Астанада ақын Әбжан Әбілтайдың «Сөз киесі» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтеді

Елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында 1 сәуір күні ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әбжан Әбілтайдың «Сөз киесі» атты жаңа кітабының салтанатты таныстырылымы өтеді. Астанада орналасқан «Кәусар» баспасынан жарық көрген еңбек қаламгердің 75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz.

«Сөз киесі» – автордың көпжылдық шығармашылық ізденісі мен азаматтық ұстанымының жиынтығы. Төрт бөлімнен тұратын еңбекте оның қоғамдағы сан алуан құбылыстар мен адами болмыс туралы ой-толғамдары, әр кезеңдегі өзекті мәселелерді қозғаған публицистикалық мақалалары,  түрлі басылымдарда жарық көрген жүрекжарды жазбалары мен арнаулары топтастырылған. Замандастарының ақын шығармашылығы, азаматтық келбеті туралы жазған мақалалары мен естеліктері, өлеңмен өрілген лебіздері кітаптың соңғы бөлімінде берілген.

Әбжан Әбілтай – қазақ әдебиетіне және оның көркем аударма саласына елеулі үлес қосқан ақын. Еңбек жолын аудандық газеттен бастаған ол ұзақ жылдар бойы облыстық «Торғай таңы» газетінде журналистік шеберлігін шыңдап, еліміздің танымал қаламгерлерінің қатарына қосылды. Өлең-жырлары қалың оқырманның көңілінен шығып, ел аузында «Арқаның арқалы ақыны» атанды.

Тоқсаныншы жылдардың аяғында ақын еліміздің жаңа астанасына қоныс аударып, қайта түлеген қаланың қауырт тірлігіне қызу араласты. Орталық атқарушы органдарда мемлекеттік тілді дамытуға, қазақ тілінің терминологиялық сөздігін жетілдіруге, аударма ісін алға апаруға атсалысты.

Осы жылдар ішінде оның қаламынан «Қарлығаш», «Көктем бояулары», «Жүрекжарды», «Жер басып жүрген соң…», «Дүниежалған», «Тіл мен жақ», «Жүрегімнің сүзгісі» сияқты салмақты кітаптар дүниеге келді. Жазушы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Э.Золя, Н.Гоголь, И.Бродский сияқты әлем әдебиеті классиктерінің туындыларын тәржімалап, С.Есенин, Е.Евтушенко, Р.Рождественский, А.Вознесенский, К.Насрулло, Г.Сафиева өлеңдерін қазақша сөйлетті.

Таныстырылымға есімдері елге танымал ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері мен студент жастар қатысады деп жоспарланып отыр. Кездесу барысында автордың рухты жырлары оқылып, әдебиетшілер сөз киесі, тіл өнері жайлы салиқалы ой бөлісіледі деп күтіледі. Сондай-ақ жастар қауымы аға буынның тағылымды әңгімелерін тыңдап, шығармашылық сұхбатқа куә болмақ.

Фото-коллаж: egemen.kz

 

Мынаны да қараңыз

Ибраһим АҒЫТАЙҰЛЫ: Ахаң және ел-жұрты — 3

Қайталап айтам: бұндағы Қалқаман, Баялылары Үмбетей екеніне дау жоқ. Саны жағынан анық деректелмегенмен бұл құжаттамалардағы ...