Байтұрсыновтың балалық шағы

01

Кеңес дәуірінде Алаш қайраткерлерінің есімдерін атаудың өзі қылмыс саналып келіп еді. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін халқымыз өзінің сол перзенттерімен қайта табысты. Тау сілеміндей мол мұралары оқырман қолына біртіндеп тие бастады. Соның ішінде ғалым-тілші, әдебиет зерттеуші, түрколог, дарынды ақын, аудармашы Ахмет Байтұрсынұлы туралы ақпараттық қызықты деректер көп. Бұл жолы біз оның балалық шағына тоқталып көрмекпіз.

Жаралы жүрек һәм оқуға құштарлық

Ресми деректе Ахмет Байтұрсынұлы «1873 жылы 18 қаңтарда қазіргі Қостанай облысы Торғай атырабындағы Сарытүбек деген жерде дүниеге келген» деп көрсетіліп келді. Ал, өзі 1929 жылдың 12 мамырында НКВД-ға берген түсініктемесінде «Мен 1872 жылы 5 қыркүйекте, мешін жылы тудым…» деп жазған.

Сонымен, ел арасында беделді болған Байтұрсын Шошақұлының шаңырағында туып-өскен Ахмет 1882-1884 жылдары әуелі көзіқарақты адамдардан өз үйінде хат таниды. Артынан жақын жердегі ауыл мектебінен сауат ашқан.

Кейін «Ахмет-Іңкәр» атты көлемді дастан жазған белгілі торғайлық ақын Серік Тұрғынбекұлы Ахаңның балалалық шағы туралы былай дейді: «Қалың қазақ ортасы, қаймағы бұзылмаған сахара тұрмысы бала Ахметтің сезім дүниесін тербеп, ой әлемін толқытады. Әділетсіз өмірдің улы зары оның жүрегін он үш жасында жаралаған. Менің дастанымда осының бәрі бүге-шігесіне дейін қамтылған. Оны «Егемен Қазақстан» газетінің 2013 жылдың сәуіріндегі нөмірлерінің бірінен оқуларыңа болады. Сонда Ахметтің небәрі он үш-ақ жасында үлкен тойға барып, жауырыны жерге тимеген дәу қара түйе палуанды алып ұрғаны қамтылған. Ала дөнені де сол тойдың бас бәйгесін алады. Бір қызығы, Ахаң ғашығы Іңкәрмен де алғаш рет он үш жасында кездескен ғой…».

Ақынның айтуынша, Ахметтің әкесі Байтұрсын мен оның інісі Ақтас қорлық-зорлыққа шыдамай,1885 жылы 12 қазанда ояз начальнигі, полковник Яковлевтің басын жарады. Мұның арты бар дүние-мүлікті тартып алып, Сібірге он бес жылға жер аударумен тынады. Кейін Ахметтің:

«Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп,

Бітпеген жүрегімде бар бір жарам…

Адамнан туып, адамның ісін етпей,

Ұялмай не бетіммен көрге барам?!» деп жазғаны бар. Балалық шағынан сұмдық әділетсіздіктің куәсі болған ол өлеңіндегі осы сөзін  ғұмырының соңына дейін қағида қылып ұстаған.

Иә, сол бір табиғатынан аса дарынды бала 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныптық орысша-қазақша училищеде, 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып, білімін одан әрі шыңдай түседі. Ал, мұғалім бола бастаған кезі – 1895 жылдың 1 маусымы еді. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы атырабының балаларын оқытты. Әділет үшін өмір, тіршілік күресіне ерте араласты. Жуан байларға қарсылық білдіріп, патшаның отаршылдық саясатын да айыптады. Кейін екі сыныптық мектептерде ұстаз бола жүріп, 1901 жылдан бастап өзі ізденіп, көптеген кітаптарды оқиды. Әдебиетпен айналысып, оқу құралдарын жинай түседі. Ел ішінде оқыған, еркін мінезді батыл ойшылдың атақ-беделі сол сәттерде өсе бастаған еді.

Туған жердің тынысы

Ахметтің кіндік қаны тамған Сартүбекпен Аққұм және айдынды Ақкөл қапталдасып жатыр. Бұл Ақкөл – тарих таразысынан өткен талай оқиғаның куәсі. Сонау жоңғар шапқыншылығында қалмақтар Арқа жеріне дейін еніп, осы Ақкөл, Торғай бойында қоныстаныпты. Содан Абылай хан үш жүздің басын біріктіріп, қалмақтарға қарсы соғыс ашады. Басы қосылған қазақ әскері қалмақтарды жеңіп, оларды оңтүстікке қарай ысырғанда, Абылай бастаған әскер осы Ақкөлді бойлап өткен екен. Ұлытауда Абылайды ақ киізге орап, хан көтергенде де  Кіші жүз бен Арқаның басты билері, батырлары Ақкөл асып барған. Қазақ елінің азаттығы үшін ақ патшаның  әскерімен талай айқасқан Кенесары хан да Торғай жерінде көп тұрақтай алмай, Жетісуға қарай бет алғанда әскерімен  осы  көлде бірер күн аялдапты. Ахмет Байтұрсынұлы өзінің  өлеңдері мен әндеріне де Ақкөлі мен Аққұмын арқау еткен.

Ахаң тұрған үй

Ақкөл мен Қарасу ауылының ортасында тұтас Шошақ әулетінің, оның ішінде Байтұрсын мен Қали да жерленген қорымдар бар. Бүгінде жартылай дуалдары ғана қалған кесенені 1926 жылы Ахаң келіп тұрғызып, ағасы Қалиға ас беріп кеткен дейді көнекөздер. Сол қорымнан қозы көш жерде Ахмет туып, бала кезінде тұрған үйдің орны да жататын.

Серік Тұрғынбекұлының айтуынша, Ахаңның немересі Айман Байтұрсынова бертінде атасының ауылы Ақкөлге келіп қайтыпты. Сонда ауылдастары оны бабалары Байтұрсын мен Қалидың басына апарып құран бағыштатқан. Қайтар жолда әлгі үйдің орнын көрсеткен.

«Айман апай үйдің орнына сәл қарап тұрды да, теріс бұрылып кетті. Байқасам, жылап тұр екен. Ол кісі кетерінде қоштасып тұрып: «Қарағым, байыңдаршы!» деді. «Қазақшасы аса анық емес Айман апам неге олай деді екен? Әлде, ауылдың әлі жүдеулігі жүрегін ауыртты ма?» деп ойлап жүрдім»,- депті Ахмет Байтұрсынов ұрпақтарының бірі Балғабек Қалиев.

Ал, бертінде Арқалық қаласындағы «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Елена Цвентух «Ауылым – алтын бесігім» жобасын жасаған болатын. Сол жоба бойынша жанына жастарды ертіп, Торғай даласын аралаған ол да Ахаңның ауылына келген. Ақкөлдіктермен кездескенде: «Ахмет Байтұрсыновтай ұлы адамның кіндік қаны тамған үйдің орнын көріп, жүрегім ауырды. Бұлай жата берсе, бір күні оның орнын да таппай қалмасымызға кім кепіл? Ал, оны қалпына келтіріп қойса, жас ұрпақ үшін танымдық маңызы қандай болар еді?!»,- деген еді. «Сөз – сүйектен өтеді» дегендей, Балғабек Қалиев бастаған жастар сонда ғана дереу іске кірісіп, екі айдың ішінде Ахмет атасының балалық шағы өткен үйді қайта тұрғызып қойды. Асарға ауылдың барлық тұрғыны атсалысты.

«1953-1954 жылдары ұжымшардың малын баққан кезде осы үйде қыстаған едім. Сонда ауылдың шалдары: «Бұл үйде бір үлкен аруақты адам туған. Аруағын сыйлаңдар! Үйді жақсы ұстаңдар!» деп айтып отыратын. Ол кезде Ахметтің аты анық айтылмаушы еді ғой… Ауылдың жастарына рахмет, үйді тура мен айтқандай етіп жасап шықты. Іші де, пеші де, сырты да баяғы үйден аумай қалды» дейді ауыл ақсақалы Темір Қосаев. Сол сәтте үйге ақкөлдіктер сырмақ төсеп, дөңгелек үстелге дастархан жайып, Ахаң келіндерінің бірі Қалима ауылдың сары қымызын сапырған екен.

Серік Тұрғынбекұлының «Ахмет-Іңкәр» дастанын оқып отырсақ, Ахаң он үш жасында жауырыны жерге тимеген түйе палуанды шалып жығады. Ала дөненді де – бас бәйгені сол он үш жасында алады. Ғашығы Іңкәрмен де алғаш он үш жасында кездескен екен. Әкесі мен ағайын-туыстары тағы да оның он үш жасында ұсталып, Итжеккенге айдалған. Сонда Ахаң өміріндегі бұл бірінші мүшелден қандай ой түюге болады?

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Мынаны да қараңыз

Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *