тұтқан Бірәліні де аямай сынға алудан жасқанбаған.
Бірәлі, өзгелердей емес, екі ақын ағасының сын-пікірін кек тұтпаған. Сыйластық қадір-қасиетін жоймаған. Бірәлі әкесі Бектасқа төрт дуан елге сауын айтып, ұлан-асыр ас бергенде Есенжол жыршы сол астың бас өнерпазы болған.
Мақан Жұмағалиевтың 1965 жылы жарық көрген «Орлы гибнут вышине» романында Бірәлі бай бейнесі ерекше сомдалады. 1916 жылы Торғайда қазақ даласының ұлт-азаттық көтерілісі және оның Ұлы Октябрь революциясына, Азамат соғысына ұласу тарихы кезеңінен мол мағлұмат беретін бұл роман 1980 жылы Ғафу Қайырбековтың аударуымен қазақ тілінде «Қыран қазасы қияда» деген атпен жарық көрген. Бұл романға пікір жазған. З.Ақышев пен Т.Амандосовтардың айтуынша, бұл кітап тарихи құжаттарға сүйеніп жазылған және ұшан-теңіз оқиғалар мен оларға қатысқан кейіпкерлер өмірде болған адамдар. Романның басты кейіпкері – Аманкелді Иманов. Көркем шығармаға арқау болған тарихи оқиғалар мен талас-тартыста Бірәлі бай Аманкелді батырды қолдап, кей кезде қорғап, батырдың басына төнген жаманшылыққа араша болып, аман алып отырған.
Ералы бай бейнесі толық ашылмағанымен, бай бола тұра көтерілісшілер жағына шыққан, сол қылығымен «байдың бәрі кедейдің қанын сүлікше сорған озбырлар» деген кеңестік дәуір әдебиетіне тиесілі жалпыламалыққа кереғар кейіпкер.
Романда Әбдіғапар, Балым, Әліби Жангелдин, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ыбырай Атамбаев, Кейкі батыр өз атымен көрініс тапқан, ал Ералының – Бектастың Бірәлісінің, Рақымбектің – Шашамбайдың Рахметінің прототипі екендігі еш күмән тудырмайды.
Аманкелді батыр мен Бірәлі байдың таныстығы бозбала күндерінен басталады. Аманкелді батыр Торғай даласында болған жәрмеңке соңында көшенің қалтарысында үш жігіттің бір қазақты тонап жатқандығын көреді. Басына киген түлкі тымағы мен ұзын қоныш қайыс етігінен әлгі адамның Қайдауыл болысының қазағы екендігін танып, көмекке ұмтылады. Аманкелді батыр екеуін тілерсектен соғып, мұрттай ұшырады. Үшінші тонаушы қымбат шапанды тастай беріп тұра қашады.
Бірәлі «Сен мені ажалдан құтқардың» деп ризашылығын білдіріп, Аманкелді батырға бір дорба ақша ұсынады. Сонда Аманкелді «жігіттің бәрі күшін сатпайды» деп дорбасын қайтарып береді.
«Бәрекелді, жігіт екенсің, Шаңсуат бойында тұрамын, келіп, қадірлі қонағым болғайсың», – деп қоштасады Бірәлі.
Аманкелді жиырма алтыға келген жылы Мыстыбай деген байдың баласы үйленіп, ұлан-асыр той жасайды. Сол тойда Аманкелді палуандар күресінде Сары Торғайдың палуаны Саматты жеңіп, боз жорға атты тақымға басады. Сүйегі ұсақ, жорғасы жайсыз боз жорға оған ұнамай, жолда Жолоба ауылына соғып, күрең атқа айырбастап жібереді. Күрең ат басына пәле болып жабысып, Рахымбетпен (Шашамбайдың Рахметі) ұрлап алдың деп жала жабылып, түрмеге түседі. Түрмеден батырды шығарып алуға Көшімбекпен ілесіп Бірәлі бай келеді. Бұл оқиға Аманкелді мен Бірәлі таныстығының достыққа ұласуының, Бірәлінің жақсылықты ұмытпайтындығының көрінісі.
Көркем шығармада Бірәлі бай жақсылығымен, жомарттығымен елді аузына қаратқан беделді кісі болған. Аманкелдіге қастандық ойлаған барлық байлардың жиылып, Бірәліге келіп рұқсат сұрауы, оның дала қазағына, тұрмыс-тіршілігіне ықпалының мол болғандығын көрсетеді.
Бірде Рақымбек Бірәліге келіп, былай дейді:
– Ералы, біз саған үлкен бір іспен келдік… Сен елге қадірің бар, білікті адамсың. Қыпшақтың бір қазығы – сенсің. Бәріміз болып сені сыйлап, саған жүгінеміз. Арғын, Найман баласы да сенің сөзіңді тастаған жері жоқ. Ағылшынмен ауыз жаласып, Бұхар, Орынбор сәудегерлері мен шенеуніктерін қолына қаратқан тұсың бұл екен. Даланың заңын, қаланың қамалын өзіңнен өзге білер жоқ…
– Біз сенімен әлгі Аманкелді жайында сөйлесе келдік. Ералы, сен оны бізден тәуір білесің. Оны сенсіз де көріп алатын едік. Бірақ сен онымен дос көрінесің. Солай болған соң алдыңнан өтейік дедік…
Бұл оқиғадан Бірәлі байдың беделді кісі болғандығын көре аламыз.
– Меніңше, сол Аманкелдіні қозғамай-ақ қойыңдар, – деді Ералы. – «Қойдың еркесі – серке, ел еркесі – Ер» деген елде мақал бар. Аманкелдіні көп жұрт ер деп, батыр десіп кетті. Мейлі, десе десін. Батыр деп сенгені дұрыс. Елге қырсық, жерге жау келсе – ер жігіт атқа қонар болар. Сонда Аманкелді соңынан ермегенде, кімнің соңынан ереді олар. Рақымбек, сен өзің айттың ғой: «ереді бәрі…» – деп. Мен де солай деймін. Ал мына сенің не менің соңымнан жұрт ермейді.
Бірәлі бай жұртқа сөзін өткізе білген беделділігімен, ел-жұртының қамын ойлаған, елінің азаттығын ойлаған даналығы басым.
– Аузыңа бекем бол, – деді Ералы сыбырлап. – Саған ғана айтамын. Анау орыстың патшасы біздің жерімізге әскерін бе, мұжығын ба… қаптатып жатыр. Мұнысы бізге қолайлы емес. Қазағының біраздан соң барар жері, басар тауы қалмайды. Малың қалады адыра. Солай болса, таяуда сол орыстарды қуамыз біз. Ал сол жұмысқа Аманкелді әбден керек…
Аманкелді әскеріне ат сұрап келгенде: Аманкелді көтерілісшілердің жайын, өлімге бел байлаған беттерін айтып, алыстан орағытып келіп, ат-көлік жайын аңғартты.
Ералы кенет дүр сілкініп, шамырқанып кетті.
– Мен жылқыны берем! – деді ол қызуланып, әлдебір ерегіс, өшті-кекті түр көрсетіп, – қанша алсаң да берем. Нем қалды менің, кім үшін жинап, кім үшін бақтым қу малды? Бүкіл ғұмырымды сарп еттім-ау мен осыны жинап! Бәрі зая кетті! Батыр, керек атыңды берем.
– Қайран, Ерекем! Дос болсаң, осылай бол!
– Тағы да бір әңгіме естідім, – деді Ералы енді бәсеңдеп. –Ақ патша әуелі жігіттерімізді алып, соңынан малымызға бас салатын көрінеді. Одан да саған бергенім артық емес пе? Мен қазір саған ғана сенетін болдым.
Сөйтіп, Ералы екі жүз құр атты ұстатып берді.
– Егер ісің оңға басып, орыстардың табанын жалтырататын болсаң, тағы да беремін.
Мақан Жұмағалиев сомдаған Ералы бай бейнесі мен ел аузындағы Бірәлі байдың іс-әрекеттерінде өзгешеліктері де жоқ емес. Мысалы, ел аузындағы әлі күнге дейін сақталған аңызда да, Бөгетбай Әлмағамбетовтің «Торғайдың топжарғандары» кітабында да Шашамбайдың Рахметінің қызы Әмбарды Бірәлінің інісі Сейіткерей алып қашады десе, бұл романда оқиға былай өрбиді:
Рақымбектің қызы әкесінен рұқсатсыз Ералының баласымен қашып кеткен. Рақымбек терісіне сыймай, қаһарын қатты төкті. Ералы ұлан-асыр той жасап, ескінің жолымен қырық жеті қалың төледі. Сонда да Рақымбектің көңілі көншімеді. Ол Ералының ылғи кедей ауылмен, анау баукеспе ұры Аманкелдімен жақындығы үшін жегжат болғысы келмеп еді. Бір күні Рақымбек Ералының үш жүз саяқ жылқысын жігіттеріне қуғызып алды.
Ақсақалдардың алдында бар айтқаны:
– Менің қызымның бағасы осы! – деді.
Ералы бұған ерлігі ұстап, сыр бермеді. Ақбәйбіше кек қайтару керек деп еді. Ералы оған:
– Дүние үшін ағайынмен алауыздықтың қажеті жоқ, – деді
(Аңыз бен роман желісінің ұқсамайтын бір тұсы: Шөптібай Байділдин өз мақаласында («Қостанай таңы». 2006, 29 желтоқсан, 6-бет; Торғай. 2009, 22 мамыр, 4-бет.).
Ал Романда мынадай оқиға баяндалады: Жетібай шоқысындағы Ералы ауылында да Аманкелді меймандап қайтты. Көтеріліске қарсы болған ұлдармен ұрысып, Ералы бөлек шығыпты. Көтеріліс деген қараңғылықтың белгісі, Николай патшаға қызмет етсек, қазақ халқын қайырымсыз тастамас дейтін көрінеді олар. Ералы оған көнбей: «Патшаға ергендердің бәрі – су қараңғы соқыр, – деп өршеленді. – Көтеріліс – қараңғылықтың ісі емес, қайта көзі ашықтың, көрегендіктің ісі».
Шығарманың ең бір таңғаларлығы, кеңес дәуірінде Бірәлі бай асқақтай көтеріліп, мадақталған кітаптың баспадан жарық көруі.
Мінекей, біз білетін Бірәлі бай осындай кісі. Бірәлінің әрбір ісінде болашақ ұрпаққа үлгі ететін тәрбие бар. Аманкелді мен Кейкідей батырларымызды айтып, елжандылыққа тәрбиелегеніміз жөн. Кешегі кеңестік заманда ата-баба тарихын, шыққан тегін айтуға болмайтын заман болды. Бай десе құбыжық көріп, кірпідей жиырылғандарды көріп өстік. Ақылсыз адам бай болмайды. Байлардың ішінде де еліне құт-береке, халқына пана, әлсізге қуат берген жомарттар болған. Солардың бірі осы Бірәлі бай. Ата-бабасынан әулетті бай солақай саясаттың құрбаны болып, атамекеннен жырақта өкінішпен өмірден озды. Бұл кісілер біздің өткеніміз, тарихымыз, еліміздің кезіндегі мақтанышы.
Кенже ҚОНЫСБАЙ, Қостанай қаласы
Осы мақалалар неге бір сарын? Шежіре кітаптарды сатып аласың, ылғи бір-бірін қайталау. Бұл тақырыпты ең көп жазған Бөгетбай ақсақал емес пе еді? Жастар соны көшірсе неге атын айтып кетпейді?
Есен сары, мақаланы тағы бір оқып шықсаң, автордың жақша ішінде тұрған ескертпесің, марқұм Бөгетбай ақсақалға жасаған сілтемесін көресің.