Үздік ұстаздарға 2 млн 405 мың теңгеден табыс етілді

Бүгін Астана ЭКСПО-2017 аумағында «Үздік педагог» республикалық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтіп жатыр. Іс-шара барысында 64 үздік ұстаздың әрқайсысына 2 млн 405 мың теңгеден табыс етілді деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты шарада ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаева ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

«Бүгін бәріміз үшін өте қуанышты күн. Өйткені, білім саласында жұмыс істеп жатқан мамандарға, ұстаздарға əрқашан да елдің алғысы шексіз. Бүгін сіздерді құттықтай отырып, еңбектеріңізге табыс тілеймін» деді Д.Назарбаева.

«2018 жылдың үздік педагогі» атағын тағайындау бойынша республикалық комиссияның қарауына 147 құжат, оның ішінде мектепке дейінгі және орта білім саласы мұғалімдерінен 109 құжат, техникалық және кәсіптік білім саласынан 38 құжат келіп түскен.

Биыл аудандық және қалалық турларға қатысқан ұстаздар саны өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп болған.

«Баршаңызды бүгінгі Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық — ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Халықтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқорын да ұстаз өсіріп отыр. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деген. Білім жүйесінің тірегі де, жүрегі де Сіздерсіздер!» деді Ерлан Сағадиев.
Министр өз сөзінде ұстаздар қауымы ұрпаққа білім беріп қана қоймай, жастарға болашаққа жол нұсқап, жөн көрсететінін атап өтті.

«Мен соңғы жылдары біршама жұмыс атқарылғанын айта кеткім келеді. Бірақ әлі де алар асуларымыз жетерлік. Қазір стратегия, жоспарлармен мереке иелеріне жүктеме артқым келмейді. Айтарым — осынау күрделі әрі керекті мамандықты таңдағандарыңызға көп рахмет. Мұғалімді көп адам түсіне бермеуі мүмкін. Алайда, өзіміз біршама жолды басып өтіп, балаларымыз өсіп жетілгенін көрген кезде мұғалімнің қаншалықты үлкен еңбекті еңсергенін көреміз. Мен әке, оқушы және министр ретінде сіздердің күнделікті еңбектеріңізге алғыс айтамын» деді Ерлан Сағадиев.

Конкурс қорытындысы бойынша 48 орта мектеп мұғалімі және 16 колледж оқытушысы жеңімпаз атанды.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында 64 жеңімпазға «2018 жылдың үздік педагогы» төсбелгісі, куәлік, сондай-ақ, 1000 АЕК (2 млн 405 мың теңге) сомасында сыйақы табыс етілді.

Атап өтсек, «Үздік педагог» конкурсы 2012 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді.

Жеті жыл ішінде конкурсқа 31 420 мұғалім қатысқан. Оның ішінде мектепке дейінгі және орта білім, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 368 мұғалімі жеңімпаз атанып, 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай сыйақымен жəне «Үздік педагог» төсбелгісімен марапатталған.

Қостанай облысы Лисаков қаласындағы мектеп-лицейдің физика және информатика пәнінің мұғалімі Виктор Прахнау, осы қаладағы мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Светлана Тарасова және Жангелдин ауданы Ш.Уәлиханов атындағы Торғай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлмира Сейдағалиева сынды ұстаздар жеңімпаздар қатарынан табылды.

 

фото: baq.kz

Тобыл-Торғай-ақпарат

 

Мынаны да қараңыз

«АХМЕТ ұшқан алтын ұя»: Жангелдин аудандық Тілдерді оқыту орталығы семинар өткізді

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясындағы іс-шаралар шеңберінде ұйымдастырылған «АХМЕТ ұшқан алтын ұя» өңірлік семинары ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *