Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алып, әлемдік өркениетке қол жеткізу үшін көптеген ғылым салаларында біршама өзгерістерді бастан өткерді. Әр ұлттың болашағы сол елдегі білім сапасының деңгейімен өлшенеді. Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында 10 нақты міндетті көрсетті. Соның жетінші міндетінде білім беру ісінің алға қойылар мақсаттарын айқындап берді.
Президент білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу мен жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту екендігіне тоқталды. Орта білімге қатысты жаңа мазмұндағы мақсаттардың орындалуының межесі 2021 жылы аяқталуына сәйкес педагогтардың да білім беру сапасына мән беруді алға қойды. «Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде» дейді Елбасымыз. Сонымен қатар орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп, енгізілуі, латын әліпбиіне көшуіміз және 11 сынып түлектерінің жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде өтуге көшуі – жеті рет өлшеп барып, жүзеге асқан шешімнің түйіні болып отыр. Мектеп бітіруші түлектер бәсекеге қабілетті болғаны дұрыс.
Осы мәселелердің қатарынан орын алған өзекті мәселенің бірі – орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың әдістемесін жаңа бағытта ұйымдастыру. Менің ойымша, мектепті жаңа ғана аттаған бастауыш сынып оқушысының тілді меңгеріп кетуі үшін сол тілде ауызша және жазбаша қабілетін қалыптастыру қажет. Оқушыларды шығармашылыққа баулу – мұғалімнің бірден-бір мақсаты болғаны жөн.
Қазақ тілін саналы және сапалы меңгертудің бір шарты – білім беру технологияларын ұтымды қолдану. Оқыту технологияларының нышандары Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытұлы, Қ.Жұбанов, М.Балақаев, т.б. қазақ ғалымдарының еңбектерінен бастау алады. Мәселен, Ыбырай Алтынсариннің тілдік дағдыны жетілдіру технологиясы қазақ тілі сабақтарында білім алушының тілдік дағдыларын жетілдірумен шығармашылыққа баулу әдісі кеңінен орын алатыны байқалады.
А.Байтұрсынұлының танымдық-тағылымдық технологиясы білім алушының тілін дамыту, танымын кеңейтуге жол ашады. Қ.Жұбановтың дамыта оқыту технологиясы білім алушының тұлғалық жағынан қалыптастыру мен дамыту және біліктілік деңгейіне қарай меңгерту көзделеді. М.Балақаевтың сөйлеу мәдениетін қалыптастыру технологиясы тілдік білімнің нәтижесін құзыреттілік деңгейіне көтеруді мақсат ететін қазіргі уақыт талабымен үндеседі.
Қазіргі қазақ әдіскер-ғалымдары ішінен Н.Оразақынованың «Сатылай кешенді талдау технологиясы», Р.Шаханованың «Мамандыққа бейімдеп оқыту технологиясы», Ә.Әлметованың «Сұхбаттық оқыту технологиясы,» А.Сатбекованың «Жобалай оқыту технологиясы» және Қ.Қадашеваның «Жаңғырта оқыту технологиясын» атап өтуге болады. Аталған еңбектер сабақ сапасын арттыруға, білім деңгейін жақсартуға, оқытушы шеберлігін шыңдауға таптырмас құрал. Ендігі мәселені баяндау үшін тақырыбымызға бет бұрсақ. Орыстілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың да өзіндік әдіс-тәсілі бар. Оқушының әуелі тілі жаттығуы үшін қазақ тілінің төл дыбыстарын айтылуына сай үйреткеніміз абзал. Сөздерді үйретуден бұрын әр әріптердің дыбысталуын өз ережесіне сай меңгертуіміз керек. Бұл оқушылардың дұрыс сөйлеуіне себепкер болатыны белгілі. Жаңа технологияның басты мақсаттарының бірі – баланы оқыта отырып, ой еркіндігін, ізденімпаздығын дамыту, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру.
Оқушылардың дұрыс сөйлеуі үшін оларды ең алдымен дұрыс сөйлеу үлгісіне дағдыландырғанымыз жөн. Дыбыстардан кейінгі сөзді, сөз тіркестерін дұрыс айтуға үйрету, мәтінді, өлең сөздерді айтқанда дауыстың анық болуын қадағалау, сұрақтарға жауап беру, сұрақ қоя білу мен әңгімені бастау, жалғастыру, аяқтай білу қабілетін қалыптастыру сияқты жұмыстар қатар өрбіп отырғаны абзал. Сондай-ақ берілген тапсырма бойынша монологқа да, диалогқа да қабілетті болғаны жақсы. Осындай жұмыс кең түрде жүрген тұста оқушының сөйлеу ерекшелігі күннен күнге артып отырады. Мұнда мәтіндерді көбіне оңайдан қиынға қарай өрбіткен мұғалім үшін ыңғайлы.
Әр әріптің тайға таңба басқандай жазылуынан бастап, сөздерді мағынасына сәйкес қолдануға үйрету жоғарыдағы көрсетілген әдістемелерден кейін орын алса, бұл істен жақсы нәтиже көруге болады. Бұл барлық мектепте орындалатын негізгі талаптар. Бірақ біз осы талаптарды түрлендіруіміз қажет. Ол үшін шет тілдерін үйрету барысындағы әдістерді өзімізге де қолдансақ пайда әкелмесе зиянын тигізбейді. Оқушыларға сабақ үстінде алаңсыз теорияны оқыта бергеннен нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Оларды сол меңгеріп отырған тіліне, яғни өз ана тіліне қызықтыру қажет. Аталған әдісті жүзеге асыруға бейнероликтер мен ертегілердің, жаңылтпаш пен өлең-жырдың көп көмегі тиеді. Бастауыш сыныптағы оқушылардың анимацияға құмар екені белгілі. Осы аниматорлық бейнероликтерді аудио әрі оқушыны сөйлету үшін қолданғанымыз дұрыс. Сабақ барысында орыс тіліндегі мақалдарды беріп, қазақша баламасын табуға тапсырма берсе, бұл тіл үйренуші оқушы үшін қызық әрі пайдалы іс болар еді.
Сабақ үстінде ойындардың да пайдасы бар екенін ұмытпағанымыз дұрыс. Негізі ойын технологиясының 200-ден астам түрі бар. Әр күні бағыттаушы әр қалай дайындықпын келіп, ойын технологиясын пайдаланса, оқушылардың оқуға деген қызығушылығы артады. Біз оқушыларды балл жинау үшін оқуға үйретпегеніміз дұрыс. Білімді басты орынға қоюымыз керек.
Еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылуы, бүгінгі ұрпақ бейнесімен көрінеді. «Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз» деген Елбасымыздың сөзі ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік міндетін жүктеп отыр. Дүниежүзілік озық тәжірибелерге сүйеніп, жаңа типті оқыту, яғни әр баланың табиғи қабілетін дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасай отырып, оны жан-жақты дамыту ұстаздар қауымының басты міндеті.
Анар БАЙТЕЛИЕВА,
№34 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
АЛМАТЫ
фото: tengrinews.kz