Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясында «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» атты дәстүрлі ән кеші өтіп жатыр деп хабарлайды tobyl-torgai.kz.
Кешке өңірге белгілі жыршы-термешілер, дәстүрлі әншілер қатысып жатыр. Кешті белгілі жыршы, журналист Қыдырбек Қиысхан жүргізіп отыр.
Кешке келген көрермен Тобыл-Торғай өңірінен шыққан ақын-жыршылардың әндеріне қанық болып жатыр.
Тәтіқара, Өске жыраулар, Асаубай, Досбол шешендер, Нұржан, Қанапия, Ақсұлу, Ахмет, Сейітжан, Нұрхан, Ахметқан, Мұхамеджан, Байқоныс пен кешегі Сыздық Әбілғазин, бүгінгі көзі тірі Қасымқан Алдабергеновтей дүлдүлдерден бізге жеткен әншілік-жыршылық өнердің өрісі кең.
«Қостанай өңірінде де дәстүрлі өнер кенжелеп қалмай, кеңге қанат жайып келе жатқанын дәлелдеу. Біздің өңірде де кешегі өткен жыраулардың жырын жоғары деңгейде орындайтын өнерпаздар баршылық. Кеш барысында тек өңірдің ән-жыры айтылып қоймай, өзге аймақтағы жыршылық мектептердің шығармалары орындалуда. Концерт барысында әр ән мектебі мен олардың өкілдері жайында қысқаша мәліметке толы ақпарат берілді, — дейді облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.
Айта кету керек, мұндай дәстүрлі ән кеші облыста тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.
фото: ашық дереккөз