Қойшығұл

Козы!

(әңгіме)

Елуiншi жылдардың ортасы. Бiздiң бала кезiмiз. Ауылымыз кең-байтақ қазақ даласының бiр түкпiрiнде, аудан орталығынан алшақтау болғандықтан өсе алмай, баяғы мешеу күйiнде қалып қойған, әртүрлi тарихи-әлеуметтiк апаттардан зардапты көбiрек шеккен, ескерусiз ескi мүлiктей көзден таса, жабайылау, жадаулау ел едi.

Кино, концерт дегендер бiздер үшiн ертегiмен бiрдей. Жан дүниемiзде әлдебiр рухани аштықтың белгiсi сезiлетiн. Ауданға облыстан әртiстер келiптi деген хабар естiсек, солардың ауылға келуiн тағатсыздана күтiп, жүрегiмiз тарсылдап, қалай қуанатынымызды бүгiнгi тiлмен айтып жеткiзу оңай емес. Тегiнде бала кезде адам бойындағы қуаныш сезiмiн айрықша күшейтетiн бiр артық қуат болатын секiлдi.

Сонымен,ауданға «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» фильмi келiптi, жақында бiздiң ауылға да келедi екен деген хабар жеткенде, мен апта бойы ұйқыдан қалдым. Әлгi хабар есiме түссе, жүрегiм атқақтап, фильмдi қалай көретiнiм көз алдыма елестеп, қуаныштан ұйқым шайдай ашылады.

Бiр күнi Айдархан деген бала «Қозы-Көрпеш…» фильмiн аудан орталығынан көрiп келгенiн айтып, әлгiнiң аузына кiрiп кете жаздағандай болып әңгiмесiн тыңдадық.

– Қозы қандай? Баян қандай екен? – деймiз.

– Ой, екеуi де өрiмдей, керемет сұлу, – дейдi Айдархан.

У-шу болып, таңғалсақ та, түрлерiн дәлдеп елестете алмаймыз.

– Қодар қандай екен? – деймiз.

– Қодар iрi, еңгезердей.

– Iрi болғанда… қандай?

– Қозыдан биiгiрек.

– Ойбай, неге? – деймiз таңғалып.

Өйткенi, жырда Қодардың бойы 40 кез деген жадымызда қалып қойған. Әр кез шамамен 70 сантиметр болғанда, Қодардың бойы кем дегенде 28 метр болу керек. Ақыры, мейлi қандай болса да, алдымен фильмдi көрейiкшi деген мәмілеге келдiк.

Бiр күнi аңсаған фильм ауылға да жеттi-ау.

Жаз айы болатын. Ымырт жабыла киiз үйдiң алдына ақжайма керiлiп, экран жасалды. Халық ығы-жығы. Жұрттың бәрi малдас құрып жерде отыр. Жырдағы оқиғаға қанық болған соң, бiздер фильм басталған сәтте-ақ басқа бiр әлемге енiп кеткендей өзге өмiрдi ұмыттық. Алдымызда жүрiп жатқан фильм емес, тура сол оқиғаның өзi секiлдi. Баян қандай сұлу, Қозы қандай көркем! Қарабай неткен қытымыр! Қодар қандай жексұрын! Жантық ше? Ә, атаңа нәлет!

Оқиға өзiнiң қатерлi сәтiне жақындап келе жатыр. Қодар Қозыны өлтiруге шын бет алды. Бiзде зәре жоқ.

Кенет алдан, экранға жақын жерден шу шықты. Апыр-топыр. Не болғанын түсiнбей қалдық.

– Оу, Қойшеке, қойсаңызшы! – деген дауыстар шығады.

Әлдекiм бiреулердi боқтап жүр.

– Жiбер де жiбер! – дейтiн секiлдi.

Ақыры не болғанын түсiндiк. Ауылда Қойшығұл деген шоқша сақалы шошаңдаған, қызба, тентек шал болатын. Екi сөзге келмейтiн. Қодар пышақ салуға Қозының артынан жақындай бергенде әлгi кiсi қамышысын ала салып экранға  ұмтылған. Жұрттың бәрi Қойшекеңдi ұстап жүр, боса болмаса, Қодарды ұстап жүрген ешкiм жоқ.

Жұрт өстiп апыр-топыр болып жүргенде Қодар Қозыны өлтiрдi де кеттi.

Абыр-сабыр басыла қоймаған соң, экранды анығырақ көру үшiн мен алдыңғы жағына келдiм. Қамшысын қыса ұстап, басыла алмай қалшылдап отырған Қойшығұлдың түрiне қарап едiм – жылап отыр екен…

Бiр заманда фильм аяқталды.

Сұлулық пен махаббаттың мәңгiлiк ескерткiшiндей болған ару Баян мен қайран Қозы қиянаттың құрбаны болып кете барды. Солай боларын күнi бұрын бiлсек те, осы қасiрет бәрiмiзге аяқастынан тап болғандай және әрқайсымызға жасалған жеке қастандықтай жүрегiмiздi жаралап, қинала жылап, жұбана алмай отырмыз.

Кенет:

– Апыр-ай, Қойшекеңнiң де ұстаспаған адамы қалмады-ау, ақыры ретiн тауып, Қодармен де төбелескен жоқ па, – деген әлдекiмнiң әзiлi беймәлiм тарих түпкiрiнен бәрiмiздi өзiмiз өмiр сүрiп отырған бүгiнгi күнге, ақжайма керiлген киiз үйдiң алдына қайта әкелгендей болды.

– Қойшекең кетiп қалмағанда, осы сөзiң үшiн сен де сыбағаңды алатын едiң, – деп оған тағы бiреу әзiл қосты.

Қойшекең, шынында да, фильмнiң аяғына қарамай, кетiп қалған екен. Бұл да оның бәрiмiздi жылатқан зұлымдық әрекетке көрсеткен қыры деп ойладық.

Әрине, Қойшекең кинода болып жатқан оқиғаға түк iстей алмайтынын, Қодардың Қозыны бәрiбiр өлтiретiнiн бiлмейдi емес, бiлдi. Бiрақ көре тұрып түк қарсылық бiлдiрмей, үндемей отыра берудi өзiнiң жанына, бүкiл табиғатына жасалған қиянат деп ұқты.

Тарихқа, өмiрге ықпал жүргiзiп, зұлымдыққа бұғау салуға бiр адам түгiлi бiр ұрпақтың, тiптi бiрнеше ұрпақтың шамасы жетпеуi мүмкiн. Мәселе сенiң қиянатпен ешқашан да келiспейтiн күрескер рухыңды жоғалтпауыңда ғой.

Қойшекең ұстасқан адамын ұрып жығатындай қарулы да кісі емес, қаңғалақтаған бір жапырақ шал ғой. Бірақ жанын қорлайтын нәрсенің бәріне қарсы шығып, төбелесуді өзінің міндетіндей көретін секілді. Қалай болғанда да, оның осы бiр бала секiлдi кiсi күлерлiк iс-әрекетiнде әлдебiр жүректiлiктiң, ымырасыз рухтың жатқанын жоққа шығару мүмкiн емес едi.

Ал бiздiң уақытымызда қиянат экранда емес, дәл қасымызда жасалып жатса да және онымен күресуге бiздiң талай амалымыз болса да, қиянатқа қарсы шыққымыз келмейдi. Өйткенi, бiз өзiмiзге жасалған қиянатпен әлдеқашан табысқанға ұқсаймыз. Ең үлкен қатер осы ма екен?..

Осындай ойлардың жетегінде жүргенде есіме еріксіз Қойшекең түседі.

Төлен ӘБДІКҰЛЫ

 

Мынаны да қараңыз

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. Парасат майданының суреткері

    (Эссе)      Алтыншы сыныпқа көшетін жылы «Жүздесу» атты жинақтан халыққа танымал болып қалған бір топ ...

Lisa жазбасы үшін пікір қалдыру Отменить ответ

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *