Қостанай облысына ресми сапармен барған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік инвесторлармен кездесу барысында газбен жүретін автокөліктердің маңыздылығына тоқталды деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Әлемдегі мұнайдың 30 пайызын автокөліктер тұтынады. Бізге де мұнайды тезірек сатып, қайта өңдеп отыру керек. Осы себепті Атырау облысында екі бірдей қуатты мұнай-химия кешенін салып жатырмыз. Оның біріншісі құны 6 миллиард доллар Қытай инвесторы салып жатқан кешен. Екіншісі — 4 миллиард долларлық. Демек, біз қолда барды өңдей білуіміз керек. Осы ретте газбен жүретін автокөліктерге ауысудың маңызы өте зор» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент, сонымен қатар, қазіргі уақытта автоөнеркәсіп саласында электромобильдер мен соған сәйкес инфрақұрылымды дамыту басым бағытқа ие екенін атап өтті.
«Бұл инновациялық кәсіпорын (қостанайлық зауыт базасында электромобильдерді құрау — авт.), жаңа тыныс — энергия қуатының баламалы көзін табу, сонымен бірге электромобильдерді құрау. Көптеген өңірлер мұндай автокөліктерге зәру. Сондықтан, осы саланы барынша дамыта білуіміз керек» деді Мемлекет басшысы.
inform.kz