Қостанайда науқас ет дүкендерінің біріне барып, салмағын өлшеуге мәжбүр болған

Қостанайда тұратын Никита Журавлев есімді науқас жігіт қаладағы ет дүкендерінің біріне барып, салмағын өлшеуге мәжбүр болған. Өйткені, Қостанай қаласының емханаларында салмағы ауыр адамдарды өлшейтін таразы болмай шыққан, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.

Айта кетейік, Қостанай қаласының 2022-2024 жылдарға арналған бюджеті 20 223 810 000 теңгені құрайды.

Қостанай тұрғыны Никита Журавлев сирек кездесетін генетикалық ауруға, дәлірек айтсақ, Дюшен миопатиясына шалдыққан. Әлемде бұл ауру көбіне ұл балаларда кездеседі және бала он жастан асқан шағында жүре алмай, мүгедектер арбасына таңылады. Никита да осыдан бес жыл бұрын, он үш жасында жүре алмай қалған еді. Никита — үнемі гормоналды дәрі қабылдауға мәжбүр балалардың бірі.

Бұл жолы дәрісінің дозасын дәл жазып беру үшін дәрігер Никитаның салмағын өлшемек болған. Алайда, емханада үлкен балаларды өлшейтін таразы болмай, Никита жақын маңдағы ет сататын дүкендерге баруға мәжбүр болған. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.

Гормоналды дәрі қабылдайтындықтан, нақты дозасын білу үшін өзімнің салмағымды да нақты білуім керек. Алайда, бір мәселе бар: Қостанай қаласының ауруханалары мен емханаларында мені көтере алатындай таразы жоқ. Мына суретте мен дүкендердің бірінде ет сататын адаммен келісіп, оның ет өлшейтін таразысында отырмын. Егер ол адам болмағанда, салмағымды білмейтін едім, — деп жазады Никита Журавлев.

Ал жергілікті «Наш Костанай» басылымының жазуынша, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы шынымен де бір де бір емханада үлкен адамдарды өлшейтін таразы жоқ екенін хабарлаған.

Ауыр салмақты көтере алатын таразыны 2023 жылы сатып алу көзделген, — деп хабарлаған облыстық ДСБ.

Фото: дереккөз

Мынаны да қараңыз

Қостанайда 200 мың доллардан астам криптоактивтер табылды

ҚМА Қостанай облысы бойынша департаменті KZobmen.com, 1WM.KZ, Kazobmen.ru, WM007.KZ, KZ-EXCHANGE.COM крипто айырбастау пункттері арқылы АХҚО ...