«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» келесі жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен салынған мыңнан астам баспананы пайдалануға береді. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында аталған банк филиалының директоры Дәурен Саудабаев мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қостанай облысында жыл басынан бері аталған банк желісі бойынша 14 тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл нысандардың барлығы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында салынды. Тиісінше, барлық тұрғын үйлер банк салымшылары арасында сатылды.
«Келесі жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша қолжетімді баспана санын арттырамыз. Қостанайда жалпы аумағы 70 мың шаршы метр болатын мыңнан аса пәтердің құрылысы жоспарланған. Қазір тұтынушылар базасы көбейіп келеді. Өткен 11 айда 12 мың депозиттік келісім жасалды. Жалпы облыс бойынша 45 мың салымшымыз бар» деп мәлімдеді Д.Саудабаев.
Оның сөзінше, қазір 2 бөлмелі пәтерлерге сұраныс көп. Пәтерлердің бағасы 1 шаршы метріне 148 000- 153 000 теңге аралығында. Тағы бір артықшылық, салымшылар енді baspana.kz порталы арқылы қалаған пәтерін өздері таңдай алады.
inform.kz