Тақырыпты бұлай «айғайлатып» қоюға ресейлік «Панорама» ақпарат агенттігінде (сатиралық басылымы) 18 қазанда жарияланған «Автора американского аналога ЕГЭ осудили за диверсию в системе образования» атты мақала себеп болды. Материал авторы агенттіктің бас редакторы Борис Гонтермахер болса керек. Жұртты екіұдай күйге түсірген жазба қазақстандық ата-аналарды да шошындырғанға ұқсайды.
Бір қызығы, дәл осы фейк материалдың сілтемесі еліміздің ата-аналарының чатында неге «қыдырып» жүр?.. Жалған ақпаратты таратқандардың көздегендері не?..
«АҚШ-та 1980 жылдары оқушылардың білімін бағалау – Мемлекеттік бірыңғай емтиханды дайындап, енгізген 76 жастағы алаяқ Инвар Джонсонның үстінен қозғалған сот процесі аяқталды» деп басталған материалды назар аударуға тұрарлық деп айта алмаймыз. Дегенмен, жалған ақпараттың жарға жығатынын да естен шығармаған абзал… Хош.
«Белгілі болғандай, Джонсон бірнеше жыл өзін білім саласының эксперті ретінде таныстырып келген, Арканзес мектебін қиындықпен бітірген. Ол өзі атына «Сапалы білімді бағалау» қауымдастығы мен «Кэпитал-Сити педагогикалық Академиясын» тіркетіп, сол арқылы өзіне дипломдар мен грамоталар алып отырған. Сөйткен Джонсон өзін эксперт ретінде бағыттап, инспекциямен бірге мектептерге барып, олардың рейтингін «жасауға» атсалысқан, БАҚ-қа пікірлер білдіріп, бірнеше кітап жазған. Джонсонның танымалдығын көрген кейбір мойындалған мамандар трендте қалу үшін оның кітабына мақтау рецензиялар жазды» деп жазады «Панорама».
Байқағанымыз, бұл жазба авторының мақсаты Ресейдің Мемлекеттік бірыңғай емтихан – тест жүйесінің беделін түсіру болса керек. Сондай-ақ бұл ақпараттың қазақстандық чаттар арқылы таралуы да көп жайттан хабар беретіндей. Фейк материалды тарату арқылы еліміздің ата-аналарын да қобалжытып, олардың Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесіне де сенімсіздік білдіруін көздесе керек.
«Джонсонның еңбектерінің бірінде жазылған бағалау жүйесі Федералды Білім министрлігінің реформалары негізінде алынды. Жылдар өте келе бұл бағалау жүйесін басқа елдер де қолдана бастады. Оның ішінде Ресей де Мемлекеттік бірыңғай емтиханды дәл осы жүйе негізінде әзірлеп, өздеріне қабылдаған болатын» делінген материалда.
Алайда ақпаратты тексеру барысында оның жалған екені, ал Инвар Джонсон деген есімді иеленген адамның жоқ екені анықталды. Америка сайттарында да мұндай ақпарат жоқтың қасы.
Ендеше, жалған ақпаратты «жалаулататындай» да еш негіз жоқ. Бұл тек «Панорама» секілді сайқымазақ, кешіріңіздер, сатиралық басылымның сандырағы һәм «маңырауы» ғана болса керек.
Десек те, үсті-үстіне «ақпараттық соғыс» жарияланып жатқан қоғамда мұндай жалған ақпараттардың кейде жарға жығып жіберетіні де бар екенін ұмытпайық…
Айша БЕКҚЫЗЫ
tobyl-torgai.kz