Қостанай халықаралық әуежайы республикалық меншік тізімінен алынып тасталды. Бұл туралы Қостанай облысы Қаржы басқармасының басшысы Алма Жүсіповаға сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.
Бұл нысан осы уақытқа дейін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің балансында болып келді. Жекешелендірудің екінші кезеңінде тағы да сатылмай қалып, республикалық меншік тізімінен алынып тасталды.
«Осыған дейін әуежайдың ұшу-қону жолағы жеке мүлік ретінде коммуналдық меншікке берілген еді. Қазіргі уақытта онда республикалық трансферт есебінен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Енді «Қостанай халықаралық әуежайы» АҚ 100 пайыз акциясы республикалық меншіктен Қостанай облысының коммуналдық меншігіне берілді. Бұл процесс мемлекеттік заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асты. Заң бойынша, сатылымға қойылған нысан 3 рет өтпесе, онда коммуналдық меншікке өткізуге тура келеді» деді Алма Жүсіпова. Үкімет қаулысы бекітілгеннен кейін әуежайдың жөндеу жұмыстарына жұмсалатын қаржы облыс бюджетінен алынады. Десек те, Алма Жүсіпова әуежай АҚ ретінде пайда түсіре алатынын айтады.
Айта кетейік, халықаралық әуежай Қостанай қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 2 шақырым жерде орналасқан. Бір жыл ішіндегі рейс саны — 1700. Жеткізілетін жүк пен поштаның көлемі — 250 тоннадан астам.
Тобыл-Торғай-ақпарат