Алтын қолды абзал адам

Марат аға!
Бұл сәби күннен санада сақталған, жүректе жатталған, аса құрметпен аталар есім еді. Марат ағаның отпускіге келуі – Көкалат үшін тосын мереке іспетті еді. Елдің бәрі сыйлы мейманды қонаққа шақыруға кезекке тұрар еді. Апам әулеттің қыздарының ауылдағы үлкені болғасын, алдыңғы кезек біздің үйге тиер еді. Сол күні тәтелерім үйдің кішкентайы мені жуындырып, киіндіріп, жұтындырып қояр еді. Әдетте өзіне меншіктеп, нағашыларыма жақындатпайтын, «түсімде Ленинді көрдім» десем құдайы үлестіретін әжем марқұм «Марат ағаңа сәлем бересің, кетіп қалма» деп, қадірменді кісінің қолын алғанымды жақсы ырымға балап, жаны қалмас еді. Кеш түсе Алдан апам бастаған Марат, Жанат нағашыларымның төбесі көрінгеннен, әжем «ал, бар, нағашыңа сәлем бер» деп жүгіртіп жіберер еді… Аққұба, нұрлы жүзді, еңселі, биік бойлы дәрігердің мойнына барып асылар едік. Ол мойнына мінгізген қалпы келіп әжеме сәлем берер еді. Дастархан үстінде әжем маған «тақпақ» айтқызатын.
«Қоян құлақ, қос құлақ,
Қорыққаныңды қайтейін» деп басталатын тақпақтың соңы анайы болып кетеді екен. Оны бағамдар мен бе, әжемнің үйреткені заң ғой. Қонақтар ду еткен кезде Марат аға «апам төменгі жақтан үйрете берген екен» деп жымиып күлетін…
Қазақстанның білікті хирургтарының бірі Марат Әбеуов туралы Мұхарбек ағам «қандауырына бақ қонған» деп тамаша айтыпты. Маған ол кісі Қыдыр қонған жан сияқты көрінеді. Облыс «адам болмайды» деп жіберген талай науқас Қарағандыға барып, ел қатарына қосылып кеткеніне талай куә болдық. Соның бірі туған ағам Қорғанбек. Жиырмадан асқан шағында белі ауырып, төсекке таңылып қалған еді. Марат ағаға барып, алты ай ем алып, аттай шауып кетті. Содан бері ауыр жұмыста, денсаулығына сын айтқан емес… 2008 жылы әкемнің соқыршегі жарылып кетіпті. Өмірі дәрігер алдын көрмеген, инеден қорқатын жан білдіртпей сегіз күн жүре берген екен. Іштің бәріне ірің толып кетіпті. Сол кезде Қарағандыда жүрген еді. Аяқ астынан ауруханаға түсіп, бірден ота жасалды. Ішегі алты жерден жалғанып, ажал аузынан аман қалып, ортамызға қайта оралды. Алты ай тауық сорпасын ішу керек деген талапты тыңдамаған әкем бір айдан соң май асап, қымызын сіміріп кетті. Денсаулығы қайтіп мазалаған емес. «Бірінші Құдай, екінші Мараттың арқасы деп отырады» әлі күнге. Мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болатын шығар.
2014 жылы Кейкінің тойында шамалы уақыт нағашымның қасына еріп жүрдім. Бұйражал (қателеспесем» атты жүйрікті сыйлас азаматтар Марат ағаға атапты. Енді соны еліне әкеп қосқалы тұр екен…
— Әй, байқаңдар, мені түгел Торғай таниды. Мынау ат менің атыма сын келтірмейтін болсын, — деді Ол атсейістерге. Жәй ғана айтылса да бұйрықтай естілді.
Бәйге басталғаннан көзім Бұйражалда болды. Салғаннан қалың шоғырдың ішінде жүрген жүйрік, соңғы айналымда суырылып шығып, жарты шақырым алда, дара кетіп ба жатқан атты әп-сәтте басып озып, жұлдыздай ағып өте шықты. Тіпті адам сенбестін оқиға. Көз ілесіп үлгірмеді. Жүйріктің алапат шабысына риза болған он мыңдаған халық орнынан өре түрегеліп қол соқты. Бас бәйге Марат Әбеуовке бұйырды! Маған сонда Марат ағаның бір ауыз сөзі Бұйражалға қанат бітіргендей көрінді. Кейкінің тойындағы бәйге әлі күнге аңыз болып ел аузында жүр.
2018 жылы Қостанайда елге сыйлы ақсақал Кәкімжан әкеміздің 80 жылдығы өтті. Қарағандыдан Марат аға да келді. Тойдан соң нағашым біздің үйге соқты.
— Осындай тойды сен де жаса, жезде, — деді ол әкеме қарап. Сосын бізге бұрылып: — әкелеріңнің тойын міндетті түрде өткізіңдер. Ол да өмірдің бір нығметі. Кімнен кемсіңдер? Мен айтты дерсің, керемет өтеді, — деді нығарлап. Кетерінде апамды құшақтап, «біздің бауырмалдығымызға ештеңе жетпейді ғой» деп тебіренгені жадымда қалыпты. Әкеміздің 80 жасы нағашым сенген деңгейде өтті-ау деп ойлаймын.
Аты шыққан азаматтар елге көбіне алу үшін келеді ғой. Ал, Марат аға елге беру үшін келеді. Талапты жастарға қаржылай да, рухани да демеуін жасап, туған жерінен байланысын бір үзген емес. Бегзат болмысты азамат, қолы алтын дәрігер бүгін 63 жасқа толып жатыр екен. Өмір жолын, жеткен жетістігін Мұхарбек ағам жақсы жеткізіпті.
Марат ағаның есімі бала күннен жүрек төрінде еді. Есейіп, сөзін тыңдайтын жасқа келгенде, елдің оны бекер құрметтемейтінін түйсіндім. Ол дәрігер ғана емес, әдебиет, тарихтың білгірі, шежіреші. Артық сөзі жоқ, аузы дуалы, жүрегі кең, қолы шипалы дәрігерді тек медицина мамандары ғана емес, зиялы қауым да қадірлейді. Өз саласында әлемдегі мақтаулы мамандардың бірі. Басқасын айтпағанда ТМД-ның «Даңқ», Ұлыбританияның «Виктория патшайым» ордендерін алуы – сол сөзіміздің дәлелі.
Ақ халатты, ақ жүректі абзал жан жүз жасасын деймін! Бұл елдің де тілегі!
Бұл кісіні енді нағашыларым өз орталарында президент санайды, апамның бауырларына «Президенттеріңнің туған күні құтты болсын» деймін!
Абылай МАУДАНОВ
Фейсбук парақшасынан

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысының ғылыми әлеуетін дамыту: Аризона университетімен кездесу

Еліміздің ғылыми әлеуетін арттырудың бірден-бір жолы – шетелдік дамыған ғылыми орталықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, өңірлерде ...