Бүкіләлемдік экономикалық форум сайтында түрлі елдердегі туризмнің бәсекеге қабілеттілігі рейтингі жарияланды. Қазақстан аталған рейтингте жоғары позициялар иеленген, деп хабарлайды Baq.kz.
«Гигиена және денсаулық» рейтингінде Қазақстан Германия, Литва, Австрия, Бельгия және Ресейден кейін 6-орында тұр. Бұл тізімді әзірлеу кезінде ел халқына шаққандағы дәрігерлердің саны, медициналық қызметтер, ауыз суға қолжетімділік, ауруханаларда төсек-орындармен қамту, ВИЧ пен безгектің таралуы секілді параметрлер ескерілді.
Ал «Адам ресурстары мен еңбек нарығы» рейтингінде Қазақстан 47-сатыға тұрақтаса, ақпараттық технологиялар бойынша 52-орынға табан тіреген.
Бағаның бәсекеге қабілеттілігі жағынан еліміз алғашқы ондықтың ішінде, 8-орында тұр. Рейтингтің көшін Иран, Египет, Малайзия, Алжир, Индонезия, Бутан және Йемен бастаған.
Ал экологиясы тұрақты елдер тізімінде Қазақстан 99-орынға жайғасқан, әуе көлігі инфрақұрылымы бойынша – 71, жерүсті көлігі мен порттар бойынша – 91, туристерге қызмет көрсету – 97.
Туризмнің бәсекеге қабілеттілігінің жалпы рейтингінде еліміз 2015 жылдан бері 4 позиция қосып, 81-сатыға тұрақтады.