Ұлттық спорт қауымдастығының ұсынысымен тек қана Қостанай жылқысы қатысқан жеке аламан өткізу дәстүрге айналады деп хабарлайды tobyl-torgai.kz, BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін елімізде «Алтын тұлпар» (51 км), «Аламан бәйге» (25-31 км), «Бәйге» (Топ бәйге) (16-21 км), «Құнан жарыс» (7-9 км), жорға жарысы (7-9 км) және тай бәйгесі (3-5 км) өткізіліп келген болатын. Алдағы уақытта бұл аламандардың қатарына Қостанай жылқысының бәйгесі қосылады.
Бұл ұсыныс елордада өтіп жатқан Ұлттық спорт қауымдастығының 2021 жылды қорытындылауға арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде талқыланды.
Егер атбегілер мен ұлттық спортымыздың жанашырларының қолдауын табатын болса, жыл сайын елімізде өткізілетін аламандарда Қостанай жылқысының жеке бәйгесі де өтетін болады.
Қазіргі ахуалға байланысты бәйгеге қосылатын аттардың қан құрамында Қостанай жылқысының гені 51 пайыздан асатын болса, аламанға жіберіледі. Ал әзірге Қостанай жылқысы бәйгесінің дистанциясы 21 шақырымға белгілеу ұсынылып отыр. Дегенмен, бәйгені ұйымдастырушылардың талабына сай бәйге жолының қашықтығы өзгеруі мүмкін.
Бұл ең әуелі еліміздегі бірден-бір жылқы зауытын қолдау, еліміздің зауыттық жылқысын насихаттап, тұқымы азайып бара жатқан жылқы тұқымын сақтап қалуды қолдау мақсатында жасалып отыр — дейді ұлттық спорт жанашырлары.
Естеріңізде болса оссы жылдың басында Ұлттық спорт қауымдастығы президенті Бекболат Тілеуханның бастамасымен елордада келелі жиын өтіп, Қостанай жылқысын дамыту бойынша мәселелер талқыланған болатын. Осы жиынның нәтижесінде Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың жетекшілігімен жұмыс тобы құрылып, Қостанай жылқысын дамыту бойынша жол картасы бекітілді.
фото: Ержан Жаубай