Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен Қостанай облысы мәслихатының кезекті сессиясы болып өтті деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, мәслихаттың кезекті сессиясында 2019-2021 жылдарға арналған облыс бюджеті қайта қаралды. Облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Жанна Шаймарданованың сөзінше, өңірде әлеуметтік салаға қомақты қаржы бөлінеді.
«Өңірде білім саласын дамытуға 2,6 млрд теңге көзделіп отыр. Бұл қаржы Қостанай қаласындағы Аэропорт, Юбилейный шағын аудандарындағы мектептердің құрылысын жалғастыруға, Аманқарағай ауылында жаңа білім ошағын салуға жұмсалады. 150 млн теңге үш нысанның күрделі жөндеуіне бағытталады. Олар: Қарабалық ауданының Боскөл орта мектебі, Қамысты ауданындағы Алтынсарин атындағы орта мектебі және Қостанай ауданындағы орта мектеп. 32,2 млн теңге Қостанайда үш жатақхананың жобалық-сметалық құжатын дайындауға, 100 млн теңге ауылдық жерлердегі оқушыларды тасымалдайтын автобустар сатып алуға, 84,7 млн теңге ЖОО техникалық және педагогикалық мамандықтарды жетілдіруге бөлінгелі отыр. Ал денсаулық сақтау саласының күрмеулі мәселелерін шешуге 2,3 млрд теңге, спорттық нысандардың құрылысын аяқтауға 100 млн теңге бағытталады», — деді Жанна Шаймарданова.
Жиында мәлім болғандай, Қостанайда тұрғын үй құрылысы қарқынын тоқтатпайды. Мәселен, Аэропорт шағын ауданында 12 несиелік баспана құрылысына 4,3 млрд, инженерлік-коммуникациялық желілер тартуға 80 млн теңге құйылады. Ал Юбилейный шағын ауданында 2,1 млрд теңгеге 4 тұрғын үй салынады. Қонай елді мекеніндегі, Қостанай ауданының «Астана-Бәйтерек» мөлтек ауданындағы және Лисаков қаласындағы тұрғын үй құрылыстарын да келер жылы аяқтау жоспарда бар.
Шалғай елді мекендерге су тарту шаруасына 7,6 млрд теңге жұмсалады. Осы қаржының көмегімен Амангелді, Есір, Аманқарағай, Торғай, Антонов, Забелов, Челгашы, Златоуст, Новоильинов елді мекендерінде ауызсу мәселесі шешілмек. Мұның сыртында, жол жөндеу жұмыстарына 917,4 млн теңге салынады.
Облыста газ тарту жұмыстарының да табысты жүзеге асып жатқаны мәлім. Бұл бағыттағы жобалар келер жылы да жалғасын тапқалы отыр. Атап айтқанда, Әулиекөл, Федоров, Некрасов, Перелески, Силантьев елді мекендерін көгілдір отынмен қамтуға 1,3 млрд теңге бөлінбек. Ал 34 млн теңгеден астам қаржы Арқалық қаласының жылу-энергетикалық орталығының, Лисаков қаласының Октябрь ауылындағы газ қазандығының жөндеу жұмыстарына бағытталады.
«Біз барлық саланы тиісті қаржымен қамтып отырмыз. Мұны барлығыңыз көріп, біліп отырсыздар. Үстіміздегі жылы да бөлінген қаражат жектілікті игерілді. Енді бюджеттік жоспарлардың сыртында, министрліктермен байланыс орнатып, тағы да қосымша қаржы тарту тетіктерін қарастыратын боламыз. Есесіне жұмыс көбейеді. Соны ескеріңіздер», — деп түйіндеді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Тобыл-Торғай-ақпарат