Білімнің туын тіккен Троицк

Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет.
Н.Назарбаев. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан

Бүгінгі таңда білім, данышпан Абай бұдан бір ғасырдан астам бұрын айтып кеткеніндей, «дүниенің кілті» болып отыр. Сан ғасыр бойы көбіне қара күшке сеніп келген керенаулау саланың бірі – экономиканың өзі ғылымның өндіргіш қабілетіне баса ден қойып, қаражаттың көбін оқу орындарындағы зерделеу-зерттеу жұмыстарына бөле бастады. Қазіргі таңда әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің барлығы осы саясатты ұстанып отыр.

Бұл бағыт қоңсы қонған қос ел – Ресей мен Қазақстан үшін де бөтен емес. Жуырда ғана сол Ресейдің оңтүстік Орал өңірінің бас қаласы – Челябіде аяқталған қос елдің аймақаралық ынтымақтастығы 14-ші форумының негізгі тақырыбы адам капиталының дамуы болды. Осы орайда айтулы мәжіліс күн тәртібінің түйінді тармақтарының бірі білім және ғылым саласымен, яғни Елбасымыздың басқысөзге алынған мақаласында айтылатын «құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген түйінді пікірмен түйісіп жатқанын айтуға тиіспіз.

Болашаққа бағыт алған алқалы басқосу

Салиқалы жиында Қазақстан мен Ресей жағынан маңдайалды жоғары оқу орындары білім ғасырындағы іс-қимыл жобасын жасап, болашаққа қатысты бағдарларын айқындады. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекет басшылары, білім министрлері қатысқан екі ел жоғары оқу орындары ректорларының ордалы отырысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтанов және Ресейдің бірінші Президенті Б.Н. Ельцин атындағы Орал федералдық университетінің ректоры Виктор Анатольевич Кокшаров «Жасыл көпір ұрпақтан-ұрпаққа» халықаралық ғылыми-білім беру консорциумын құру туралы декларацияға қол қойды. Аталған университеттер тілге тиек етіліп отырған консорциумды басқаратын болады. Консорциум қызметі сапалы адами капиталды қалыптастыру мақсатына орай Қазақстан мен Ресей жоғары оқу орындарының қоғами әлеуетін біріктіруге бағытталмақ. Жоғары адамгершілік-этикалық және азаматтық құндылықтарды ұстанатын жаңа ұрпақ – жоғары білікті мамандар тұрақты дамудың негізгі факторы ретінде қазіргі заманғы дамудың бағыт-бағдарын анықтауға қабілетті. Қолжетімді технологияларды, жасыл экономика мен ғарышкер-ғалымдар еңбектерін қамтитын оқу бағдарламалары мен ғылыми зерттеулер Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы жетекші университеттерінің өз түлектеріне тұрақты дамудың тұшымды тұжырымдамасын ұсынуға мүмкіндік береді. Осы орайда консорциумның мақсаттары мен міндеттері және жоспарланған іс-әрекеттері оның Декларациясында көрініс тапқанын атап өтуге тиіспіз.
Декларацияға қол қою рәсімі Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың және Ресей Федерациясы Президенті В.В.Путиннің қатысуымен өтіп, тұрақты даму талаптарын қанағаттандыру жөніндегі мемлекетаралық хабардарлық деңгейіне баса назар аударылатыны атап көрсетілді. Ел басшыларының алқалы жиынға атсалысуы осы тақырыпқа халықаралық жұртшылықтың, соның ішінде шетелдік бақылаушылардың назарын аударды, сөйтіп, гуманизмнің жаһандық мұраттарына, өзара сыйластыққа, мәдени және табиғи мұраны сақтауға, сондай-ақ болашақ ұрпақтың дамуына қатысты мемлекеттік және жеке жауапкершілікті күшейту мәселесін күн тәртібіне көтерді.
Басқосуда Қазақстан мен Ресей университеттері арасында 30 шақты келісім жасалып, бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Бұл келісімдер мен мағлұмдамалар негізіне Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жасыл көпір» бастамасы негізінде өмірге келген, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Бірікен Ұлттар Ұйымының қолдауына ие болған жобасы алынды. ҚазҰУ осы жобаның арқасында БҰҰ тұрақты даму хабы болды. Осынау жамиғатқа жағымды дәйекті тілге тиек ете отырып, ректор, академик Ғалымқайыр Мұтанов: «Бүгінде адам капиталы және білім беру басты құндылық болуы қажет. Студенттер ғылымды жасап қана қоймай, оны әрі қарай дамытып, өмірге өзгеріс енгізуге тікелей септігін тигізуші адамдар. Сондықтан да біз бірыңғай білім беру кеңістігін сақтап, оның сапасын жақсартуымыз, жаңа жобаларды енгізуді жалғастыруымыз қажет. Осы тұрғыда бүгінгі кездесу өте жақсы бастама болады… Бұл білім экономикасын құруға, Қазақстан мен Ресейдің барлық жоғары оқу орындарында жасыл технологияларды дамытуға, жоғары білікті мамандар даярлауға, зерттеулер жүргізуге бағытталған маңызды жоба. Консорциум құру туралы келісім екі ел университеттерінің осы бағыттағы күш-жігерін біріздендіруге бағытталған маңызды қадам болып табылады», деп атап өтті.

«Айқап» идеясы: ғасырдан
соңғы жүздесу

Хаттамаға сәйкес Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастығы форумы қарсаңында академик Ғалым Мұтанов бастаған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және делегациясы Ресей Федерациясы Челябі облысының Троицк қаласында болды. Көне Жібек жолының тарамдары тоғысқан осынау өңірде 1911-1915 жылдары қазақтың тұңғыш журналы – «Айқап» басылған болатын. «Мағынай базары» атты жәрмеңкенің, әйгілі Зейнолла ишан медресесінің мекені, тоқсан тарау жол торабындағы Троицк қаласы қазақстандықтарды құшақ жая қарсы алды. Тобыл-Торғай өңірімен шектесіп жатқан, ауылы аралас, қойы қоралас осынау қалаға сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сенатының екі мәрте депутаты, ректор Құсайын Хасенұлы Уәлиев бастаған Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің делегациясы да келіп жетті. Құрметті меймандарды шекара бекетінде Троицк қаласы басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Елена Геннадьевна Василяускене, Троицк мешітінің имамы, мұхтасиб Аязбек хазірет, өңірдегі ағайын-туыс қарсы алды.
Троицк қаласының басшысы Александр Георгиевич Виноградовтың қабылдауында болған жоғары оқу орындары басшылары екі елдің жемісті ынтымақтастығы идеясына қолдау білдіріп, өркениеттік дамудағы Қазақстан жетістіктерін атап өтті, Ресей мен Қазақстанның 130 жоғары оқу орны тұңғыш рет қатысып отырған Челябі форумының жоғары мектептің көкейтесті сауалдарын шешудегі міндеттеріне, соның ішінде академиялық ұтқырлық пен рухани жаңғыру мәселелеріне тоқталды. Осы орайда айтулы дата – ұлы ағартушы, ақын, редактор Мұхамеджен Сералиннің туғанына 145 жыл толу мерейтойы форум мақсатымен үндестік тауып жатты. Бастауында М. Сералин тұрған, қазіргі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қайтадан өмірге әкелген «Айқап» журналы Қазақстан, Ресей және Орталық Азия елдері арасындағы рухани көпір болып табылады.
Жерлесіміз, Қостанай облысы Қарабалық ауданының тумасы, профессор Виктор Григорьевич Литовченко басқаратын Оңтүстік Орал аграрлық университетінің Ветеринарлық медицина институтын аралау кезінде меймандарға Ресейдегі ең ірі анатомиялық экспонаттар жиыны көрсетілді, бұл көрнекі құралдар соның ішінде Қазақстан мен Орталық Азиядан келген, «Ветеринария» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерді оқыту барысында қолданылады. Тарихи іргетасы ертеде қаланған аймақта білім беру саласына зор маңыз беріледі. Мұнда жыл сайын таяу және жырақ шет елдерден келген ғылым қайраткерлері бас қосатын Зейнолла хазірет Расулев оқулары өткізіліп тұрады. Сапар барысында қазақстандық оқу орындарының делегациялары бұл басқосуға ресми түрде шақырылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры сыйға тартқан ұлы ағартушы, ақын, журналист Мұхамеджен Сералиннің портретін, «Айқап» журналының тақырыптық триптихын, қазіргі «Айқап» журналының даналары мен бірқатар кітаптарды Троицк қаласының әкімшілігі, өлкетану мұражайы, диаспора өкілдері ықыласпен қабылдады. Университет делегациясының келгені туралы құлақтанған мәдени орталықтар мүшелері облыстың әр қиырынан қалаға келіп жатты. Троицк қаласының «Ақ Жайық» вокалдық тобы мен Қазақстаннан келген студенттер өнерін жиналған жұртшылық тамсана тамашалады.

Мұражай тарихтан сыр шертеді…

Еларалық сапарға аяқасты жиналып, қысқа жіп күрмеуге келмей жатқанда қол ұшын берген абзал жан Троицк қаласы өлкетану мұражайының директоры Светлана Рамазанқызы Нұрмұхаметова болды. Мұражай іргесі 1925 жылғы 13 тамызда қаланған. Қаланың әсем ғимараттарының бірі, бұрынғы Сібір банкінің жайында орналасқан мәдениет ошағында өңірді мекендеген орыс, татар, қазақ, башқұрт халықтарының тұрмыс-тіргшілігіне қатысты экспонаттар, тарихи құжаттар қойылған. Светлана Рамазанқызы бізді Троицк мешітінің жаңадан келген жас имамы, әл-Азхар университетінің түлегі, тегі орынборлық мұхтасиб Аязбек хазіретпен таныстырды, жергілікті қазақ диаспорасы өкілдерімен жылы жүздесулерге мұрындық болды. Өз кезегінде Аязбек хазірет бастамасымен делегация мүшелері Зейнолла ишан қабірінде ғұламаға құран бағыштап, көне мешітті, қазір жөнделіп жатқан бұрынғы шәкірттер тұрағын, медресені көрді.
Сапар барысында көңілге түйген жәйттің бірі – троицкілік ағайындардың өлке тарихына ден қоюы. Қаланың құқық қоғау басшыларының бірі, подполковник Талғат Әбдікеев бізге Троицк тарихына қатысты бірқатар деректер жіберген екен. Бір қызығы, олардың авторы менің торғайлық інім Амандық Әмірхамзин болып шықты (сондай-ақ Қостанай университетінен өнер көрсетуге келген өнерпаздардың бірі, домбырашы студент те Торғайдың тумасы, Кеңшілік ауылының баласы екен). Амандықтың әкесі Қорған ақсақал көненің көзі, шежіренің білгірі болатын. Енді сол «Мұнанай (Троицк) қаласының тарихы» атты мақаладан үзінділер келтіре кетейін. «…Елизавета патшайымның бұйрығымен бригадалық генерал атағы бар И.Неплюев Үй қорғаныс желісінің басты бекінісі ретінде қазақтардан қорғану мақсатында Увелька (этимологиясы Жылға, Үзелгі, Ойық атауларынан шығу мүмкін) және Үй өзендерінің қосылысында 1743 жылы Троицк мерекесі кезінде салады. Қала Орал мен Сібірдің арасын байланыстырып тұрғандықтан тез өсіп, уақыт өте келе маңыздылығы жөнінен аталған өңірдің Орынбордан кейінгі екінші қаласына айналады… Кейін Троицкіде сауда қарым-қатынастарын жасауға Абылай хан мен Шақшақ Жәнібек батыр да рұқсатын берген болатын… Жалпы, Мұнанай деген сөзді Меновой, яғни, айырбас не Меновой двормен байланыстыратынын айттық, ондай айырбас сарайлары Орынборда, Троицкіде болған, қазақтар Орынбордағы Меновой дворды да жиі пайдаланатын болған соң, онымен шатастырмас үшін Троицкінің жер аты Мағынаймен атаған дұрыс болар, негізі Мағынай деген жер аты, ол Қостанай облысының Қарабалық ауданында орналасқан, Троицкінің өзі Қазақстан шекарасынан бар болғаны 10 шақырым қашықтықта орын тепкен… Мұнанай қаласында Башкиров деген кісі болған екен… Ол баю үшін Торғай қазақтарына керек шай-пай, мата-шата сияқты заттарды керуенге салып алып, Торғай қаласы маңындағы қазақтарға келіп түседі де, оларға өз тауарларын ұсынып, көп мөлшерде мал шаруашылығы өнімдерін сатып алады… Сол дәуірдегі атақты татар саудагерлері Яушев пен Валеев қалада жәрмеңкеде өнер көрсетуге келген Қажымұқан бабамыздың өнеріне тәнті болғандығы сондай, іші дүние-мүлікке толған үй сыйлап, әйел де алып беріпті… Мұнанай – түркі жұртының білім, дін ошағы. 1866 жылы қалада 537 қазақ тұрыпты, алғашқы қазақ училищесі де осында ашылған болатын. Мысалы, Ескендір Бабажанов деген қандасымыз 1835-1838 жылдары қаладағы екінші мешіттің салынуына мұрындық болады. Дәл осы Мұнанайда 1861 жылы қазақ балаларына арналған мектеп ашылған болатын (Ыбырай Алтынсарин бастамашылығымен ашылған мектептердің бірі). Сондай-ақ 1850 жылы атақты Расулия медресесі де іргесін қалаған еді. Сондықтан жалпы түркі халықтарының тарихында, оның ішінде, әрине, қазақ мәдениеті, білімі мен дін, сауда ісі жолында Мұнанайдың алатын орны айрықша».

Торғай һәм Троицк.
Дерек пен дәйек

Газет бетінің шектеулі көлемін ескеріп, қысқа да нұсқа деректер мен дәйектерге сөз беруді жөн көрдік.
Бірінші дерек. Бұрынғы Торғай облыстық «Торғай таңы» газетінде 1994 жылғы ақпанда «Имандылық иірімдері» айдарымен жарияланған «Дәмолда Қанафия. Ол кім?» деген мақалада Торғай елінің белгілі ақсақалдары, бүгінде бақилық болған Жүсіпбек Салықұлы, Әбдуәли Досанұлы, Жәлел Қарабалин, Дәурен Сәуекенұлы, Әмірбек Қапақұлы былай деп жазады: «Тарихи Торғайдан шыққан, айттым дегені қате кетпей, атақ-даңқы бүкіл елге аңыз болып тараған Мүсіреп пен Салпыны білмейтін қазақ жоқ шығар. Осы бір әулеттің ұрпағы Қанафия әулие дін жолында бүкіл Торғайдан жалғыз шығып, Мәккә-Мәдинаға барған. Ол онда он жылдай оқып, дәмолда атағын жұрттан бұрын алған дарынды адам. Ол ұстаздан озған шәкірт болды… Қанафия Меккеде біраз жыл болып, халқы үшін қызмет етіп, перзенттік борышын өтеу үшін ұстаздарының рұқсатымен елге келген. Бұл жайды Тройцкідегі Зейнолла хазірет сол күнгі жұма намазы өтіп жатқанда біліп: «Торғайға Мәккәдан бір әулие келді, ол бізге де келеді. Соны жақсылап құрметтеп қарсы алып, ренжітпей жөнелтуге әзірленейік» деп, қаланың діни зиялы қауымына хабарлаған. Сөйтіп, дәмолла Қанафия Троицкіге барған күні бүкіл қала халқы, Зейнолла хазірет бас болып, қошаметпен қарсы алады. Мешіттегі намазға тұруға халық көп болып сыймайды…».
Екінші дерек. «Арыс» баспасынан 2013 жылы жарық көрген «Торғай елі» энциклопедиясынан: «Әлмұхаммед Оспанұлы (1886-1966) – діни қайраткер, ақын, шежіреші. Ә.Оспанұлы 1886 жылы Торғай уезі, Тосын болысының 4-ші ауылында дүниеге келеді. Ауылда мұсылманша сауат ашқан ол 1899 жылы Торғай қаласындағы қолөнер училищесіне түсіп, 1903 жылы үздік бітіреді, сол жылы осындағы 6 жылдық орыс мектебінің 4-ші сыныбына қабылданады, оны 1905 жылы бітіріп шығады да осы мектепке мұғалім болып қызметке калдырылады. 1911 жылы Тройцк қаласындағы Зейнолла хазіреттің «Расулия» медресесінс түсіп, 1916 жылы бітіреді. Уфадағы «Ғалия» медресесінен де дәріс алады… Ақын Ә.Оспанұлы артына мол мұра қалдырған. Алғашқы өлеңдері «Айқап» журналында жарияланған. 1911 жылғы басылған «Қазағыма» деген өлеңінде «Кел, қазақ, надандықтан қоштасалық, Қайрылмас қанша айтқанмен кеткен заман» деп жазады.
Үшінші дерек. «Торғай елі» энциклопедиясынан. «Файзолла Сатыбалдыұлы (1883-1959) – діни қайраткер, ақын, құранқари. Ф.Сатыбалдұлы 1883 жылы 27 қыркүйекте Торғай уезіне қарасты Батпаққара мекенінде дүниеге келеді. Әкесі-белгілі діни оқымысты Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлы. Діни білімді 1900 жылға дейін Тройцкідегі Ахон хазіреттен, Бұхара шәріптен алады…».

Тобықтай түйін

Сонымен, ұлтжанды азамат, академик Ғалымқайыр Мұтановтың тікелей қамқорлығымен Алаш идеясы алғаш көтерілген киелі жердің бірі – Троицк қаласына көптен күткен сапардан соң ғылыми қауым алдына нақты тарихи зерттеулер жүргізу жүктеліп, жеткіншек ұрпақты ұлттық идеяның қайнарларымен сусындату міндеті қойылды.
«Игі істің басына, жақсы келсін қасына» дейді халқымыз. Іләйім солай болғай!

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ кафедра меңгерушісі,
Алматы-Қостанай-Троицк-Алматы

Мақала «Экономика» ұлттық апталығы» газетінен алынды

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысы туралы қызықты 20 дерек

Қостанай облысы туралы қызықты 20 дерек. Облыс халқының саны – 864 500 адамды құрайды, бұл ...