«Киіктерді қорғау — келелі іс» дейді Марат Ермұханов

Былтыр киіктердің саны 215 100-ді құрады. Жыл сайын олардың саны 41 пайызға өсіп келеді екен.

«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК ОП Амангелді инспекторы Марат Ермұхановтың айтуынша, киік сөзінің төркіні татар тілінен алынған. 1769 жылы орыс ғалымы Петр-Симон Паллас тұяқтыларға ресми түрде осы атауды береді. Ол Орынбор губернияларына саяхат жасап жүрген кезінде жабайы ешкілерді кездестіреді. Жергілікті тұрғындар – татарлар оларды сайға деп атаған. Бетпақ дала тұрғынының латын тіліндегі ғылыми атауы – Saiga tatarica.

Табиғатты қорғау инспекторының айтуынша, киіктердің бес негізгі популяциясы бар: олардың үшеуі Қазақстанда, біреуі Ресейде (Қалмақия), біреуі Моңғолияда тіршілік етеді екен. Қазақстандағы популяциялар — Бетпақдала, Орал жəне Үстірт киіктері. Елімізде киіктердің таралу аумағы он облыс территориясын қамтиды. Жануарлардың тіршілік ету ауқымы көршілес Өзбекстан мен Ресей Федерациясының жерлеріне де созылған.

Киіктерді атып алып, мүйіздерін кесіп, оңай олжаға кенелетін браконьерлер азаймай тұрғаны белгілі. Олармен күрес қалай жүріп жатыр?Біздің бұл сұрағымызға инспектор Марат Ермұханов былай деп жауап берді:«Қазақстан мен Қытай арасында контрабандалық киік мүйізін өткізбеу жөнінде келісім бар. Шекарадағы кеденшілер киік және арқар иісін сезуге бейімделген қызметтік иттерді пайдаланады. Десе де, киік мүйіздері көп жағдайда Қырғызстан, Ресей арқылы өтеді. 2012 жылдан 2020 жылға дейін Үкіметтің киікті атуға тыйым салған Қаулысы бар. Ал көрші елдерде киік болмағасын, оларда шектеу жоқ. Қытайда бір келі мүйіздің бағасы 150 000 теңгеге бағаланады».

Марат Ермұхановтың айтуынша, негізі бұрын Моңғолия мен Франция арасында 2 миллиондай киік жортты деген дерек бар. Қазірде Еуропада киік атымен жоқ. Қытай мен Түркменияда мүлде жойылып кеткен. Киіктің Моңғолияда қазірде 3500 басы қалды. Бізде жалпы саны 215500 бас киік бар.

«Соңғы кездері дәмді еті және жанға шипа, дертке дауа болатын дәрілік шикізат – мүйізі үшін жыртқыштық жолмен қалай болса солай аулау — бұл жабайы аңның бұрын өмір сүрген көптеген ауданда жойылып кетуіне әкеп соқты. Оның мүйізінің емдік қасиетін халықтық медицина ертеден білген. Одан жень – шень немесе пантокрин тәрізді дәрілер алынады. Мұндай дәрі өкпе қабынуы, жүрек ауруы, құяң сияқты ауруларға ем есебінде қолданылған. Мал еті ауырлау тиетін науқастар киік етін жеген, өйткені киік еті — тез сіңетін жеңіл тамақ. Бірақ біз, инспекторлар табиғаттың әсем жаратылысы — киіктерді сұғанақ қолдардан қорғау үшін еңбек етіп жүрміз. Оларды қорғау — келелі іс» дейді «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК ОП Амангелді инспекторы Марат Ермұханов.

Сондай-ақ Марат Ермұханов өз сөзінде киік басының көбеюіне орай және Қостанай облысы бойынша киіктер жүретін аумақтың үлкендігіне байланысты 15 күнде инспекторлардың территорияны толық аралап шығуға үлгермейтіндерін, сол себепті «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК басшылығынан техника мен инспекторлар санын көбейтуді сұрайтындарын айтады.

Айша БЕКҚЫЗЫ

 

Мынаны да қараңыз

Арқалық қаласы, Аманкелді, Жанкелдин аудандарын дамытуға көп көңіл бөліп отырмыз — Құмар Ақсақалов

«Арқалықта самолет ұшады», «Торғайға газ келеді». «Арқалық институты университетке айналады». Бұл жағымды жаңалықтарды арқалықтықтар қалаға ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *