Қостанай облысында ірі машина жасау кластерін қалыптастыру бойынша ауқымды жоба іске қосылады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің онлайн отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті деп хабарлайды tobyl-torgai.kz.
Оның айтуынша, елімізде өнеркәсіп салалары ішінде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда машина жасау саласы жақсы нәтиже көрсеткен. Машина жасау саласы 16,3 пайызға артса, автомобиль құрастыру саласы 51,8 пайыздық өсіммен саланың драйвері болып қала бермек. Биыл елде 45 мыңнан астам автокөлік шығарылды.
Сондай-ақ ол биыл индустрияландыру картасы аясында осы саланы одан әрі дамытуға арналған бірқатар жобаның жүзеге асырылатынын атап өтті.
Қостанай облысында ірі машина жасау кластерін қалыптастыру бойынша ауқымды жоба іске қосылады. Онда ауыл шаруашылығы техникасы мен автомобильдерге арналған компоненттер шығарылады. Ауданы 38 мың шаршы метр болатын өндірістік кешен биыл желтоқсан айында іске қосылып, келесі көктемде жобалық қуаттылығына шығады, — деді министр.
Қостанай қаласының өнеркәсіптік аймағында «КамАЗ» қозғалтқыштарына құрамдас бөлшектерін құю өндірісі жолға қойылады. Қазіргі уақытта тиісті инвестициялық келісімге қол қоюға дайындалып, қыркүйек айында құрылысты бастау жоспарлануда.
Өндірілетін өнімнің 95 пайызы экспортқа бағдарланып, Ресей, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, сондай-ақ Daimler неміс концернін қамтитын жаһандық құн жасау тізбегіне кіретін болады, — деді Атамқұлов.