Өлең кестесін келістірген ақын

Кеншилик

Мен алғаш рет Кеңшілікпен бес-алты жасымда танысқан едім. Содан достасып кеттік. Дос болғанда қандай, ауылдағы он бес шақты баланың таңертеңнен кешке дейін бас қосатын жеріміз де бір, ойнайтын жеріміз де бір болатын. Кеңшіліктің әкесі Ағытай мен шешесі Мәр­күлдің сол кездері әрі кетсе отыздан ғана асқан кезі. Ағытай соғыс кезінде басынан жа­раланып келген, көп үндемейтін кісі еді. Кеңшіліктің сөзшеңдігі, арсалаңдап тұратын мінезі анасына тартқан, Мәркүл апай екі бетінің ұшы қызарып тұратын аппақ, сөзге ұста адам болатын. Кеңшіліктің туған жері Түйемойнақ деп аталады.

Түйемойнақ кезінде Киров колхозының орталығы болған. Табиғаты өте керемет, мұн­­дай әдемі жерді Торғай өңірінің басқа жерінен табу мүмкін емес. Түйемойнақ ауылы Тосын құмының ортасына орналасқан. Тап ортасынан Торғай өзені кесіп өтеді. Тосын құмының осы жерден бөлінген екі жағы да қалың тоғай, жиде, үнемі жап-жасыл болып тұратын арша, тобылғы, итмұрын, ақши, жусан, жалбыз, шағырдан көз сүрінеді. Әсіресе, көктем кезінде гүлдейтін жиде, итмұрынның көріністері ерекше ғажап. Түйемойнақтың табиғатын жырлаған менің «Түйемойнақ» атты қысқалау өлеңім бар еді. Сонда:

«Түйемойнақ құдайдың берген жері,

Жылқыға құлын-тайдың ерген жері.

Өзен мен Көшек таудың ортасында,

Тосынға ене бойлап кірген жері.

Түйемойнақ аңызға болған желі,

Хайролладай болған ед жыршы пері,

Әбіқай, Нұрхан, Жұмабай ақындары,

Небір шіркін. Асылдардың жүрген жері…»  – делінген жолдар бар. Сол даңқты тұлғалардың бірі Кеңшілік еді. Ақын туып-өскен айтулы Тосын құмының шетін көлбеп көгілдір Көшек тауы жататын. Оның жанында кезінде Кеңшілік жырлаған «Сарыөзек Сандықбидайық» жатыр. Нағыз ақынды топырағы қасиетті жері ту­ғызады, сөз қадірін асырған елі туғызады. Ақын Кеңшілік Мырзабеков өзінің туған елін де, жерін де өлеңмен даңқын асырып, поэзия көгіне іліп кетті.

Кеңшілік бала кезінен ақын мінезді, арқалы болатын. Оның балалық шағындағы есінде қалған бір әдемі суреттері өлеңдерінде де қылаң беріп қалады. Мәселен, «Жидек теруге барғанда» атты өлеңінің:

«Көктоғайдан» кешкілік бір топ бала

Жидек іздеп, күндер-ай, қыр таптаған,

Адырлар әрі алып кетуші еді,

Бұралаң жол белдегі бұлтақтаған.

Содан кейін іңірде оралушы ек,

Қорым жаққа қорқып бір қадалушы ек,

Үрейімді бойымнан үркітуге

Жаутаңдаған болатын жанарың сеп…»

Ақын бұл өлең жолдарында өзінің балалық шақтағы сезімін суреттеумен бірге қасындағы қыздың «жаутаңдаған жанарын» бейнелеп тұрған шеберлігі де назар аудартады. Ол ақын болуды, елінің белгілі азаматы атануды сол бала кезінен армандаған. Біз айтып отырған арманын Кеңшілік ақын сәл кейінірек «Келеді өсіп бір бала» атты өлеңінде:

«…Алыс та алыс, алыс бір сондай түкпірде,

Соғыстан соңғы тіршілікпенен жұп бірге.

Келеді өсіп, келеді өсіп бір бала,

«Арманға жетем түбінде, түптің-түбінде!» – деп жырлап еді. Арман-жыр, жыр-арман уа­қыт өте келе орындалды, Кеңшілік Мырзабеков жиыр­­ма жасында елге танылды.

Ол сөз құдіретін, қасиетін оқырманына ерек­­­­ше көркем, қазақы тілмен жеткізе білді.

Кеңшілік екеуміз бала кезден бірге өс­тік, есейген кезде де достығымыз, аралас-құраластығымыз үзілген жоқ. Бірақ екеуміздің мінезіміз де оңып тұрған жоқ, әркім өзінше қи­­сық еді. Төбелесіп, сөзге келіп қалған кезіміз де бол­ды.

Осыған орай Кең ақынның «Мінез» атты өлеңнің:

«…Ей, досым!

Жүз шайысып қалысармыз,

Тобық қағып, аяқты шалысармыз,

«Ер шекіспей бекіспес» деген сөз бар,

Бір болса мақсатымыз табысармыз!» – деп аяқталатынын айта кетейін.

1988 жылы Торғайда белгілі ақын Қай­некей Жармағанбетовтің мерейтойы өтіп, оған Алматыдан Ғафу Қайырбеков, Кеңшілік Мырзабеков, Шөмішбай Сариев құрметті қонақ болып келген еді. Кеңшілік пен Шөмішбай қайтар жолда Арқалықтағы біздің үйге соққан. Жолсоқты болған ба, Кеңкеңнің көңіл-күйі болыңқырамады. Қарсы алған маған разы болған күйі ме, біраздан кейін шабыты келіп «Жұмат, мен лирика жазам ғой, бірақ Сыр­ағаңдай жазу қайда, мен баллада жазам ғой, бірақ Қайнекейдей жазу қайда! Қазір саған арнап «Көртоғай» деген өлеңімді оқып берем» деді. Сосын:

«…Қар жауды, міне, айтары жоқ-ау,

Айнала аппақ көз нұрын алған.

Екі үш үйдің бір көгеніміз,

Бар сияқты еді-ау бір қызығымыз.

Бір қызығымыз, бір көреріміз,

Әттең-ай, әттең, ерте кеп көктем,

Ажырап кетті төбелеріміз…» – деген жолдарды оқыды. Екеуміз бір-бірімізбен риясыз құшақтастық. Оған Шөмішбай да қосылып жатыр. Мен оларға Кең ақынның есімі елге белгілі кейіпкері Хайролланың лентаға жазылған термелерін тыңдаттым. Кеңшілік пен Шөкең шабыттанып, біраз қопаңдап қалды. Сонда Шөмішбай Кеңшіліктің «Хайролла термешіге арналған «Қырман басында» атты жырды жатқа оқи жөнелсін:

«Кешке жақын,

Дала салқын, Хайролла бар-тын,

Хайролла қара нар-тын…» – деген өлеңін біз студент кезімізде жатқа оқитын едік», – де­ді ол. Шөкеңнің сөзінің шындығы бар еді, 60-жылдардың ортасында жарыққа шығып үлгерген бұл өлең сол кездегі әдебиетке ғашық жандардың жаттап жүріп айтатын жыры-тұғын. Бұл өлеңде біздің көңілімізге жақын, жүрегімізді толқытатын таныс суреттің жарқын образы бар еді. 55-жылдардағы қырман, Хайролла күзетші, жарты құрсақ аш, дәннің иісі қырманға тартқан жас бала, өлеңдегі осылардың жан тебірентер бейнесі көз алдыңнан кетер ме!

«Кеңшілік поэзиясының артықшы­лығы неде?» деген сұрақ туа қалған жағдайда ол ешкімге ұқсамайтын, өзіндік нақышты көркем стилі бар, лирика жанрында да, баллада, поэма жанрларында да «тұяғына шаң ілдірмес тұлпар» еді десек, қателеспейміз. Қазақ поэзиясында баллада жанрының не­гізін қалаушылардың бірі – ақын Қайнекей Жармағанбетов. Одан ке­йін де бұл жанрды дамытуға үлес қосқандар болды. Ал Кеңшілік Мырзабековтің балладаларындай кесек, көркем дүниені кездестіру қиын. Оларды қалай оқысаң да бауырыңды езілтіп, жаныңды толқытады. Себебі, Кең ақынның өлең­дерінен Сарыарқа жусанының иісіндей, текемет оюларындай қазақы иін жүрегімізді баурап алады. Солардың ішіндегі «Ақкөйлек», «Көшу», «Боз бие», «Жолда» тәрізді көптеген балладасы асылдың жамбысы тәрізді өрнегі бөлек шығармалар еді. Бұл балладаларға кезінде талай мақтаулар айтылған, солай десек те, «Төлеутайдың төрт қызы» атты балла­да бір отбасының ғұмырлық драмасын шынайы сипаттаған үлкен полотно тәрізді. Бұл балладаның басты ерекшелігі, оқырман сол отбасында болып жатқан оқиғалардың ортасында бірге жүргендей, солардың күйігі мен қуанышына ортақтасқандай әсер алады. Балладада Төлеутайдың бір қызы күйеуге қашып кеткенін жұрт өсек қылады ғой. Сондағы Төлеу­тайдың күйі:

«…Жай түскендей Төкең сонда үйіне

Қамшыны алып, кемпіріне үйіре

Қараң батқыр, батыр қараларыңды

Деді ол алғаш қыздарына күйіне.

Құс мылтығын керегеге асулы,

Ала ұмтылды». Кім, кім мені басынды…

Сүйегіме таңба салған екенсің,

Жалғыз оқпен жоқ етейін басыңды!..». Сол Төлеутайдың келер жылғы күйі:

«Келер жылы күйеуімен келді Ұлдай,

Қолдарында ұлдары бар балғындай.

«Сүйегіне таңба салған» қызының

Сүйіп ұлын Төкең мейірін қандырды-ай!..».

Бұл балладада өмір драмасы, керемет қазақи тіл, образ – бәрі бар!

Сол сияқты «Көшу» атты баллада осындай шығармашылық биікте тұрған дүние.

Боз ала таңда тары тиеген өгіз арбада кіш­кентай бала мен жеңгесі:

«Жеңешем желең отыр, белін түйіп,

Өткен жел өңменінен өңін сүйіп.

Ойлаймын «Қайран ағам қосылған-ау,

Қалтқысыз көңіл қосып, теңін сүйіп…». Бір керемет пәк сурет, пәк сезім.

Осы бір әдемі таңның шырқын салт атпен келген бригадир бұзады:

« …Әй, бала, ештеме жоқ жасқанатын,

Сенен кем бе басқа ұл, басқа қатын.

Бар, күркеңді тіге бер, қосқа апарып,

Сендейінде жігіттер тас жаратын…» – дейді де, әлгі бригадир жас баланы өгіз арбамен фер­маға жалғыз өзін жібереді:

«…Жан-жағымда иен қыр, дала жатыр,

Жеңгем маған жәудіреп қарады ақыр.

Ала өгізді атты адам жетекке алып,

Ессіз жатқан қыстауға бара жатыр».

Осыдан кейін бригадирмен кетіп бара жатқан жеңгесін қимай фермаға жалғыз кетіп бара жатқан баланың өксігін, иесіз қыстауға бет алған бригадир мен келіншекті елестетсеңіз, сіздің де көңіліңіз құлазып сала берер еді.

«Жолда» атты балладаның да тарихы терең. Бұл балладаны Кеңшілік жиырмадан жаңа асқан кезінде жазды. Бұл баллада өгіз арба мен баланың жолдағы оқиғасына арналған. Балладаны биікке көтеріп тұрған қазақы көркем тілі мен ақынның суреткерлік шеберлігі. Бұл «Жолда» атты балладаны Кең ақын 1971 жылы Лениннің туған күніне арналған жыр кешінде оқығаны да бір тарихи оқиға еді.

Басқа ақындар көсемге арналған өлеңдерін оқып жатқанда Кеңшіліктің өгіз туралы өлең оқуы, былай қарағанда, ақылға сыймайтын оқиға сияқты. Бұл оның ерек мінезділігінен еді.

1987 жылы Кең ақын «Мәдениет және тұр­мыс» журналының тапсырмасымен Арқалық қаласына келді. Қолында «Көкшетау правдасы» деген газеттің бір нөмірі бар еді. Сонда Кең­­­кеңнің «Біржан сал. Қоянды жәрмеңкесі» атты дастаны шыққан екен.

Кешке біздің үйде қонып, ертеңіне обкомға барды. Ол кезде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Көкшетаудан келген Қуа­­нышев деген кісі еді. Кең ақын соның қабылдауына кірді. Шыққаннан кейін сұраймын ғой: «Қалай болды?» – деп. «Біраз отырып әңгімелестік, дас­танымды көрсеттім, мақтады» деді. Бірақ бұл әңгімеге көп тоқталмады, шамасы, обком басшысымен кездесу ойындағыдай болмаған. Мәселе обком хатшысының шығармашылыққа көзқарасында емес, әңгіме сол кезеңде да­ры­ны бөлек ақынның «Біржан сал. Қоянды жәр­меңкесі», «ФЗО-ға кеткен жеңешем», «Иман­жүсіп» дастандары тәрізді асыл да кесек дүниелерді қазақ поэзиясының төріне шығаруы еді. Аталмыш поэмалар тумысынан дара ақын Кеңшілік Мырзабековтің қазақы айшықты, көркем тілмен кестелеген, түйіндеген, сомдаған ұлы ескерткіші тәрізді.

Жұмат ƏНЕСҰЛЫ,

журналист, əдебиеттанушы

egemen.kz

Мынаны да қараңыз

Тәлімі терең тұлға

Көне көздердің кейінгілерге қалдырған әпсаналарына сүйенсек, менің балалық шағым өткен ауылдың аты кезінде Кенесары ханның ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *