Қостанайда ат спорты маусымы ашылды

Қостанай облысы орталығының іргесіндегі Заречный ауылында орналасқан «Арғымақ» ипподромында 2017 жылдың ат жарысы ойындары маусымы ашылды. Онда көрермендер қыз қуу, жорға және тай жарыс, құнан бәйге, топ және аламан бәйге секілді ат спортының түрлерін қызықтады деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

 «Ат бәйгесіне тек Қостанай облысының аудандары мен қалаларынан басқа Астана қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Атырау облысынан атбегілер сәйгүліктерін үкілеп бәйгеге қосты. Ат спортының түрлері Қостанай өңірінде қазірде кеңінен тараған спорт түріне жатады. Қостанай жылқыларының тұқымы республикадағы ең жақсылардың бірі саналады. Биыл да атбегілеріміз баптаған сәйгүліктер топ жарып бәйге алады деген сенімдемін», – дейді Қостанай жылқы зауытының директоры Нәбидолла Кикебаев.

Жарыс 3 шақырымдық бәйгемен басталды. Онда Меңдіқара ауданының шабандозы Абылай Жусин тақымдаған тай мәреге бірінші болып жетсе, қалған жүлделі орындарды Астана мен Қарағандының намысын қорғаған шабондоздар Әділ Оразбеков пен Нұрдін Оразбековтер ауыздықтаған жүйріктері өзара бөлісті.

«Бүгінгі облыстық ат спорты маусымының ашылуына жергілікті жерден 50 шабондоз қатысып жатыр. Осы бәйгенің аясында Қостанайдың намысын алда болатын халықаралық жарыста қорғайтын жүйріктер анықталады. Бізге сол жарысқа әр қашықтық бойынша 2 сәйгүліктен қатыстыруға рұхсат беріп отыр», – дейді Қостанай облыстық ат спорты түрлері федерациясының вице-президенті Нұрбол Әбдірахманов.

Құнан бәйгеде Жітіқарадан келген Сера атты тұлпар, тоқ бәйгеде Ақтөбе намысын қорғаған «Сүйніш» деген сәйгүлік алдына қара салмай келді, ал аламан бәйгенің жүлдесін Жітіқара ауданының шашасына шаң жұқтырмаған Неймес атты тұлпарының жалына жармасқан шабандоз Хансұлтан Жандәулет 1 млн теңгені алып кетті.

«Мен шабондоз болғаныма көп уақыт өткен жоқ. Сондада бұл бәйге мен үшін оңай болды. Алман бәйгеде жеңіске жететініме басынан бастап сенімді болдым. Осы сенімділіктің арқасы болар, 2 қашықтықта да астымдағы сәйгүліктерім дара келді», – дейді жарыс жеңімпазы жітіқаралық Хансұлтан Жандәулет.

Ипподромның маусымдық ашылу салтанатын сауырынан су төгілмес жорғалардың жарысы қыздырды. Онда Меңдіқара ауданынан келген шабондоз Серік Смағуловтың «Қаратал» атты жорғасы мәреге дара келді.

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *