Қатыш дөңі

АЗАПТЫ КҮНДЕРДЕН ҚАЛҒАН ІЗ

17-жылдың кезі еді, Патша құлаған. Уақытша өкіметтің құзыры жүріп тұрған кез. Елдің солтүстігінде де, оңтүстігінде де көтерілістер болып, ел аласпыран кезді басынан өткеріп жатқан-ды. Қаратауды жайлаған қоңыраттардың арасынан шыққан Қабақан есімді кісі аңшылықпен өмірі өткесін «Қапқан» атанып кеткен.

Сол Қабекең ер жеткен ұлы Садақбайды, қызы Хадишаны, сосын он бес шақты жақын туысын ертіп, елден бөлініп, Қордай жақтағы Тереңөзек деген шағын көлді мекен еткеніне де бір жылдай болып қалған. Тереңөзектің маңы қалың қарағай, адам өтетін жер шамалы, өзекке келетін бір ғана жалғыз аяқ жол бар. Қапқан аңшы адам аяғы баса бермейтін қуысты мекен етіп отырғанымен, тауға шыққанда, бір шама елдің анда-санда Қордай асып бара жатқанын байқап жүр. Кезіккен біреуінен сұрағанда «Үрімші жаққа бет алып бара жатқанын» айтатын. Бірде Қабекең мен Садақбай тау ешкісін аулап жүріп, қалың ағаштың ішінде бір атты орыс солдатының өлігіне кездесті, винтовкасы мен маузері бар екен. Бұлар соны олжа деп алды. Сосын әкесі мен баласы Қордай жаққа тау үстінен барып, шолу жасап қайтқан. Бесін кезі болатын. Тараз жақтан болуы керек, елу шақты түйеге жүк артқан қазақ көші Қордай тұсынан өтіп бара жатқан. Көзді ашып-жұмғанша болмай, Қордайдың тұсындағы төбеге орнатылған пулеметтен тізбек тізбегімен оқ атылып, әлгі көшті түгел қырып тастады..(Әрине, көшті қырып салғандар қызыл жағы ма, әлде ақтар жағы ма, ол да белгісіз болып қалған).

Қапан аңшы мен Садақбайдың зәресі ұшып, келген жағындағы тау-тастың арасымен Тереңөзекке қарай ғайып болды.

Тереңөзекке бір күні жалғыз аяқ жолмен елу шақты шинелді орыс солдаттары келді. Бәрі атты, бір түйеге артқан пулеметі бар. Олар Қабекеңнің ауылына қосылмай, көлдің бір шетінде түнеп шықты. Сосын солдаттардың ақ елтірі бөрік киген, бір көзін қара былғарымен жауып алған бастығы Қапанды шақырып алып, «бұл жерде неге отырғандығын және Қордай бұл жерден алыс па, Қытай жаққа өтуге бола ма?» деп сұрады. Қапан орысша білмейтінін, өздерінің бұл жерде малы жоқ, кедей екенін, таудан аң аулап, күн көретінін айтып еді, солдаттардың арасында татар жігіті бар екен, содаттардың бастығы мен Қапанның сөзін сол аударып отырды. Ақ бөрік киген, бір көзін қара қайыспен таңған бастық төмен қарап, біраз ойланып отырды да, «Ертең ертемен Қордай жаққа жолға шығамыз, сен жолбасшы боласың, бүкіл ауылыңды ертіп аласың» деп, өз қостарына кетті.

Таң сібір беріп, жаңа атып келе жатқан. Садақбай он алты жастағы қарындасы Хадишаны түйенің қомындағы үлкен қоржынға отырғызды. Қоржыннан Хадишаның басы да көрінбейді. Қоржынның түбінде анада ағасы тауып әкелген жиырма оғымен маузер жатыр. Хадиша жастайынан мылтық атып, аң аулап көрген. Сонымен, бірер сағаттан кейін Қабакеңнің көші жүруге дайын болды. Сол кезде ақ бөрікті, жалғыз көзді ақтардың бастығы келді де «дайынсыңдар ма» деп сұрады. Қабекең басын изеді. Ақ бөрікті, жалғыз көзді командир белінен маузерін суырып алып, Қапан аңшыны басынан көздеп атып салды. Иіріліп тұрған жұрт жылап, айнала даңғаза болды. Жалғыз көзді командир «Керек болса, қазір бәріңді атып тастаймын!» деп ақырды. Жұрттың дауысы басылғандай болған кезде, командир «Қордайға бізді сен бастап апарасың» деген. Сонымен ақтың елу шақты отряды да, Садақбайдың көші де Қордайға қарай қозғалды. Ақтың отряды жүз елу-екі жүз метрдей алда келе жатқан. Қордайға шамамен бес шақырымдай қалған. Ақ отрядтың алдында келе жатқан жалғыз көзді командир бір сәтте кілт бұрылып, қазақ көшінің алдында келе жатқан Садақбайды көздеп атып жіберді. Садақбай жерге сылқ ете қалды. Осының бәрін қоржынның тесігінен көріп келе жатқан хадиша түйе жетектеп келе жатқан інісіне жерде жатқан Садақбайдың винтовкасымен патрондарын әкеп беруді сұрады. Түйеші жігіт еңбектеп барып, винтовкамен патрондарды Хадишаға әкеп берді. Хадиша мерген болатын. Садақбайды атқан жалғыз көзді командир енді ештеңеге алаңдамай, аяң желіске салып Қордайды бет алып бара жатқан. Іші ызаға толы Хадиша винтовканы иығына қондырып, сар желіспен кетіп бара жатқан ақ бөрікті, жалғыз көзді командирді жүрегінен көздеп, шүріппені басып жіберді. Командир мұрттай ұшып түсті. Ақ солдаттар әуелі не болғанын түсінбей қалды, сөйтсе, арттан атып жатыр екен. Енді қырық шақты ақтар солдаты қазақ көшіне қарай қылыштарын жалаңдатып шапты. Олар Хадишаның түйесіне екі жүз метрдей жақындағанда, Хадиша он рет атып, он солдатты тоңқалаң асырды…

Хадиша енді маузерді қолына алды, атуын біледі. Солдаттардың он бес шақтысы бұған жүз елу метрдей жақындап қалған. Хадиша маузермен он рет атып, он аттыны төңкеріп тастады. Ақтардың қалғандары енді састы. Кейін шегініп аман қалуға тырысты. Олар бір кезде алыстап, көз ұшында кетіп бара жатты.

Хадиша он алты жастағы бала, қатты шаршаған, әрі жауларынан құтылған сияқты… Кетіп бара жатқан ақтар отрядының қалдығына ұзақ қарап отырып, көзі ілініп кетіпті. Бір кезде әлдебіреудің  дөрекі (орыс) дауысынан оянды, қараса қара бөрік киген мұртты казак бұған винтовка кезеп төніп тұр екен. «Аха, живая, киргизка!» деді де винтовкасының шүріппесін басып қалды. Хадишаның көз алды қарайып кетті, ол енді қайтып көзін ашып, жарық дүниені, көк аспанды көре алмады. Аңшылардың көшіне шабуыл жасаған солдаттардың шуы басылғанынына да біраз уақыт өткен.  Бір кезде Хадиша отырған түйенің үстінен винтовканың дүңк еткен дыбысы естілді. Түйеге жегілген арба бар еді, соның астында Садақбайдың туысы  Қолмерген өлген адам құсап жатқан. Сол мылтық дауысы ойда жоқ жерде шыққасын, басын көтеріп қараса, түйенің екінші қоржынының үстінде қара сеңсеңді солдат Хадиша отырған қоржынға винтовка кезеніп тұр екен. Сол ақ екен, винтовканың атылған дауысы естілді. Қолмерген де аңшы болатын, бірақ, аңдарды қонышындағы қара пышағымен атып жығушы еді. Анау солдаттың Хадишаны атқанын көріп, орнынан атып тұрды да, қонышынан қара пышағын суырып алып, солдатқа қарай зу еткізді. Қара пышақ солдаттың ту арқасынан барып қадалған екен, солдат түйенің үстінен сылқ етіп, жерге құлады. Сөйтіп, Қапқан аңшының көші мен ақтар отрядының шайқасы осындай трагедиямен аяқталып еді.

Атыс шабыс кезінде әр жерге қашып, тығылып қалған Қапқан аңшының оншақты туысы бірер күнде жиналып, Қапқан аңшының, Садақбай аңшының, әкесі мен ағасы үшін кек ала білген Хадиша баланың басына бейіт көтеріп, үлкен белгі соққан. Басына «Қоңырат батырлары Қапқан, Садақбай аңшыға, Хадиша батырға ескерткіш» деп ескіше сөз жаздырған. Сол кезден бұл бейіт «Хадиша бейіті» деп аталып кеткен. Кейін 37-жылдары ел мұны «Қатыш дөңі» деп атап жүрген.

39-жылдар шамасы. Осы «Қатыш дөңі» деп аталатын жерге Үрімші жақтан келе жатқан екі жолаушы дөңнің көлеңкесіне тоқтап, аздап дем алып алмақ болады. Екеуінің үстіне кигені тәжіктің ала шапаны. Бірақ, бұлар баяғы осы жердегі үлкен шайқаста аман қалған жігіттер екен. Екінші жігіт алғашқысынан кішілеу екен:

— Аға, бұл бұрын «Хадиша бейіті» деп аталатын еді, қазір жұрт мұны неге «Қатыш дөңі» деп атайды?, — деп сұрады.

— Қалқам ау, күн сайын заман өзгеріп жатыр. Бұл жерден сан мың адам өтіп жатыр. Олар бұл бейіттің тарихын қайдан білсін?.. Білсек, көзбен көрген біз білеміз. Қайран, қапыда кеткен туыстарым ай!, — деп, Қапқан аңшының, Садақбай аңшының аруағына, ондаған жауынан кек алған Хадиша батырдың аруағына әлгі екеу құран бағыштады.

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ,

ақын, жазушы, тарихшы, ардагер журналист

Мынаны да қараңыз

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. Парасат майданының суреткері

    (Эссе)      Алтыншы сыныпқа көшетін жылы «Жүздесу» атты жинақтан халыққа танымал болып қалған бір топ ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *