БАҚ бетінде шет тілінде балағат сөздерге тыйым салу туралы нормалар жоқ. Қазіргі кезде осындай тыйымды заңнамалық түрде салу екі заң жобасы аясында қарастырылып жатқанын айтады Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев. Бұл туралы tobyl-torgai.kz Tengrinews.kz-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Радио мен теледидарларда айтылып жатқан шет тіліндегі балағат сөздерге тыйым салу туралы ұсыныс Электронды үкімет сайтында пайда болды. «Қазақстан үш тілді білім беруге көшіп жатқан уақытта балаларды ағылшын тілінде мәдениетті сөйлеуге үйрету керек. Шетелде жүргенде радиода айтылып жатқан әннің мәтінінде былапыт сөз айтылатын жері дыбыссыз қалатынын байқадым. Ал Қазақстанда мұндай әндер толық айтылады, қоғамдық орындарда, балалар жүрген жерлерде», — деді Альмира Бейсенғалиева министрге.
Дәурен Абаев министр блогында Қазақстан Республикасының заңнамасында телерадиохабар тарату және бұқаралық ақпарат құралдарын реттейтін заңда балағат сөздердің таралуына тыйым салатын нормалар жоқтығын жазды. «Алайда мұндай нормаларды енгізу ұсыныстары «Қазақстан Республикасының мәдениет мәселелері бойынша кей заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтылулар енгізу туралы» және «Балаларды денсаулығына және дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» заң жобалары аясында қарастырылып жатыр. Аталған өзгерістер енгізілгеннен кейін министрлік бұқаралық ақпарат құралдарында балағат сөздердің таралуына жол бермеу шараларын қабылдайды», — делінген жауапта.