Бразилиялық балалар мектептен соң тағы бір жыл оқиды

Әр елдің білім беру жүйесі әртүрлі екені белгілі. Ал Бразилиядағы замандастарымыз қалай білім алады екен? Бразилияда өзге елдер секілді мемлекеттік және жекеменшік мектептер бар. Тұрғындардың басым көпшілігі балаларын жекеменшік мектептерге береді. Олардың негізгі білім алуы міндетті және тегін. Әр қалада білім беру сапасы әртүрлі. Білім беру жүйесі мектепке дейінгі оқыту, негізгі (бастауыш) білім, орта білім және жоғары білім сатыларынан құрылған.
Білім беру сатысы
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына 4-6 жас аралығындағы балаларды қабылдайды. Балабақшада санауды, әріптерді үйретіп, зейінін ашады. Баланың икеміне қарап, арнайы курстарға, үйірмелерге бөлінеді екен. Ал негізгі, яғни бастауыш білім беру (Ensino Básico) мекемелері балаларды 7 жастан бастап қабылдайды. Оқушылар бастауыш мектепте 3 жыл білім алады. Орта білім беру (Ensino Fundamental) мекемелерінде де оқу тегін. Бұл мектеп 5-8 сыныптар аралығын қамтиды. Сабақтар күрделене түседі, көбіне практикаға бет бұрады. Бразилияның бірқатар орта мектебі техникалық бағытқа негізделген. Математика, оқу, жазу, табиғаттану, музыка және дене шынықтыру секілді пәндер оқиды. Бір қызығы, оқушылардың дені ұл болсын, қыз болсын футбол секциясына жазылады екен. Жоғары сыныптар (Ensino Médio) – 1, 2, 3-сыныптар. Біздің жүйемен жоғарғы сыныптар болып есептеледі. Бұл мектептің бір ерекшелігі түскі ас пен кітаптар тегін беріледі. Жоғары сыныпты тәмамдағаннан кейін оқушылар қорытынды емтихан тапсырады. Бұл жүйе – біздің ҰБТ секілді. Ең жоғары баға алған оқушыларға белгілі бір жоғары оқу орнында тегін білім алуға мүмкіндік беріледі. Келесі кезең Cursinho (Escola Preparatória para o Vestibular) деп аталады. Бұл сәтте барлық оқушы бір жыл университетке дайындық кезеңінен өтеді. Бұл курсты аяқтаған соң, Vestibular аталатын университетке қабылдау сынағынан өтеді.
Бағалау жүйесі

Көптеген мектеп 10 баллдық бағалау жүйесіне жүгінеді. Демек, оқушылар 0,0 мен 10,0 аралығындағы көрсеткішпен бағаланады. Бұл жүйеде 5,0 деңгейінен төмен бағаланғандар қанағаттанарлықсыз деп есептеледі. Ал кей мектептерде «А» (өте жақсы) 90-100%, «В» (жақсы) 80-89%, «С» (қанағаттанарлық) 60-79%, «D» (қанағаттанарлықсыз) 50-59%, «Е» (орташа) 0-49% деген сынды ұпаймен бағаланады.

massaget.kz

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысының ғылыми әлеуетін дамыту: Аризона университетімен кездесу

Еліміздің ғылыми әлеуетін арттырудың бірден-бір жолы – шетелдік дамыған ғылыми орталықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, өңірлерде ...