Мәулен Әшімбаев: Президентіміздің жаңа бастамалары Торғайдың дамуына тың серпін береді деп сенеміз

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Президент тапсырмасымен Торғайда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған іс-шараларға қатысты. Ол «Ұлтына ғұмырын арнаған ұлы тұлға» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді, деп хабарлады tobyl-torgai.kz.

Ахмет Байтұрсынұлы – тарихымызда айрықша орны бар бірегей тұлға. Алаш жұртының асыл перзенті халқымыздың тағдыры сынға түскен күрделі кезеңде ерекше қайраткерлік танытты. Шын мәнінде Ахаңның өмір жолы – ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі. Арыстарымыздың есімін ардақтап, ұлағатты ісін жалғастыру – халқымыздың қастерлі парызы, – делінген Президент құттықтауында.

Мәулен Әшімбаев ұлт ұстазы, аса көрнекті ғалым, ағартушы тұлға Ахмет Байтұрсынұлының саяси және рухани мұрасына кеңінен тоқталып өтті. Сондай-ақ мерейтойдың қазақ үшін қастерлі Торғай жерінде аталып өтуінің айрықша маңызына назар аударды. Ол Мемлекет басшысының ел дамуының жаңа тарихи кезеңінде өңірлерді өркендету мәселесіне баса мән беріп отырғанын, осы бағытта тиісті органдарға нақты тапсырмалар бергенін және алдағы міндеттерді нәтижелі орындау үшін Парламенттің жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.

Мемлекет басшысы жаңа және әділетті Қазақстанды құру бағдарын айқындап берді. Қазір осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Елімізде кешенді саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістер іске асырылуда. Ең басты міндет – тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын жақсарту. Ол үшін тұтас елімізді, сондай-ақ әр өңірді өркендетудің маңызы зор. Президентіміздің жаңа бастамалары қазақ үшін қастерлі мекен саналатын Торғайдың дамуына тың серпін береді деп сенеміз, – деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар ол әділетті Қазақстанды құру және өскелең ұрпақты отаншылдық рухпен тәрбиелеу жолында Торғай топырағында түлеген тұлғалардың рухани мұрасын дәріптеудің маңызды екенін де атап өтті.

Конференцияда белгілі зиялы қауым өкілдері, көрнекті қоғам қайраткерлері де сөз сөйледі. Олардың қатарында жазушы, ғалым Қойшығара Салғара, алаштанушы Ғарифолла Әнес, ахметтанушы, ақын, ғалым Серікбай Оспанов және т.б. бар.

Іс-шара барысында Ахмет Байтұрсынұлы медалімен, «Тіл жанашыры» сыйлығымен және «Жангелді ауданының құрметті азаматы» атағымен марапаттау рәсімі өтті.

Мерейтой аясында Қостанай облысының Торғай ауылында Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына арналған ескерткіш ашылды. Ашылу салтанатында Сенат спикері киелі Торғай өңірінен ұлт тарихындағы көптеген ұлы тұлғалар шыққанын, олардың қатарында Абылай ханның серігі болған шақшақ Жәнібектің, елінің ертеңі үшін атқа қонған Амангелді мен Кейкі батырлардың, халқын бірлікке, білімге, отаншылдыққа шақырған Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлының есімдері ерекше аталатынын айтты. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев қазақ үшін бұл өлкенің қасиеті бөлек екеніне және бұл әрдайым халқымыздың жадына сақталатынына назар аударды.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, Торғай өңіріне тартылатын бірқатар инвестициялық жоқ бар.

Бүгінде бізде 4,4 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін бірқатар инвестициялық жобалар бар. Облыстың оңтүстік өңірлерінде Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелді аудандарындағы сияқты жалпы сомасы шамамен 465 млрд теңгені құрайтын 35-тен астам жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Сонымен қатар әкім облыстың оңтүстік өңірі бай рухани, мәдени және тарихи мұрасының арқасында жоғары туристік әлеуетке ие екенін де атап өтті.

Еске сала кетсек, биыл Әулиекөл ауданында болған алапат орман өртінен зардап шеккен жұртпен кездескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы үшін Торғай өлкесіне арнайы баратынын айтып, жергілікті халықты бір қуантып тастаған-ды.

Ең алдымен осы апаттық жағдайды шешіп тастайық. Содан кейін амандық болса, осы қасиетті жерге тағы бір келіп, Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың рухына тағзым етіп, тойын өткіземіз, — деген еді сонда Мемлекет басшысы.

Алайда Президент келген жоқ. Сол күні Абай облысында болып, өңір жұртшылығымен кездесті, Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған ескерткішті ашты…

Фото: Мәулен Әшімбаевтың парақшасынан 

Мынаны да қараңыз

Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» ...