Биыл Қостанай облысында жергілікті маңызы бар 394 шақырым тасжол жөнделеді. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытбек Есенғұловтың айтуынша, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының желісі республикадағы ең ұзын жолдардың бірі саналады. Ол 7880 шақырымға тең. Былтыр жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары жалпы сомасы 10 млрд теңгеге күрделі және орташа жөндеуден өтті. Барлығы 335 шақырым автожол қайта жаңғыртылды.
«Елбасы тапсырмасы бойынша, 2019 жылы жергілікті маңызға ие 394 шақырым тасжол жөндеуден өтеді. Бұл мақсатта 11,6 млрд теңге жұмсау көзделген. Осы жылдан бастап жергілікті жолдарға орташа жөндеу жүргізуге басымдық берілгенін атап өту қажет. Соның арқасында неғұрлым көп аумақты қамти аламыз. Мамандармен кеңесе келе, жол жөндеу жұмыстарына «суық ресайклинг» әдісін қолданамыз. Ол біздің климаттық белдеуімізге дәлме-дәл келеді. Дымқылды жақсы көтереді» деді Бақытбек Есенғұлов.
Орташа жөндеу бойынша жобаларды қаржыландыру 50/50 үлгісімен жүзеге асырылады. Яғни, республикалық бюджет қаражаты есебінен жарты сома алынса, екінші бөлігі облыстық бюджеттен төленеді.
Еске салайық, Президент «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде 2025 жылға қарай облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 95 пайызының жай-күйі айтарлықтай жақсаратынын атап өткен еді. Сонымен қатар Елбасы өңірлік көлік инфрақұрылымының барлық нысаны, оның ішінде әуежайлар, авто және теміржол вокзалдары жаңғыртылуы тиістігін баса айтты.
Бақытбек Есенғұловтың пікірінше, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін жыл сайын облыста 500 шақырымнан кем емес автожолды жөндеу қажет. Бұған қоса, әр жылы 20 млрд теңге бөлініп отыруы тиіс.