Аудандық мәслихат депутаты арқалы ақын Ғафу Қайырбековтің туған қарындасы Күләш әжені құттықтап барды
Жанкелдин ауданы орталығында арқалы ақын Ғафу Қайырбековтің туған қарындасы Күләш әже тұрады. Жасы сексеннің сеңгіріне шыққан кейуана бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ардақты ана. Немере-шөберелерінің қызықтарына тоймай ғұмыр кешіп келе жаткан ол Жаратқанға шүкіршілік айтуды ұмытпайды.
Ардагерлерді ардақтау – ұрпақ парызы. Бұл – бәріміздің ортақ, абыройлы борышымыз екендігі анық. Осыны басшылыққа алатын халық қалаулылары мереке қарсаңында Күләш Қайырбекованың хал-жағдайымен танысу үшін үйіне арнайы барды.
“Нұр Отан” партиясы Жанкелдин аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Сүндетбаев пен аудандық мәслихат депутаты Гүлім Ысмағұл кейуанамен емен-жарқын әнгіме-дүкен құрып, сый-сияпаттар табыстады. Бұған балаша қуанған әжеміз аналық алғысын білдірді.
29 жасында төрт баласымен жесір қалған әжеміз ағасы Ғафудан көп қамқорлық көргенін есіне алып, ағасының адамгершілік істері, нағыз ақынға тән мінезі туралы тебірене сөз қозғады.
Тар заманның қиыншылықтарын бір адамдай сезінгенін жеткізген Күләш Қайырбекова бүгінде ата-бабаларымыз аңсап өткен тыныш та бейбіт заманды көппен бірге көргеніне тәуба айтып, Елбасына алғыс білдіреді.
№1 Токин сайлау округінің сайлаушысына гүл ұсынып, санаулы күннен соң келетін көктемнің ең жарқын мерекесі – 8 наурыз, Халықаралық әйелдер күнімен кұттықтаған депутат Гүлім Мылтықбайқызы кейуанаға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, шаңырағының тірегі болып, әрқашан балалары мен немере-шөберелерінің ортасында тек қана қуанышқа кенеліп жүре беруін тіледі.
«Кешегі Кеңес үкіметінің тұсында тылда еңбек етіп, ерлермен бірге жер жыртып, қолыңызға кетпен ұстап, шығыр тарттыңыз. Енді, міне, бейнетіңіздің зейнетін көріп, Тәуелсіз мемлекеттің куәсі болып отырсыз. Соғыстан кейінгі жылдарда туған еліңізге қызмет жасап, ел әлеуетінің артуына септігіңізді тигіздіңіз. Соның ішінде аудандық баспасөз қызметінде абыройлы қызмет атқарып, журналистика саласының дамуына белсене атсалыстыңыз. Сондықтан сіздің еңбексүйгіштік қасиетіңізді кейінгі ұрпақтарыңыз үлгі тұтсын. Шаңырағыңызға шаттық, отбасыңызға амандық, өзіңізге ұзақ ғұмыр тілеймін” деді депутат.
Тобыл-Торғай-ақпарат