Азаулы бұлақ басы тең
Азаулының Стамбұлдан несі кем,
Азаулының Аймадет Ер Доспамбет ағаның
Хан ұлына несі жоқ
Би ұлынан несі кем!
Тәңірінің өзі берген күнінде
Хан ұлынан артық еді менің несібем!
Азаулыда аға болған ерлер көп еді,
Әйтсе де алмаға ат байланғаны жоқ еді!
Бұл – Доспамбет жыраудың шығармасынан үзінді (Бес ғасыр жырлайды, Алматы, 1984 жыл, 35-39 беттер). Осы өлең жолдарынан кейін мен Доспамбет жырлаған Азау шаһары туралы әртүрлі ақпараттарды қарастырған кезімде көптеген мағлұматқа қол жеткіздім. Азау қаласы туралы азды-кемді дерек бере кетсек: Азау қаласының әр кезеңде әртүрлі атаулары болғанға ұқсайды. Мысалы, Азақ, Азау, Қазақ, Тана. 1067 жылы қыпшақтардың Азуп деген ханы өлгеннен кейін қазіргі Азов қаласының төңірегі (Ресей Федерациясы) Азақ деген атқа ие болады. Меніңше, қалай дегенде де, Азақ пен Азау атаулары қатар қолданылған. ХІІІ ғасырда Жошы ұлысының ең үлкен қалаларының бірі болды. 1332 жылы мұсылман әлемінің саяхатшысы Ибн Баттута кемемен Қырымға жүзіп келіп, одан әрі шығысқа жол тартады. Ол былай дейді: «Мен келіп жеткен жер Дешті Қыпшақ деп аталады. Дешті деген сөз дала деген мағына береді. Бүкіл дала жасылға көмкерілген, бірақ ағаштары жоқ… Бұл даланың бір шетінен екінші шетіне жету үшін алты айлық жол жүру керек».
Ибн Баттута Ұлы Жібек жолының солтүстік бөліктерінің бірі Кафа – Содайя – Солхат (Ескі Қырым) – Азақ – Маджар бағытымен жүреді. Одан әрі Бестауға (қазіргі Пятигорск) бұрылғанын жазады. Ары қарай Жошы Ұлысындағы Өзбек ханның сарайында аялдап, одан әрі Қажы Тарханға (қазіргі Астраханьға) жол тартады, одан кейін Сарай Беркеде (Сарай әл-Жәдиди деп те атайды) болады.
Міне, бұл қалалар Ұлы Жібек жолының солтүстік бойында орналасқан Дешті Қыпшақтың ең атақты қалалары еді. Азау қаласы әлемдік сауда орталықтарының біріне айналады. Азаудың порттары Генуя мен Венеция кемелерін қабылдаса, Азаудың керуен-сарайлары шығыс саудагерлерін қарсы алады. Азау арқылы Персиядан, Үндістаннан, Қытайдан Шығыс Еуропаға жібек, дәмдеуіштер, қолөнер бұйымдары жеткізіліп тұрды. Алтын Орданың Византияға барар жолындағы ең басты қаласы болып саналды, бұрынғы Еділ Бұлғариясы мен орыс кінәздіктерінің тауарлары да осы жол арқылы (астық, орман, аң терілері, зығыр, бал және т.б.) және Алтын Орданың өз тауарлары (Еділ және Дөң балығы, мал шаруашылығы өнімдері) да осы жолмен Еуропа нарығына жеткізіліп отырды.
Өз заманында аса ірі қолөнер және ірі құл саудасы орталығы да болды (құл саудасымен итальян көпестері айналысқан). Сауда айырбастарын қанағаттандыру үшін Азау өз ақшаларын (дирхемдерін) шығарған. Археологтардың айтуынша, Азау әлемнің үлкен қалаларының бірі болды (тіптен, сол кезеңдегі Лондоннан да кем емес). Мұнда әртүрлі дін өкілдері бейбіт қатар өмір сүрді (мұндай жағдай, жалпы Алтын Орданың барлық қаласына тән еді). Мысалы, мұсылман мешіттері және бірнеше католик шіркеуі, бір православие шіркеуі. Осындай мешіттердің бірінде Доспамбет жыраудың да тәлім алғаны сөзсіз. Доспамбет Мекке-Мәдинаға қажылыққа да барған.
Жоғарыда айтып кеткен Ибн Баттута қала көшелерінің жоспармен, көшелерінің түзу әрі әсем салынғанын жазады. 1475 жылы Азауды Осман түріктері басып алады. Азау қаласы Осман империясының солтүстік қақпасына, сәйкесінше Азов және Қара теңіздері Осман империясының ішкі теңіздеріне айналды. Сұлтан Азауға сүйене отырып, төңірегіндегі басқа да түркі жұртына иелік етті, мысалы, Қырым хандығы тәуелділікте болды. Азау Осман түріктерінің ірі стратегиялық тірегі еді, ол арқылы Қазан мен Астрахань мұсылмандарымен байланыстар жалғаса берді, 1569 жылы Азаудан түріктер, тіптен, Астраханьға шабуыл жасайды, Азаудың рөлін одан әрі күшейту үшін Осман түріктері Дөң арқылы Еділге шығу үшін канал да салмақшы болған. Алайда, ол дәуірде бұл мүмкін болмады.
Азау ХV-ХVІ ғасырларда әлі де маңызды халықаралық сауда орталығы ретіндегі рөлін жойған жоқ. Азаудың порттарына орыс, түрік, иран тауарлары тоқтаусыз жеткізіліп жатты. Қаладағы кеден бекеті арқылы өтетін тауарлар сұлтан қазынасына мол қаржы түсіріп отырған. Әсіресе, балық пен оның уылдырығы өте жоғары бағаланып, Ыстамбұлға одан әрі жөнелтіліп отырды. Тіптен, Азау «Сұлтанның балық сарайы» деген атаққа да ие болды.
Ал енді Доспамбет жырау өмір сүрген Азау қаласы туралы аздаған мәлімет алғаннан кейін оның тағдырына қатысты мына оқиғаға құлақ түрсек. Көпшілігіміз таза қазақ мектебінде оқысақ та, мектеп қабырғасынан Гогольдің «Тарас Бульба» деген әңгімесін жақсы білеміз. Ал енді Доспамбет жырау мен Гогольдің арасында қандай байланыс бар деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Жақында ғалымдар осы оқиғаға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтірді. Өздеріңізге мәлім, жоғарыда айтып өткенімдей, қазіргі оңтүстік Украина жері, Солтүстік Кавказ әуелден түркі жұртының ата қонысы еді. Ер Доспамбет былай дейді: «Азау, Азау дегенің әл-Ғұсман жұрты екен, Дін ісләмнің кірті екен. Азаудың ер Доспамбет ағасы Азаудың бір бұрышындай нарты екен! Білейім мен жаман күн Болатсыз қылыш кесерін, Айналасы алты жылдың ішінде Есақай, Қосай екі ұл Азау билеп өсерін!».
Гоголь бір күні далалықтардан Доспамбет жырау туралы естиді, оның бір баласының Түрік сұлтанына қызмет еткенін, ал өзінің әуелде түбі бір Түрік жұртымен тізе қосып кәпірлерге қарсы жорықтарға да қатысқанын, алайда, Азау шаһарындағы олардың әртүрлі істерін көргеннен кейін далалықтарды бастап оларға қарсы шыққанын да біледі. ХVІ ғасырда Азау шаһары Осман империясына қарағанын жоғарыда айтқан болатынбыз. Көп уақыт бойы қаланы ала алмаған орыстар түркі жұртының басқа жерге көшуінен кейін ғана қаланы басып ала алады. Доспамбет ол кезеңді былайша суреттейді: «Қалаға қаблан жаулар тигей ме, Қабырғадан дұспан жалдап жүргей ме, Қатарланып, қарланып, Қайран ер қарт күреңге мінгей ме! Қабырғадан қараған Достым менен дұспаным: «Апырым, ер Доспамбет!» дегей ме». Дәл сол кезеңде дала жұрты түріктерге қарсы соғысқан да еді. Азау қаласында дала жұртының жырауы Азаулы Доспамбет те бар еді. Ол Азаудың еркіндігі үшін түрікпен де, орыспен де алысты. Доспамбет оны былайша сипаттайды: «Ағарып атқан таңдай деп, Шолпанды шыққан күндей деп, Май қаңбақта ағалардың аты жусап жатыр деп, Ақ шаңдақты құрып қойған шатыр деп, Жазыда көп-ақ жортқан екенбіз Арғымақтың талдай мойнын талдырып, Үйде қалған арудың Ал иіндігін аударып».
Доспамбеттің ерлігі, батырлығы Даланың шартарабына жетті. Жырау жырларында Азау қаласын дәріптеп, елін мақтан тұтты. Жырау өз өлеңінде былай дейді: «Қоғалы көлдер, қол сулар қоныстар қонған өкінбес, Арыстандай екі бұтын алшайтып, Арғымақ мінген өкінбес, Кілең бұздай кілшейтіп, көбелер киген өкінбес, Жұпарын қардай боратып, арулар құшақ өкінбес, Торы төбел ат мініп, той тойлаған өкінбес, Құрама шаппақ көп қымыз құйып ішкен өкінбес, Екі арыстан жау шапса, оқ қылқандай шапсылса, қан жусандай егілсе, аққан судай төгілсе, бетегелі сарыарқаның бойында соғысып өлген өкінбес!».
Доспамбеттің екі ұлы бар еді – Есақай (кейде Есей деп те аталады) мен Қосай. Қосай түрік қызына ғашық болып, жау жағына өтіп кетеді. Бірде түн ішінде жұртына қайтып келе жатқан Доспамбет жаумен бетпе-бет кездесіп қалып, оны өлтіреді. Сөйткен түн қараңғысындағы жауы өз баласы болып шығады. Қапыда өз баласын өлтіріп алған жырау баласына арнап «Қосай» жырын шығарды, белгілі ноғай ғалымы Әшім Сиқалиев осы тарихи оқиғаны Николай Гоголь «Тарас Бульба» повесіне арқау етіп алғанын жазады. Өзінің жаужүректігімен еліне танылған оны Ноғайлы жұртының жыраулары жырға қосып, әрқашан айтып жүрген.
Міне, осындай дала дастандарының бірін естіген Гоголь оны әңгімесінің желісіне пайдаланған. Ресейдің ірі этнограф ғалымы А.Ярлықаповтың айтуынша, қазіргі Азов қаласының мұражай-қорығының «Азов тарихының очерктері» атты басылымынан да Азаулы Доспамбет туралы оқуға болады екен.
Осындай қилы кезеңде өмір сүрген жырау бар өмірін елінің азаттығына арнап, ақыры жау қолынан қаза тапқан. Доспамбет жырау өмірінің ақыры туралы былай дейді: «Арғымаққа оқ тиді қыл майқанның түбінен, Аймадетке оқ тиді отыз екі омыртқаның буынынан, Зырлап аққан қара қан тыйылмайды жонның уақ тамырдан. Сақ етер тиді саныма, сақсырым толды қаныма, Жара бір қатты, жан тәтті, жара аузына қан қатты, Жарықшылар жоқ па екен жармай білте саларға, Жағдайсыз жаман қалып барамын жанымда бір туғанның жоғынан!..».
Ал мына өлең жолдары оның өлер алдында айтқаны екен: Озушылар, озмаңыз, Озсаңыз бізім бетке бармаңыз! Бізім бетке барсаңыз, Есақай, Қосай екі ұл алдыңызға жыр құшақлай, жылай шықса не айтарсыз. Оларға айтарыңыз сол болсын, Жәмшіден қос айтып, жараға мамық тосатып, келе жата дегейсіз. Ол айтқанға тимесе, бұрынғылар түскен жері жол бұрылып соған түсті дегейсіз!..
Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ