Төлен ӘБДІКҰЛЫ КӨКТЕРЕК

Терек

Бұрын Қабырға өзенi  көктемде бұрқ-сарқ тасып, жаздың аяғында суы азайып, кей тұстары ойдым-ойдым қара суға айналып, кей жерлерi тiптi құрғап қалғанда, жұрт өзен табанына киiз үй тiгiп алатын едi дейтiн қариялар. Ол бiз үшiн баяғы заман секiлдi.

Бiздiң тұсымызда Қабырға өзенi Зауыт тұсынан бөгелген. Бөгеттiң бауырында жайқалып қалың тал өскен. Ту сыртынан қарағанда  бөгеттiң зор тұлғасы бар биiгiмен көрiнiп, табиғаттың дүлей күшiне өзiнiң төтеп берiп тұрғанын сезетiндей, айрықша айбарлана түседi. Сол бөгеттiң қалың құрақ өскен оңтүстiк қапталымен жүрiп отырсаң, Нұрпейiс көңiне  тiрелесiң. Одан өтiп, оңға бұрылсаң, әудем жерде төбесi көк тiреген көк теректi көрер едiң. Көк терек бiздiң балалық шағымыздың сәнi едi. Сонша қиырдан көрiнетiн, төңiрегiнде тал-шыбық жоқ, жалғыз ағаштың қасына келгенде, түбiндегi саядан әлдебiр жан рахатын сезгендей боласың.

Үлкендердiң сөзiне қарасаң, осы ара бiр кезде қалың орман болған тәрiздi. Отырғызған Оймауыт деген кiсi екен. Жаны жәннатта болсын. «Ал сонда қалған ағаштар қайда» деген бiр ой басымызға келедi де, бiрақ оны одан әрi жалғастыруға бiздiң уақытымыз  болмайды. Үйткенi  бiзге  осы  Көктеректiң  әсерi басым: одан зәулiм, одан жалпақ, одан киелi ағаш жоқ. Сәл жел тұрса, жапырақтары сусылдап, оған ұшар басындағы құстардың шуылы қосылып, сәл қорқынышты, сәл қатерлi құпия түрге енедi. Бiздiң санамыздан тыс тiлдесу ия сырласу жүрiп жатқан секiлдi.

Адам санындай жұп-жұмыр, бiлеу-бiлеу бұтақтарына шығып, жерге қарасаң, бiртүрлi көңiлiң көтерiлiп, өзiңдi өзгелерден биiк сезiнесiң. Жердегiлер сенен төмен, әлсiз болып көрiнедi.

Жiңiшке бұтақтарына жоламайтынбыз – сындырып аламыз ба деп. Себебi, үлкендердiң айтуынша, әлде балалардың өздерiнiң нанымы, әйтеуiр, Көктеректiң бұтағын сындырсаң, қан ағады екен деген лақап бар. Үйткенi киелi ағаш. Киелi ағашты сындыруға, шабуға болмайды. Ал шабамын деп ауру болған бiр адам бар. Ол адамды бәрiмiз де бiлемiз; ауру екенi де рас. Ауылға қосылмай, жаз бойы жалғыз үй боп отырушы едi бейшара.

Бiздер үшiн Көктерек жерге өсiп тұрған ағаш емес, адамдар мiнәжат қылатын әулиелi мазар ия мешiт секiлдi. Бiрнеше баланың құшағы жетпейтiн дiңiне арқаңды тiресең болды, жаныңа жайма шуақ нұр төгiлiп, шала ұйқыда көзiңдi жұмып, бейжай балбырап тыныққың келедi. Айрықша бiр жұпар иiстi ауаны сезесiң…

Жаздың басында келсең, ағаш түбiндегi арық бойымен ағып жатқан суға аяғыңды малып отырар едiң. Жүгiре-жүгiре домбығып iсiнген аяғың салқын судан рахаттанып, бойыңды жеңiлдетiп, тынысыңды кеңейткендей болады. Көптен берi жаныңа  жоламай  жүрген ғажайып сезiмдер оралып, iшкi әлемiңдi сарқылмас қуанышқа бөлейдi. Дүниең түгелденiп, тал бойыңда бiр де бiр кемшiлiгiң жоқтай, мұқтажың жоқтай сезiнесiң өзiңдi.

Тек бiр ғажабы – сол сезiмдер өз бойыңда бұрыннан бар нәрсе ме, әлде Көктеректiң түбiндегi қазына ма – оған көз жеткiзе алмайсың; әйтеуiр осы ағашқа, осы саяға байланысты екенiн аңғарасың.

Осының бәрi көктемгi тасқындай мол ағынмен көкiрегiңе сарқырап құйылып жатады. Сен – көктемгi Қабырға өзенi секiлдiсiң. Ағыл-тегiл су… Жойқын дария… Қатерлi молшылық…

Сол сәтте бойыңа ғажайып күш жиналып, жаныңдағы баламен күресе кеткiң келедi; жығу үшiн емес, бойыңдағы қуаныш тасқынын сәл-пәл азайту үшiн.

Кейбiр атаққұмар балалар терек бойымен жоғары өрлеп, адам үрейiн ұшыратын биiкке дейiн барады. Сен де ұмтыласың. Қым-қиғаш бұтақтардың арасынан әлгi баланың бiрде қолы, бiрде аяғы анда-санда бiр көрiнедi. Қанша қорқып тұрсаң да, өзiңдей баланың жеткен жерiне сен де жетсем дейсiң. Жерге қарамауға  тырысып, бұтақ-бұтақтан ұстап  жоғары өрлейсiң. Бiрақ қанша қарамайын десең де, жеткен жерiңдi ойша болжап, жүрегiң көтерiледi. Жетем деген жерiңе бәрi бiр жете алмайсың. Ақырындап түсе бастайсың. Сүйтiп манадан бергi ғажайып сезiмдерiңдi  аты өшкiр бәсеке быт-шыт қылады. Жоғарыда тұрған мақтаншақ балаға ыза боласың.

Мен терек түбiндегi салқын саяны қанағат қылып, ұзақ жүрдiм. Ақыры Көктеректiң төбесiне бiр күнi мен де шықтым. Рас, талпынған, жаттыққан көп күндер өттi. Бұл шаруаның бiр күнде бiтпейтiнiн әу баста-ақ бiлгенмiн.

Көктеректiң ең биiк бұтағына жеткен кезде менi екi-ақ сезiм биледi: бiрi – қуаныш, екiншiсi – қорқыныш. Осы екi сезiмнiң бiр-бiрiне ұқсас екенiн мен сонда бiлдiм. Екi бұтақтың арасына аяғымды тiрей, теректiң жiңiшкерген дiңiн қапсыра құшақтап, айналаға көз жiберген кезде, бар дүниенi жаңа көргендей аузымды ашып сiлейдiм де қалдым. Мен өзiм туған жердi мұндай биiктен ешқашан да көрмеген едiм. Бiреудiң көзiн, құлағын, аузын жеке-жеке көрiп, ендi бет-жүзiн тұтас көргенде мүлде басқаша әсер беретiнi секiлдi, мен өзiм талай шомылған өзен, көлдi, талай қыдырған ой мен қырды ендi көрiп, ендi таныдым. «Е, сен осындай ма едiң? Сен мен ойлағаннан әлдеқайда әдемi, әлдеқайда кең, әлдеқайда ұлы екенсiң ғой!» – дейтiн секiлдiмiн iшiмнен.

Одан кейiн ұзақ жылдар өттi. Ержетіп, өмір соқпағын қуалап, жан-жаққа тарадық. Ел жаққа ат iзiн сирек салып, Көктерекке соға алмай жүрушi едiм. Бiр жолы жолым түсiп, бөгетке бардым. Баяғыша қалың талын жайқалтып, күмпiлдетiп сусын құйған тегенедей болып жатыр екен жарықтық. Сол қанатын жағалай, Нұрпейiс көңiнiң тұсына келдiм. Орап өтiп, оңға бұрылдым – Көктерек жоқ!  Жүрегiм әлдебiр жақын адамның қазасын естiгендей шым ете қалды. Жақындап келiп қарағанда көрдiм, алып динозаврлардың қаңқа сүйегiндей аппақ болып, жарқырап шашылып жатыр екен…

Елу жылда ел жаңа дейдi. Елмен бiрге жер жаңа. Жаңарғаны осы болды ғой. Мына заманда тау жоғалып кетсе де, таңқалуға болмайды.

Көктерек балалық шағымыздың көркi едi. Көзiмдi жұмсам, көз алдыма келедi. Яғни Көктерек өзiмнiң iшiмде, жүрегiмде деген сөз ғой. Жадыңда сақтай алатының қандай жақсы. Ел мен жердi сақтайтын басқа не амалың бар?…

Төлен ӘБДІКҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. Парасат майданының суреткері

    (Эссе)      Алтыншы сыныпқа көшетін жылы «Жүздесу» атты жинақтан халыққа танымал болып қалған бір топ ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *