«Өлкетану» оқулығы өрендерді патриоттыққа жетелейді

Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің мектептерінде 5,6,7-сынып оқушыларына арналған «Өлкетану» оқулығы енгізілетін болады.
Астана, Алматы қалаларындағы және облыстардағы білім беру басқармаларының ұйғарымымен бекітілген тарихшы, өлкетанушы ғалымдар, әдістемеші-педагог мамандардың жұмыс тобы академик К.Байпақовтың жетекшілігімен жарты жылға жуық уақытта «Өлкетану» оқулығын әзірледі.
Жаңа оқулыққа авторлар тарапынан туып-өскен өлкенің тарихы мен әдебиеті, өнері және табиғи-географиялық ерекшеліктері туралы мағұлматтар енгізілді. Оқулықтың кәсіби деңгейде дайындалып, мазмұнының тартымдылығы мен әрленуінде «Алматыкітап баспасы» мамандары тартылған.
Мамандардың айтуларынша, алдағы уақытта оқулықтың хрестоматиясы және мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқаулықтары дайындалатын болады. Оқулықтарды шығаратын баспаны таңдау құқығы облыстық әкімдіктер мен Білім басқармаларының құзырына берілген. Ұйымдасқан ұжымның қажырлы еңбегінің арқасында баспа «Өлкетану» пәнін Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды облыстары мен Астана және Алматы қалаларына ұсынатын болады.

Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарының оқулықтарын басуға «Атамұра» баспасы атсалысуда. Баспаның жетекші редакторы Мұрат Мұқашевтың айтуынша, оқулықтың сапалы шығуы тиісті министрлік тарапынан құрылған арнайы жұмыс тобы мен «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мамандарының жіті бақылауында. Түрлі-түсті безендіріліп, мазмұны кәсіби мамандармен толықтырылған жаңа кітап жас ұрпақты отансүйгіштікке баулуға септігін тигізері сөзсіз деп санайды оқулық авторлары.

Қостанай облысы да «Өлкетану. Қостанай облысы» оқулығының нұсқасын дайындап қойыпты. Бұл оқулық нұсқада «Қостанай облысының өткені мен бүгінінен, жер-су аттары және елден шыққан ұлы тұлғалардың өмірлерінен хабар беретін бұл оқулық жоғары сынып оқушылары мен студент жастарға, сонымен қатар өлкенің тарихын білгісі келетін жандарға арналған» деп жазылған.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектептерге еніп жатқан жаңа оқулық, сөзсіз, оқушыларға керек пән. Өзі ауасымен тыныстап жатқан өлкесінің тарихымен жете танысқан әрбір шәкірт өз туған жерінің нағыз жанашыры, патриоты болатыны сөзсіз.
P.S. «Өлкетану. Қостанай облысы» оқулығының нұсқасымен «Атамұра» баспасы сайтының мына сілтемесі:  http://expert.atamura.kz/kz/books/498 арқылы танысуларыңызға болады.
Айша БЕКҚЫЗЫ

Мынаны да қараңыз

ШЕКАРАЛЫҚ АУЫЛДАР НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАУЫ ТИІС

Қостанай облыстық Қоғамдық даму басқармасының «Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт және өркендеген қоғам құндылықтарын қалыптастыру және ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *