2017 жылдың қаңтар-сәуірінде қазақстандықтар 273 млн доллар сомасында 11 мың жаңа жеңіл автокөліктерді сатып алды. Бұл туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағының баспасөз қызметінің мәліметінде айтылған деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Биылдың төрт айында ресми дилерлер 11 018 жеңіл және жеңіл коммерциялық көліктерді сатты, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға төмен. Сәуір айында 3 449 автомобиль сатылып, осы деңгей 2017 жылғы наурызға қарағанда 27 пайызға жоғарылады. Компания мәліметінде, 4 айда сатылған 7 771 көлік импортқа (70,5 пайыз) тиесілі. Сонымен бірге 3 247 сатып алушы (29,5 пайыз) өз таңдауларын қазақстандық зауыттардың өніміне берген.
Белгілі болғандай, қазақстандықтардың арасында сұранысқа ие көліктердің көшін Toyota бастап тұр, яғни биылғы төрт айда ел аумағында 2 290 жапондық көліктің маркасы саудаланды. Lada дилерлері 1 912 автомобильді өткізген көрінеді. Сондай-ақ алғашқы үштікке Renault еніп тұр, бұл маркадан 856 машина сатылған екен. Мұнымен қоса, ондыққа Ravon (774 көлік), Hyundai (673), KIA (771 ), Volkswagen (375 ), GAZ (611), UAZ (454), Nissan (403 ) еніп отыр. Модельдер арасында бірінші орында Toyota Camry тұр. Жапондық седанды 885 сатып алушы қалаған. Сұранысқа ие модельдер ішінде Lada 4×4 (605 көлік), Ravon Nexia (576 ), Toyota Rav4 (526 ) және Lada Granta (489) бар.