Тозығы жеткен көлік құралдарын өткізуді ынталандыру бағдарламасына қостанайлықтар белсенді қатысып жатыр. Жобаның алғашқы кезеңінде облыс бойынша 500 дана көлік қабылдау жоспарланса, бұл меже 37% артығымен орындалған. Ескірген техникасын тапсырушылар легі әлі де толастар емес.
ИЖ «Комби» маркалы «Москвичтің» зауыттан шыққанына биыл 36 жыл. Машинаны иесі жарнама арқылы сатуға талпынып көрген. Бірақ алуға ынта танытпапты. Егер мұны металл қабылдайтын жерге тапсырса, бар-жоғы 20 мың теңге ғана болар еді.
Ал ескі «Москвич» мұнда 150 мың теңгеге бағаланды. Өйткені, шанағы сау, есіктері мен дөңгелегі түгел, капоты, жүксалғыш, қозғалтқыш, беріліс қорабы, радиаторы, аккумуляторы – бәрі бар, яғни «толық жиынтық» санатына кіреді.
Александр Свиридецкий, Қостанай қаласының тұрғыны:
— Машинам жүріп тұр деген аты ғана болмаса, әбден ескірген еді. Міне, бүгін есептен шығарып, ойымдағыдан артық бағаға өткізіп тұрмын. Бағдарлама халыққа өте тиімді.
Жеңіл көліктердің шыққан жылы, маркасы маңызды емес. Мұндағы ең көне техника өткен ғасырдың алпысыншы жылдары шыққан «Волга» екен. Машиналарды өткізіп, құжаттарын реттеуге бір сағат уақыт жеткілікті.
Николай Журный, Қабылдау орнының менеджері:
— Бәрі тексеріледі. «Толық жиынтық» талабына сай келсе, 150 мың теңге, «толық емес жиынтық» санатына кіретіндер 48 мың теңгеден жоғары. Көліктердің 80%-ын иелері жүргізіп әкеледі.
Машиналарды өткізудің жолы жеңіл. Бірінші қадам – 8 8000800865 нөміріне немесе арнайы сайтқа хабарласып, қажетті мағлұматтарды алу. Және техниканы иесі өзі жеткізуге міндетті.
Вячеслав Клинковский, қабылдау орнының аға менеджері:
— Мұның қолайлы жері интернет арқылы тіркелуге болады. Бұл алыс ауылдардағы тұрғындарға, шаруа қожалықтарына тиімді. Қазіргідей ауа райы қолайсыз жағдайда алдын ала құжат тапсырып қойса болды. Техникасын өткізгеннен кейін 10-15 күн ішінде толық есеп айырысамыз.
Бағдарламаның алғашқы кезеңінде қабылдау, сақтау, күзету жұмыстары іске асса, ендігі кезекте экологиялық талаптарды сақтай отырып жоюға әзірлік басталмақ. Сығымдалған металдар Қарағандыға өңдеуге жіберіледі. Былтыр аймақта 103 млн теңге бөлініп, 687 техника сатып алынса, биыл 200 дана шамасында машина қабылдау көзделіп отыр. Одан әрі ауылшаруашылық техникаларына кезек келеді деген жоспар бар.
24.kz